Пошта жұмысы қалай өзгереді?

Инфрақұрылымға автоматтандыру деңгейiнің төмендігі, пайдаланушы қажеттілігіне жеткiлiксіз бағдарлану сияқты түйткілдер қосылса, пошта желісінің қалыпты жұмысы іркіледі. Бүгінде техникалық жаңару көбіне орталық аймақтарды қамтиды. Соның салдарынан, пошта байланысы инфрақұрылымының дамуындағы әркелкілік тұтынушылардың бір бөлігінің пошта қызметі саласынан түсіп қалуына әкеледі. Ірі қалаларда жағдай едәуір оңды болғанымен, еліміздің шалғай жерлеріндегі пошталар әлі жаңғыртуға зәру.
Қазір елдегі барлық 2 мың ауылдық пошта бөлімшелерінің 37%-ы (773) тұрғындары 2 мың адамнан аз ауылдарда орналасқан. Осыған байланысты бөлімшелердің жұмысы да тиімсіз болып отыр. «Қазпоштаның» материалдық-техникалық базасының жай-күйі де жіті назар аударуды қажет етеді. Мысалы, жылжымайтын мүлік нысандары орташа есеппен 65%-ға тозған, 375 нысан өткен ғасырдың 70-жылдарында пайдалануға берілген. Ұлттық оператордың теңгеріміндегі көлік құралдарының 2,1 мың бірлігінің 25%-ы (540) есептен шығаруға жатады. ХҚКО, банк функцияларын қатар орындап отырған пошта бөлімшесі ауылдық жерлерде стратегиялық маңызға ие. Кейбір пошта бөлімшелері тіпті билет кассаларының рөлін атқарады. Мемлекеттік қызмет көрсету жобасы аясында 200 елді мекенде ауылдық пошта байланысы бөлімшелері арқылы: анықтамалар, әлеуметтік сипаттағы түрлі жәрдемақыларды ресімдеу, мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық-көмекші құралдармен қамтамасыз етуге өтініштер, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу, білім, спорт жөнінде 40-тан аса мемлекеттік қызмет түрін алуға мүмкіндік бар.
Осы ретте биылдан бастап Пошта заңнамасына енгізілген түзетулердің басым бөлігі пошта жүйесін жаңғыртуға, қызмет сапасын арттыруға бағытталып, шалғай ауылдарда пошта бөлімшелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ережелерді қарастырған. Заң аясында пошта операторы әкімдіктерді пошта байланысы бөлімшелерінің жабылуы туралы алдын ала хабарлауға міндетті. Бұл ретте әкімдіктерге пошта байланысы бөлімшелерін сақтауға жәрдемдесу шараларын көрсетуге қатысты құзырет беріледі. Сонымен қатар «Қазпоштаның» медициналық препараттар мен бұйымдарды жеткізумен, сақтаумен айналысу құқығы заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл бастама қашықтағы тұрғындарға дәрі-дәрмектің, жеңілдіктердің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қабылданып отыр.
Пошта жүйесіндегі өзгерістер дәстүрлі, жаңа коммуникация тәсілдері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ете отырып, қоғамның заманауи үрдістері мен қажеттіліктерін белгілейді. Қазір дәстүрлі хаттарға деген қызығушылық қайта жандана бастады. Электронды поштаны, әлеуметтік желілерді жаппай қолдану үрдісінде қарым-қатынас тәсілдері айтарлықтай өзгергенімен, ғасырлар бойы мәдени алмасудың маңызды бөлшегі болған дәстүрлі поштаның қоғам өміріндегі орны ерекше. Көп адамға қолмен жазылып, жүрекке жеткен мәтін виртуалды баламалардан әлдеқайда құнды. Пошта арқылы келетін хат-хабар, мерзiмдi басылымдарды жеткiзу қызметтері қысқарып жатса да, олар қашанда сұранысқа ие. Мысалы, былтыр елімізде 25 миллиондай баспа хат жеткізілген. Яғни қағаз хаттар әсіресе интернетке қолжетімділігі шектеулі аймақтарда өзектілігін сақтап отыр.
Экономикалық факторларды ескеріп, шығындарды оңтайландыру мақсатында тіркелмеген хаттар мен карточкаларды жинауға арналған пошта жәшіктері жойылмақ. Дәстүрлі пошта жәшіктерінің орнына көппәтерлі үйлерде, басқа ғимараттарда орналастыруға болатын поштаматтар енгізіледі. Бұл қызметтің қолжетімділігін жақсарту, хат-хабарларды алу қауіпсіздігін арттыру мақсатында қарастырылған. Сол сияқты «Пошта туралы» заңға енгізілген түзетулерде парольді (ПИН-кодты) енгізу арқылы құқықты растаумен сәлемдемені үшінші тұлғаларға тапсыру мүмкіндігі, SMS немесе QR-код арқылы верификациясы бар пошта сәлемдемелерін табыстаудың заманауи тәсілі көзделеді.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: egemen.kz