Боздақтар қалай жазылды?

Иә, ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезең еді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Үкімет қаулысымен Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арналған көп томдық естелік кітап шығару қолға алынды. Бұл аса жауапкершілік пен тиянақтылықты, іскерлікті талап ететін жұмыс екендігі баса айтылды. Уақыт аз.
Еліміз бойынша жедел түрде облыстық, аудандық редакциялар құрылды. Мен 1992 жылдың шілде айының басында аудан әкімі Биғали Қаюповтың өкімімен «Зерде» (кейін «Боздақтар» деп аталды) кітабының Арал аудандық редакциясының редакторы болып тағайындалдым. Ақсақалымыз ғой деп ақылдасқан кезде, «бұл шаруаны осы жігіт бітіреді» деп сенім білдіріп, ұсыныс жасаған қарт журналист, қолынан әлі қаламы түспеген ардақты ағамыз Шәкірат Дәрмағанбетов еді. Ол кезде аудандық «Толқын» газетінің бөлім меңгерушілігінен келіп, аудандық «Кітап» қоғамының жауапты хатшысы болып қызмет істеп жүргеніме бір жылдай уақыт болып қалған.
Аудан әкімдігінің бірінші қабатынан бір бөлме беріп, толық жағдай жасалды. Сонымен іске кірісіп кеттік. Штатта жалғыз өзім.
Қашанда тыңнан жұмыс бастау қиын болатыны белгілі. Жүгіріс басталды. Телефонға да тыным жоқ. Аудандық баспахананың директоры Оңдасын Бектұрғановқа өтініш айтып, бірнеше мың дана есеп қағазын бастырып алдым. Аудандық әскери комиссариатқа бардым. Олар қынжылыс білдірді. Құжаттардың көбі әр жерге көшіп-қонып жүргенде жоғалған. Бірде өрт болып, сонда жанып кеткен біразы. Жалпы, дерек аз. Барын қанағат қылуға тура келді.
Облыстық әскери комиссариатқа сапар шектік. Онда да осы жағдай. Бар мәліметтер мен құжаттарды алдық. Ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен кездестік. Жекелеген адамдармен сөйлесіп, айтқандарын қағазға түсірдік. Бұл ретте ауылдық Кеңес төрағалары көп көмегін тигізді. Барлығымен тығыз байланыс орнаттық. Бәрібір де мәліметтер мардымсыз болды. Қолға түскендерін есеп қағазына жазып отырдым.
Сөйтіп жүріп Подольск қаласындағы КСРО Қорғаныс министрлігінің бас мұрағатынан Қазақстанның елшілігі арқылы құжаттар алуды жолға қойдық. Құжаттарды лек-легімен жіберіп жатты. Уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Демалыс күндері де, кезекті еңбек демалысында да. Тіпті, үйге апарып түннің біруағына дейін отыратынмын. Бұл күнделікті дағдыға айналды. Құжаттарды сұрыптау, салыстыру, тағы да басқа шаруалары бар. Ай сайын Қызылордадағы облыстық редакцияға барып жұмыс істейміз, 3-4 күн.
Құжаттағы қазақтардың аты-жөндерінің бәрі қате жазылған. Ең қиыны сол болды. Соны бәз-баяғы қалпына келтіру оңайға соқпады. Кейбірі солайынан түсініксіз. Не істейміз? Фамилияны дауыстап оқимын да, бар ынтаммен тыңдаймын. Қалай естіледі. Қандай сөзге, қандай атқа сәйкес келеді. Қайта-қайта қайталаймын. Сонан кейін барып есеп қағазына жазып қоямын. Мына қызықты қараңыз, менің сол шерімбет жобамның бәрі дұрыс шықты, бірен-сараны болмаса. Солардың бәрі орталықтағы «Тағзым» алаңының мемориалдық стелласында жазулы тұр. Бұл да, әскери комиссариаттағы, музейдегі, архивтегі тізім де осы «Боздақтар» кітабынан алынған. Кітап түрлерінде тұр.
Мен дайындаған «Боздақтар» кітабының басқа аудандардан ерекшелігі – мен мүмкіндігінше марқұмдардың туған-туысқандарын немесе балаларын көрсетіп отырдым. Әрине, бәріне емес, тек мәлімет алған адамдарымды, білетіндерімді...
Жұмыс жаңа басталған кезде жеке адамдар туысқандарына іздеу салып, өтінішпен келді. Жан-жаққа хат жазып, жақын-жуықтарына марқұмдардың талай деректерін тауып бердім. Ол кісілер әлі күнге дейін кездескен жерде алғыстарын айтады. Әлбетте, кейін бәрі кітапқа енді. Жерленген жерлеріне барып құран бағыштап, туған жерінің топырағын салып қайтқан адамдар қаншама. Қазір де барып жатыр.
