Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Татуласу – жанжалдан шығатын лайықты жол

Татуласу – жанжалдан шығатын лайықты жол

Бір кездері сотқа жүгінушілер санының өсуі - халықтың сот төрелігіне деген сенімінің күшейгендігін, азаматтар құқықтарының қорғалу деңгейінің артуын айғақтайтын оң құбылыс ретінде қабылданған болатын. Бірақ, бұл құбылыстың тағы бір жағы бар – бұл қоғамдағы даукестік деңгейінің өсуін көрсетеді.
Елімізде қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетіп және дауларды келісім арқылы тиімді шешу шараларын жолға қою бағытында түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Арнайы медиация туралы Заң қабылданды. Азаматтық процестік кодексіне татуластыру рәсімдері туралы арнайы тарау енгізілді, көптеген пилоттық жобалар қолға алынды.
Осы бағыттағы соңғы жаңашылдық ретінде, заңнамадағы татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтетін «Сотқа дейінгі хаттама» жайындағы жаңашыл норманы айтуға болады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізіліп,  жаңашылдықтар жыл басынан қолданысқа енген болатын. Осы өзгерістер аясында Азаматтық процестік Кодексінде «Сотқа дейінгі хаттама» ұғымы пайда болды. Жаңашыл норманың басты мақсаты дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу мәселелерін дамыту болып табылады.

Азаматтық процестік кодексінің 73-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.

Оның жүзеге асырылу тәртібіне келетін болсақ, татуластырушы судья талап түскен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей тараптарға сотқа дейінгі хаттама жасау құқығы түсіндіріле отырып, татуластыру рәсіміне қатысуға шақыру жібереді.

Әңгімелесу барысында тараптарға сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі мен салдары түсіндіріліп, ол бойынша пікір сұралады. Тараптар келіссе, оларға хаттаманың нысаны ұсынылады және оны рәсімдеу мерзімі белгіленеді.

Бұл хаттамада екі тарап өздерінің сотқа ұсынатын дәлелдемелерін көрсете отырып, дауды қандай шарттарда келісіммен аяқтауға болатынын ұсынады.

Тараптар сотқа дейінгі хаттаманы толтыру арқылы татуласса, татуластырушы судья 15 күннен кешіктірмей талапты өндіріске қабылдау туралы ұйғарым қабылдайды. Сондай-ақ, тараптар ұсынған келісімнің заңға қайшы келмейтінін, келісім шарттарының орындалуы басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын тексеріп, келісімді сот ұйғарымымен бекітеді.

Дауды сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы аяқтау, тараптарға азаматтық іс қозғалғанға дейін дәлелдемелермен алмасуға, сол арқылы даудың нәтижесін пайымдауға, уақытын үнемдеуге, сондай-ақ бұрыңғы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік бермек.
Жыл басынан бері, аудандық сотта 9 талап қою бойынша тараптар сотқа дейінгі хаттаманы жасаудың артықшылықтарын пайдаланған.
Әрбір жаңа бастамадан жаңа мүмкіндіктер күтіледі. Заңнамадағы жаңашыл норма даулы мәселелердің сот үрдісінен тысқары тәртіппен шешілуіне сүбелі үлесін тигізеді деп ойлаймын.
С. БЕРТАЙ,
Арал аудандық сотының судьясы
15 наурыз 2022 ж. 398 0