Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсықылыштың қадірлісі

Жақсықылыштың қадірлісі

Ол кісіні үлкен-кіші жақсы таниды. Қылыш тауының баурайындағы әр көшені аралап, үй-үйге газет жеткізіп жүрген қадірлі жан Гүлжаһан Әзілханқызы ұзақ жыл "Қазпошта" бөлімінде жұмыс жасады. Өзі Қазалының тумасы болса да тағдыр жолымен Аралдың байырғы тұрғынындай болып кетті.
Иә, біз 9 қазан – бүкіләлемдік пошта күнінде еңбегі өлшеусіз ана туралы аз-кем тоқтала кеткенді жөн деп таптық. Гүлжаһан Ахметова осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қаншама ауыртпалықты арқалап, қалай болғанда да патша көңілді оқырман жазылған газет-журналды діттеген жерге жеткізе білді.
Онан бері де сынаптай сырғыған уақыт қаншама жылдарды артқа тастады. Қазіргі таңда зейнет жасындағы ана он баланы дүниеге әкеліп, онан өрген жиырма немереден шөбере сүйіп отыр. Анамыз өткен күнді кейде еске алып, жұмыс барысындағы ауыртпалықты былайша еске алады:
–Қазіргі таңда пошта қызметі жүйелі жолға қойылған. Ол кезде жұмыстың ауыртпалығы өз алдына бөлек. Жауапкершілікті шынайы сезініп, қолдан келгенше көптің алғысын алуға тырысатынбыз. Пошта деген стратегиялық маңызға ие кәсіп екенін кейінгі буынға айтқым келеді. Өйткені, мерзімдік басылымдарды оқыған адам рухани сауаттанғаннан бөлек, саяси жаңалықтардан да құлағдар болып, елдегі ахуалды таразылап отырады. Қазір не көп, басылым көп. Алайда, республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Сыр бойы», аудандық «Толқын» газеттерінің шоқтығы мен үшін әркез биік. Хат-хабарды да, сый-сияпатты да қанша шаңыраққа апардым. Әсіресе, әскердегі баласынан көп уақыт хабарсыз қалып, пүшәйман күй кешіп отырған ата-анаға үшбу хатты ұстатқанымда жүрегі жарылардай қуанғанын сөзбен айтып жеткізе алмаспын, – деп сол бір кезеңдерден естелік шертті.
Жалпы, қай істің де өзіндік салмағы бар. Соның ішінде пошта торабының жұмысы ұдайы қауырт. Бұған жұртшылықтың көзі әлдеқашан жеткен.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
10 қазан 2023 ж. 206 0