Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерді таза ұстау – парызымыз

Туған жерді таза ұстау – парызымыз

Жаймашуақ көктем – табиғат-Ананың қайта түлейтін, тіршілікке жан бітіретін тамаша шағы. Жасыл желекке оранған даланың көркі адамды баурайды, жанды жадыратады. Осындай көркем мезгілде халқымыздың ежелден қалыптасқан ізгі дәстүрі – айналаны тазарту, тал егу, бұлақ көзін ашу сынды игі істерге үн қосу – бүгінгі ұрпақтың да борышы.
«Тазалық – денсаулықтың негізі», «Тазалық жоқ жерде құт-береке де жоқ» деген дана халқымыздың сөзінде терең мән жатыр. Себебі табиғат пен адамның байланысы – үзілмейтін алтын арқау. Бүгінгі күннің басты талабы – туған жердің табиғи келбетін сақтау, оны көздің қарашығындай қорғау. Көктеммен бірге келген сенбілік жұмыстары – тек тазалық шарасы ғана емес, ұрпаққа үлгі болатын азаматтық іс.
Өкінішке қарай, бүгінде табиғатты ластайтын тұрмыстық қалдықтардың саны артты. Пластикалық бөтелкелер, полиэтилен пакеттер жылдар бойы шірімей, топыраққа сіңбей табиғатты улап жатыр. Бұл – бізге берілген аманатқа немқұрайлы қараудың көрінісі. Туған жерге деген сүйіспеншілік ең алдымен тазалықтан басталады. Әр адам өз үйінің табалдырығынан бастап, көше, ауыл, қала тазалығына үлес қосуға тиіс.
Құрметті аудан жастары! Сіздер – елдің ертеңісіздер. Табиғатты аялау – сіздердің ажарларыңызды айшықтайтын көркем дүние. Көшеде шашылған қалдықты көріп, үндемей өте шықсаңыз – бей-жайлықтың белең алғаны. Ал сол қалдықты иіліп көтеріп, қоқыс жәшігіне тастасаңыз – бұл үлкен мәдениетке, өркениетке ұмтылғаныңыз. Мәдениет – адамның ішкі тәрбиесі мен ар-ожданының айнасы.
Сондықтан әрбір ісіңізден жауапкершілік сезіліп тұрса екен деймін. Өйткені сіз тастаған қоқысты ертең біреудің анасы немесе әкесі жинауы мүмкін. Қарапайым тазалықтан басталатын үлкен өнегені бойға сіңіру – ұлтқа деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Табиғат – бәріміздің ортақ үйіміз. Бұл үйдің іші де, сырты да тап-таза болуы – біздің перзенттік парызымыз.
Апта сайын өткізілетін сенбілік шаралар – осы парызды орындаудың тамаша мүмкіндігі. Сол себепті барлық аудан тұрғындарын, көше комитеттерін, жастарды, үлкенді-кішілі азаматтарды ауламызды, көшелерімізді, қоғамдық орындарды тазалап, абаттандыруға белсене қатысуға шақырамын!
Туған жерді сүйсең – тазалаудан баста!
Аманжол Жолмағамбетов,
Арал қалалық көше комитеттерінің төрағасы
09 сәуір 2025 ж. 97 0