Тепловоздың тынысын ашқан депо

Локомотив пайдалану депосының да тарихы терең. 1900 жылы Арал теңізінің сол жақ жағалауы арқылы Орынбордан Арысқа қарай темір жол құрылысы басталған. Бұл құрылыспен қатар темір жол бойынан шеберханалар мен Қандағаш, Қазалы сияқты үлкен стансалар бой көтерді. Ал 1905 жылы Құмсай (қазіргі Сексеуіл) шеберханасы салынып, Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға берілген тұста, осы шеберхана Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы деп аталды. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті, көптеген өзгерістер болды. Алайда шойынжолшылардың еңбегі бір сәт толастаған емес. Локомотив пайдалану депосы бүгінде 400-ге жуық жанды еңбекпен қамтып, 150-ге жуық машинистпен, дәл сол шамада машинист көмекшілерінің қызметін халыққа ұсынып келеді.
Бірақ біз санды емес, сапаны айтқанды жөн көріп отырмыз. Лайықты мамандарын мақтай берсек әңгіме ұзаққа кетер. Соңғы бір жылдың көлеміне тоқталсақ та көзі қарақты оқырман қай деңгейде екенін өзі-ақ таниды.
Осы мекеменің тепловоз машинистінің көмекшісі Талғат Турединов, Рамил Смағұлов, оператор Ақбота Жалмұрзаева «100 жас есім» ҚТЖ байқауына қатысып, еңбегімен елге танылған елдегі 100 жас есімдердің бірі атанды. Ал жекелей марапаттар легі тіпті көп. Қашанда ұйымшылдық пен жауапкершіліктің арқасында алға озып келе жатқан депоның жетістігі бірінші кезекте Сексеуіл локомотив пайдалану депосы басшысы Асылбек Ияров пен өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов және білікті мамандардың арқасында дейтін болсақ, биыл мереке қарсаңында Оңғар Аманжолов ең жоғарғы "Құрметті теміржолшы тепловоз машинист төсбелгісімен" марапатталып отыр. Сондай-ақ, жөндеуші Қыдырәлі Ертанасов, есептеу бөлімінің бастығы Ұлбике Смағұлова облыс әкімінің марапатын алды. Нұрлан Жұмқанов "Адал еңбігі үшін төсбелгісімен", тепловоз машинистері Бауыржан Әбілов, Бауыржан Баймағамбетов ҚТЖ басқарма төрағасының Құрмет грамотсымен, тепловоз машинисті Аманбек Қалдыбаев, Нәжім Сағиев, машинист көмекшісі Бақытбек Балмұрзаев ҚТЖ Алғыс хатымен марапатталды.
Қызметтен бөлек қоғамдық жұмыстарға да етене араласатын бұл мекеменің шығар биігі әлі алда. Бүтіндей бір кентті қамтып, ауданның абыройын республика көлемінде танытып келе жатқан Асылбек Ияров басқарып отырған ұжым қайырымдылықтан да кенде емес. Әркез елдегі елеулі дүниелерге елеңдей жүретін депоның даралығын осыдан-ақ анық аңғаруға болады.
Нақтырақ айтар болсақ, 2024 жылдың көктемінде табиғаттың тосын мінезінен баспанасыз қалып, қиындықпен бетпе-бет келген батыс аймақтарға бет түзеген теміржолшылар сол жақтағы қалың жұртшылықтың ықыласына бөленді. Қолдан келер көмегін аямай, кенттегі қос депоның, сексеуілдіктердің аманатын арқалап барып, алғысын айтқан елдің сәлемін жеткізіп келді.
Мұнан бөлек қыстың қытымыр аязында жол азабын көрген жүздеген көлік жүргізушілері де тепловоз тізгендегін ауылдың жомарттығына тәнті болғаны жайлы да жарыса жазған едік.
А.Ияров бастаған ұжымда тағы бір ерекше айтып кетер азамат, «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов әркез тілшілердің назарында. Өнегелі отбасында өсіп-өнген ардақты азаматтың әкесі Бауыржан Аяғанов – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, «ҚТЖ Жолаушы локомотивтері» ЖШС Сексеуіл аймағы бойынша бастығы. Ал анасы Дәметкен Аяғанова «Сексеуіл» емханасында медстатист болып еңбек етеді.
Иә, "Сыр бойы" газетінің тілшісімен әңгімесінде "Менің өткенім де, келешегім де теміржолмен тығыз байланысты. 2007 жылы «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосында тепловоз жөндеуші болып еңбек жолымды бастадым. Күніне 40-қа жуық жолаушылар мен жүк пойызы «Сексеуіл» кенті арқылы өтеді. Солардың уақытылы жүруін қадағалап отырамын" деп қызметтік қадамын ашық айтса, сала қызметкерлер арасында ұйымдастырылған «100 жас есім» байқауында үздіктер қатарынан көрінген, көшбасшылығымен танылған Еркебұлан жайында кенттің тұрғыны Зәуре Бәйменова:
– Жоқ-жітікке көмектесу, мүмкіндігі шектеулі жанға демеу болу – ерекше қасиет. Еркебұлан балам сол асыл қасиетті бойына сіңірген. Естігенімді емес, көргенімді айтайын. Ол аз қамтылған мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты аналарға көмек көрсетіп, үнемі азық-түлікпен, киім-кешекпен, дәрі-дәрмекпен көмек көрсетуді ұмытпайды. Қасиетті Рамазан айында да қаншама отбасын қуантты. Осындай ірілі-ұсақты жасап жүрген жақсылықтары көп. Жақында емханаға түсіп қалғанымды естіп, өз қаржатынан дәрі-дәрмектерімді алып беріп кетті. Қуанып қалдым. Жақсылығы үшін аналық алғысымды айтамын, – деп пікір білдірген екен.
Міне, қайырымы ерекше азаматтың ұжымды ұйыстыруы осыдан-ақ аңғарылады.
О. ЖОЛДАСОВ