Аудан тұрғындары «Боздақтар» кітабы редакциясының жұмыс істеп жатқанымен ерте құлағдар болып, байланысқа шықты. Өйткені мен жұмыс барысы туралы «Толқын» газетіне мақалалар жариялап, жергілікті радиодан жиі-жиі сөйлеп тұрдым. Содан шығар, дерек берушілердің, құжат әкелушілердің кейіннен қарасы мол болды.
Еңбек ардагерлерімен, зейнеткерлермен кездесіп тұрдым. Кейде өздері келеді. Әңгіме-дүкен құрамыз. Өз ойларын айтады. Туған ауылдарынан соғысқа аттанып, шейт болған жауынгерлердің тізімін әкелетіндер бар. Бірақ дерегі жоқ. Соларды тауып беріп қуантқан кездерім көп болды. Сондай кезде олармен бірге өзім де шаттанып қуанамын. Олар А.Халықұлов, Н.Ақбиманов, Ж.Жансүгіров, Р.Сүлейменов, Е.Яхияев, К.Келімбетов, Е.Әлниязов, С.Бердібаев, С.Қосбаулин, Н.Дәрібаев, Р.Өтешов, Е.Нажымашов, өз қатарластарым Б.Дабылов, Е.Райымбетов, Б.Сүлейменовтер болатын. Сондай жандардың бүгінде көбісі жоқ.
Бірде әңгіме үстінде аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағи Абатов ағамыз «Соғыста 4000 жауынгер қаза тауып және хабар-ошарсыз кеткен екен деді. Солай деп жүрміз» деді. «Қаншасы оралған?» «5000-дайы елге келген» деді ақсақал. «Аға, менің жобам бойынша оралмағандар саны 6000-дай болуы мүмкін. Себебі, есеп бойынша елге оралғандардан оралмағандардың саны көп» дедім. Ол кісі үндемеді. Ойланып қалды.
Айтқаным тура шықты, «Боздақтар» кітабына 6042 жауынгердің есім-деректері енді. Ал Арал ауданынан 11 мыңдай адам майданға аттанған.
Сөз реті келгенде айта кетейін, хабар-ошарсыз кетті дегендерге кейбіреулер күмәнмен қарайды. Оған күпірлік жасаудың қажеті жоқ. Мен кездесулерде, жиындарда, дастарқан басында да былай айтамын: «Қырғын шайқастарда бомба, снярад түскен жерлер қопарылып, астаң-кестеңі шығады. Сондайда жаралылардың көбі топырақ астында көміліп қалады. Ал атойлап шабуылға шыққан кезде, жауынгерлердің артқа қарауға мұршалары болмайды, тек алға ұмтылады. Оққа ұшқандарды, жаралыларды артта келе жатқан санитарлар жинастырып, құжаттарын алады. Тірілерін госпитальға жібереді. Шайқастан соң жауынгерлерді сапқа қойып, кім бар, кім жоқ екенін анықтайды. Міне, сондықтан оларды да Отан үшін шейіт кеткендер деп білуіміз керек. Неміс лагерьлері мен концлагерьлерінде де қаншама тұтқындар азаппен қайтыс болды десеңізші. Мұны да естен шығармаған жөн».
Соңғы жылдары соғыс болған елдердегі «Ерікті ізшілер» тобы қыруар іс тындыруда. Шайқас өткен жерлердегі траншеялар мен окоптарды ашып, көміліп қалған мүрделердің медальондары арқылы қайран ерлердің аты-жөндерін анықтауда. Сөйтіп, құрмет көрсетіп қайта жерлеуде. Қайсыбірінің құжаттарын табуда. Мәселен, солардың іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, 2015 жылы Ленинград майданында қаза тапқан бес аралдық арыстардың асыл сүйектері табылып, қайта жерленген. «Толқын» газетінің 11 сәуір күнгі санында олардың құжат бойынша жазылған аты-жөндерін, жерленген жерлерін жарияладық. Бұлар «Боздақтар» кітабының ішінде де бар екен. Бірақ хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында жүр. Міне, бұл жоғарыда айтқан сөздеріме, уәждеріме айқын дәлел бола алады. Бұл іс жалғаса бермек. Жылдар жылжыған сайын мәтелдеп айтсақ, «Өшкені жанып, өлгендері тірілгендерді» өзіміз де көріп жүрміз. Әлі де табылуы мүмкін.
