Тараптар аумақтан тыс соттылықты таңдай алады

Сондай жаңашылдықтың бірі – сот ісін жүргізуде аумақтан тыс соттылықтың енгізілуі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы Заңымен Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК ) 32-бабына «эксаумақтық соттылық» ұғымы енгізілді. Аталған баптағы жаңашылдық 2022 жылдың 1 тамызынан бастап қолданыста.
Жалпы, соттылық дегеніміз – бірінші сатыдағы соттарда қаралуға жататын істерді құзыреттілігі бойынша соттар арасында бөлу, яғни азаматтық істі қарауға тиісті нақты сотты белгілеу болып табылады.
АПК-нің 32-бабы келесідей редакцияда берілген: «Тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады».
Судья азаматтық іс қозғағаннан кейін оны сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарған кезде онда тараптардың эксаумақтық соттылықты қолдану мүмкіндігін түсіндіреді. Ал тараптар болса өз құқықтарын пайдалана отырып, істі аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы өтінішхат келтіре алады.
Мұндай жағдайда, өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша судья істі аумақтан тыс соттылығы бойынша беру туралы ұйғарым шығарады. Осыдан кейін электрондық тізімдемесі бар осы электрондық іс ақпараттық жүйе таңдаған басқа сотқа жіберіледі.
Таңдалған соттың тараптардың орналасқан жерінен алыстығы ешқандай қиыншылық туғызбайды, өйткені олар бейнеконференц байланыс арқылы онлайн режимде процеске қатыса алады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңымен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне толықтырулар енгізіліп, азаматтық істерге ұқсас, 2025 жылдың 1 наурызынан бастап жауапкер әкімшілік орган болып табылатын талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша да эксаумақтық соттылық енгізілген.
Заңнамалардағы бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, жергілікті соттың әділдігіне күмәндануды жойып, сот төрелігіне деген сенімнің артуына ықпал етеді деп сенеміз.
Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев.