Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі мейіргер

Мерейлі мейіргер

Бүгінде технология күн сайын дамыған заманда талапқа сай түрлі мамандық иелері де қосылып жатыр. Соның ішінде ертеден келе жатқан медицина саласы қай заманда болмасын өзіндік маңызы бар мамандық. Иә, бұл маман иелерінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні. Бұл айтулы күнді дүниежүзілік деңгейде атап өту бастамасы өткен ғасырдың бел ортасында көтерілген еді. Яғни, 1963 медбикелер күні ресми түрде аталып өтетін мерекелердің қатарына қосылды. Кейін 1974 жылы 12 мамыр күні нақты тойланатын күн болып бекітілген. Осы орайда адамға екінші өмір сыйлай білетін ақ халатты абзал жандардың еңбегін ескерусіз қалдырғанымыз жөн болмас. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 40 жыл бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан – Ания Ораққызы.
         Өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстайтын Ания Серікбаева 1964 жылы 17 қазан күні Арал ауданы Бөген ауылдық округінде дүниеге келген. Ол 1972-1982 жылдар аралығында №15 орта мектептен білім алған. Кейін бала кезінен медицина қызметкері болуды арман етіп, сол мақсатына жету үшін 1983-1986 жылдары Алматы қаласындағы Республикалық медицина училищасын тәмәмдаған. Алғашқы еңбек жолын 1986 жылы "Балалар кеңес беру орталығында" аймақтық аяжан қызметінен бастайды. Ал 1986-1992 жылдары хирургия бөлімшесінде пост аяжаны болып жұмыс істейді. 1992 жылдан қазіргі күнге дейін Диагностика бөлімшесінің Узи кабинетінде Аға мейіргер болып еңбек етіп келеді. Аяжан Ораққызы өзінің бұл салаға келуі жайында:
         – Өзімнің үлкен Қағаз Серікбаева есімді әпкем қазіргі күні Алматы қаласында министерлікте қызмет етеді. Яғни, еліміз бойынша туберкулезге қарсы мекемелердің үстінен қарайды. Міне мен сол кісіге қызықтым. Біз бала күнімізде ол кісі Алматы қаласынан медицина саласы бойынша білім алып Аралдағы туберкулезге қарсы диспансерінде қызметте болды. Одан кейін әпкем әрі қарай білімін жетілдіру мақсатында оқуын жалғастырды. Сол кісі секілді болсам, үстіме ақ халатты киіп, адамдарды емдесем деп армандайтынмын. Қазір бала арманым орындалды деп толықтай айта аламын,– деді кейіпкер.
         Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл салада түрлі оқиғалар болатыны анық. Расымен де, күнделікті неше түрлі диагнозбен келетін науқастар болады. Медицина саласы қызметкерлерінің әр күні қарбаласқа толы өтетінін айтпаса да барлығымызға белгілі.
         – Адам өмірін аман алып қалу бірінші Жаратушымыздың қолында болса, екінші медицина саласы қызметкерлерінің қолында екені анық. Алдыңа науқас қиналып келген кезде оның жан-қиналысының өзін жүрекпен сезіне білудің өзі нағыз маманның ісі деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін қаншама науқастың өмірін аман алып қалып, алғысқа бөленіп те келемін. Менің еңбек жолымдағы барлық күндерім қиналсам да, қуансам да өзімді сол маман иесіне сай ұстадым деп ойлаймын. Қазіргі жұмыс барысым да оңай емес. Жалпы диагностика бөлімшесі 2000 жылы ашылды. Бүгінде мұнда 17 кабинет бар, қысқаша атап өтсек, компьютерлік томография, УЗИ, ЭКГ, рентген және физиотерапия секілді кабинеттерден науқастар уақытылы ем алады. Мен осы аталған кабинеттерде Аға мейіргерлік қызметімді атқарып, уақытымен дәрі-дәрмектерін жеткізіп, құрал-жабдықтарын толықтырамын. Алдыма келген әр ем алушыға жылы қабақ танытып, құрмет көрсетіп келеді бөлімшеміз. Сонымен бірге үлкен лабараториялық бөліміміз бар. Ол жақта біз анализдерді тексереміз, –деді Ания Серікбаева өз жұмысы жайлы.
         Кейіпкеріміз бүгінде 4 баланың анасы болса, 7 немеренің ақ жаулықты әжесі атанып отыр. Жұрт қызығарлықтай бұл отбасында да медицина саласына қызмет етіп, адам жанының арашасы болып жүрген абзал жандар да бар. Ания Ораққызының жолдасы Алдаберген Қалиұлы алғаш 1986 жылы Арал ауданында реанимация бөлімшесін ашқан. Еңбек жолын осы салаға арнады және әлі де қызметте. Үлкен баласы жедел-жәрдем бөлімінде жұмыс істесе, ал үлкен қызы Ақтөбе қаласындағы медициналық академияда декан қызметінде.
         – Шеберлік пен білімді ұштастырған мейіргерлер қызметі көпке үлгі. Бізге жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Сол үшін ұдайы тәжірибелік білімімізді жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреміз. Міне, осы үшін де дертке шипа, жанға дауа сыйлай білген әріптестерімнің қоғамдағы орны маңызды,–деді Ания Ораққызы.
А.НҰРЛАНОВА
13 мамыр 2025 ж. 78 0