Бұл алапат соғыстың жаңғырығы әлі басылған емес. Бұрын айтылып жүрген екінші дүниежүзілік соғыста 50 миллион адам қаза тапты деген сөз ескірген. Қазір 70 миллиондай деп жүр зерттеушілер. Ал бұрынғы Кеңес Одағы бойынша 20 миллион емес, 27 миллион дейді. Бұл шындыққа жанасады.
Аралдық жауынгерлер Ұлы Отан соғысында барлық майдандарға қатысты. Оған «Боздақтар» кітабын парақтап отырып көз жеткізсек болады. Тарих бетінде өшпестей болып жазылған атақты Сталинград, Ленинград, Дон, Днепр, Курск және басқа да майдандарда ерлікпен көзге түсіп, шейіт болғандар саны жетерлік. Аралдық боздақтардың асыл сүйектері тіпті сонау Австралия, Нидерланд, тағы да басқа біз сирек еститін елдерде жатқанын да осы жерде айта кетуіміз керек. Мен 1993 жылы «Толқын» газетіне «Арманда кеткен арыстар, халқымен қайта табысар» деген мақала жазғанмын. Онда осындай сүйектері тым алыста қалған аталарымыз жайында айтылады.
Иә, көп томдық «Боздақтар» кітабының аудандық редакциялары 1995 жылдың шілде айына дейін жұмыс істеді. Екі-үш аудандікі одан бұрын тоқтады. Облыс бойынша бес том жинақталды. Қызылорда қаласына бір том, екі ауданға бір томнан, ал басқа аудандарға қарағанда Арал ауданынан майданға аттанғандардың саны көп болғандықтан дербес бір том берілді. Сосын басқа аудандардан, Қызылорда қаласынан қалып қойғандар осыған кіргізілді. Бұл – бесінші том.
Жұмыс ерен еңбектің арқасында 1995 жылы аяқталғанмен, кітаптар қаржы болмауына байланысты баспада жатып-жатып 1999 жылы шықты. Оған ешкімді кінәлауға болмайды деп ойлаймын. Нарыққа қадам басқан ауыр кезең, зауыт-фабрикалар тоқтап, ауылшаруашылығы қожырап, жұрт айлық-жалақысы мен зейнетақысын ала алмай зар қағып жүрген шақ. Сонда да «Ештен кеш жақсы» дегендей, әйтеуір жарыққа шығып, қалың бұқараны қуанышқа бөледі. Жоғалтқандарын осы кітаптан тапты.
Менің де ғұмырымдағы ұмытылмастай есте қалған қуаныштарымның бірі – осы «Боздақтар» кітабы еді.
Қорыта айтқанда, «Боздақтар» кітабын шығару – нағыз инемен құдық қазғандай еңбек. Шындығы сол. Сырт көзге оңай болып көрінуі мүмкін. Айтуға да оңай. Оны кім-кімде өз басынан өткергенде ғана біледі, сезеді.
***
«Боздақтар» кітабына деректер іздестіру барысында, Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағат құжаттарынан біраз нәрсеге қанықтық. Соғыс басталғаннан кейін еліміздегі барлық жұмыстардың соғыс талабына сай жүргізіліп, халық арасында жаппай саяси шараларды үдете түсуге үлкен мән берілгендігі көрсетіледі. Отанымыз басқыншыларына қарсы жұмыла бас көтеруге шақырады. Бұл тылдағы еңбекшілер мен еңбек ұжымдарына арналған.
Майданда да түрлі шақырулар болады. Оған барша қызыләскерлер сапында аралдық жауынгерлер де іспен жауап берді. Сталинград майданында Астраханның солтүстік шетіндегі 100 шақырымдық Волга өзенінің жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа 50 мың қазақстандық қатысып, ержүректікпен көзге түсті. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өздері мойындағандығы бүгінде нақты анықталып отыр. Себебі 1941 жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батыс еуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан да аталған шайқаста ауыртпалық Шығыс халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Ал Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан аралдық арыстар көп-ақ. Оларды «Боздақтар» кітабынан көптеп кездестіруге болады.
