Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс үшін қан кешкен Жоламан

Жеңіс үшін қан кешкен Жоламан

Қатпарлы тарих бетінде таңба болып қалған соғысқа нүкте қойылғанына биыл 80 жыл толды. Тек бір өкініштісі, батыстан тұтанған өртті сөндіруге, жаудың бетін қайтаруға аттанған жауынгерлер ауданымызда жоқ. Олар бар болғанда айбатымыз болып, құрметке бөленіп жүрер ме еді.
Иә, негізгі тақырыбымызға көшсек сұм соғыс басталғанда өзінің ата-анадан дарыған қасиетпен Отанға адалдық танытып, қолға қару алған жанның бірі – Бағымбаев Мұратбай Жоламанұлы. Ол 1923 жылы Арал өңірінде дүниеге келген. Тепсе темір үзетін жалынды жас бар-жоғы 18 жасында майдан даласында түстеніп, майдан даласында түнеді. Оқ пен оттың ортасында жүріп, бақайшағына дейін қаруланған неміс басқыншыларының табаны тиген әрбір қарыс жерді азат ету үшін барын салды. Өзі қатарлас жауынгерлермен бірге 1941-1942 жылдар аралығында жау құрсауында қалған Белоруссияны, Варшаваны азат етуге үлес қосты. Тірі кезінде қарт жауынгер ұрпақтарына соғыстың қасіреті туралы көп айтып, Мәскеуден Германияға дейінгі жолдағы қиыншылықты еске түсірген сайын көзіне жас алып, бейбітшіліктің құндылығын бағалауды жас саналарға тоқыған.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз пенде өлмейді» Тілеулестері мен ұрпағының бағына Мұратбай Жоламанұлы туған жерге аман-есен оралды. Жеңіс туын желбіретіп келген майдангер елге келген соң қоғам жұмыстарына белсене араласып, аудан экономикасының дамуына айрықша қолтаңба қалдырды. Жағалаудағы ақжал толқынмен алысқан балық шаруашылығының көкжиегін кеңейтуге күш салып, Аван балық зауытында меңгеруші, онан әрі Ұялыда экспедитор болып жемісті жұмыс жасап, өмірлік серігі Әлзиямен бірге алтын асықтай алты перзент өсірді.
Қан майданда тер төккен қимас жан қай кезде де адалдықты ту етті. Ізбасарларын да ешкімнің ала жібін аттамауға үйретіп, маңдай термен тапқан нанның тәттілігін жүректеріне сіңірді. Қазіргі таңда қаһарман әке мен алтын құрсақты ананың ізін жалғаған ұрпақтары әрбір Жеңіс мерекесі күні Құран бағыштап, кеше мен бүгінді таразылайды. Асқар таудай әкелерінің қанды жорықтан аман келгеніне, асыл аналарымен жүрек жарастырғандарына шүкірлік қылады.
Гүлзада МҰРАТБАЙҚЫЗЫ
13 мамыр 2025 ж. 36 0