Тұрғындар тілегі әрдайым назарда

Пациенттердің құқықтарын қорғау – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты міндеттерінің бірі. Қор күн сайын 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz ресми сайты, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot. ресми байланыс арналары арқылы өтініштер қабылдайды.
Талдау көрсеткендей, байланыстың ең сұранысқа ие тәсілі – 1414 байланыс орталығы (54,3%), екінші орында – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы (45,7%).
Қор филиалы директорының айтуынша, пациенттер медициналық көмектің сапасыз көрсетілгеніне немесе одан бас тартқанға, тегін дәрі-дәрмектің берілмегеніне, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күткенге шағымданған.
– Шағымдардың себептерін саралағанда, негізінен тағайындалған еммен, қойылған диагнозбен келіспеу, дәрігердің медициналық қызметтерге жолдама беруден бас тартуы, бейінді дәрігердің консультациясын немесе диагностикалық тексеруді күту, өңірде қажетті мамандардың болмауы. Қор әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, шешім қабылдайды. Біз пациенттерді өз құқықтарын білуге және олар бұзылғанда, жағдайды сол жерде шешу үшін алдымен медициналық ұйымның өзіндегі пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырамыз. Бұл қызметтер барлық емхана мен ауруханада бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, қорға жүгіну қажет, – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Жақсылық Әбдусәметов.
Медициналық ұйымдарда қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін тұрақты түрде «Жасырын пациент» акциясын өткізетіні де атап өтілді. Қор қызметкерлері медициналық ұйымдарға жасырын қоңырау шалу арқылы тіркеу мамандары мен қызметкерлердің медициналық сақтандыру жүйесі, МӘМС пен ТМККК кіретін қызметтер, медициналық көмек көрсету стандарттары, сондай-ақ пациенттердің сақтандырылу мәртебесі мәселелері туралы біліміне мониторинг жүргізеді.
syrboyi.kz