Бір мысал, Серікбай Иманов 1908 жылы Тастүбек колхозында туған. Дон майданындағы 66-армияның 226-атқыштар дивизиясы, 985-полкінің құрамында соғысты. 1942 жылдың 24 қазанында Сталинград облысының Дубов ауданында қаза тапқан. Осы полктегі 1910 жылы туған Өтенияз Шегіров дәл сол күні, сол ауданда хабар-ошарсыз кеткен. Шынберген Жиенбаев №11 ауылда туған. 1942 жылы 25 ақпанда қаза тапқан. Сталинград облысының 73,4 биіктігінде жерленген. Әбдіқалық Жиенбаев, қызыләскер, 1942 жылы 24 қазанда қаза тапқан. Сталинград облысында Дубовск ауданы, 125,7 биіктікте жерленген. Бәрін айтуға да қазір мүмкіндік жоқ.
1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград түбінде қоршауға алынған жау әскерлерін талқандау аяқталды.
1943 жылдың маусым айында гитлершілер барлық күштерін топтастырып, «Тигр» танкілерін, «Фердинанд» деп аталатын өздігімен жүретін зеңбіректерін бетке ұстап, 5 шілдеде таңертеңнен шабуылды бастайды. Жерде зеңбіректен, аспанда ұшақпен бомбалай бастады. Екі жақтың танкілері айқасқа шығады. Жер беті көк тұманға айналады. Бір жетіден кейін қырғын шайқас біздікілердің жеңісімен аяқталды.
Алапат соғыстағы өкінішті тұстардың бірі – Ржев түбінде болған шайқас. Кеңестік әскери тарихында «Марс» операциясы туралы нақты деректер берілмеген. Тіпті, осы ұрысқа тікелей басшылық еткен Г.Жуковтың өзі Ржев бағытындағы 60 мыңдық неміс армиясына 1 млн 30 мың адамдық әскерді қарсы қою, әлбетте, біріншіден, әскери дайындықтың нашарлығын, екіншіден, қабілетсіздігін көрсетсе, үшіншіден сол әскердегі солдаттардың тағдырына немқұрайлы қарағандықтарын білдірсе керек. Бұған бірден бір кінәлі болған қолбасшы Г.Жуков Сталиннің сүйіктісі болған соң жазадан оңай құтылды. Әскердің жартысынан көбі қырылып қалды. Оның ішінде, Қазақстаннан жасақталған 100 және 101-ші атқыштар бригадасының 80 пайызы шайқасты. Мұнда да аралдықтар баршылық еді. 100-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары, майор Мұса Сәдібеков болатын. Аралдың тумасы. Кейінгі кезде осы ұрыста шейіт болғандардың аты-жөндері аталып, ақпараттар там-тұмдап берілуде. Жеңістің 70 жылдығында Ржев қаласында үлкен мемориал ашылды. Сөйтіп, тарихтан өз орнын ала бастады.
Кеңес Армиясы 1945 жылдың қаңтар айында Польшаны азат ете отырып, фашистік Германияның Одер өзеніне жетті. Кескілескен шайқаспен Одерден өтіп, 27 сәуірде жаяу әскер Магдебург қаласын алды. Берлин түбіндегі ірі шайқастан кейін, Рейхстагқа шабуыл жасалды. 1945 жылдың 2 мамырында Кеңес әскері Берлинге кірді. 8 мамырда фашистік Германия өкілдері сөзсіз тізе бүгу туралы шартқа қол қойды. Ал 9 мамырда фашистік Германия бастаған сұрапыл соғыста Кеңес Қарулы Күштері, көпұлтты Кеңес халқы Жеңіске жетті. Сонымен бірге Еуропаның біраз елдерін фашистердің қанды шеңгелінен азат етті. Бірақ бүгінгі есеп бойынша, 70 миллион адам құрбан болды. Соның 27 миллионы Кеңес Одағының халқы, оның ішінде, 1 миллион 200 мыңы қазақстандықтар.
Жалпы Ұлы Отан соғысында аға ұрпақтың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны белгілі. Ендігі біздің міндет, сол туған жер, Отан үшін от кешкен ардақтыларымызды бағалап, шейіт болған боздақтардың әруақтарын риза ету. Ол үшін әрбір мұражай мен ауылдық округтерден «Әскери даңқ бұрыштарын» ашса құба-құп болар еді. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларын таныстырса қиындық туғызбайды. Аталарының құжаттарын, орден және медаль кітапшаларының көшірмесін, майданнан жазған хаттарды, басқа да заттарын әкеліп тапсырса, экспонаттар толыға түседі. Сосын ұрпақтары мерекелерде келіп тұрса, ол да бір ғанибет.
Шымкентбай ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ,
көптомдық «Боздақтар» кітабының Арал аудандық редакциясының (1992-1995) редакторы,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Журналистер одағының
«Алтын медалінің» иегері,
Жазушылар одағының мүшесі