Адамның жан азығы
Кітап – адамның жан азығы. Одан сусындаған адам шөлдемейді, бойына білім бұлағынан нәр алады.
Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дегені бар. Бір кезде Қызылорда пединститутында ректор болған, ғалым Әділ Ермеков лекциясында «Абай жолы» романының үзінділерін майын тамыза жатқа айтқанда студенттер сілтідей тынушы еді. Адамзаттың Айтматовты шетелге шығарда сөмкесіне «Абай жолы» мен «Манас» дастанын қалдырмай алып жүретін болған. Екеуін айтқан кезде шетелдіктер қазақ пен қырғыз деген ел барына сүйсіне бас иетін болған. Сонан соң Айтматовқа деген ілтипат молая түсетінін заңғар жазушы аузынан тастамаушы еді.
Майдангер жазушы Қалмақан Әбдіқадыров Ұлы Жеңіспен Берлиннен оралғанда екі қап кітапты арқалап келгені ұзақ әңгіме. Майдангер неміс классиктерінің дүниелерін аударып, ендігі жерде сонымен сусындаймын деуші еді. «Мың бір түнді» мөлдіретіп аударған білімпаздың осы бір сөзі кітапқа деген сүйіспеншілігін аңғартады.
Әрбір шаңырақта кітап, кітапхана болуға тиіс. Ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков тұңғыш қызын ұзатарда үйіндегі бар кітапханасын сыйға тартқанын жазғаны бар.
Жуырда Сыр өңірінде ұлағатты іс болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 600-ден астам кітапты облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапханаға сыйға тартты. «Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының жеке кітапханасынан» деген жазумен алыстан жарқырап көрініп тұр. Бұл кітаптарға оқырмандар легі толастамай, толыға түсуде.
Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана директоры, тарих ғылымының кандидаты Н.Мыңжас бұл жайында:
– Біздің кітапхананың қазіргі қоры 500 мыңға жуықтайды. Жазушы Қалтай Мұхамеджановтың кітапханасынан сыйға тартылған сегіз мыңға жуық, одан бөлек облыс әкімінің кітаптары қазынаға қосылды, – деді.
Облыс әкімінің бастамасына қалың жұртшылық бәрекелді деп алғыс жаудырды.
Расында, бәрекелді!
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
syrboyi.kz