Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар мүддесі – мемлекет назарында

Жастар мүддесі – мемлекет назарында

Жастар – еңбек нарығының басты қозғаушысы. Жаңа мамандықтарды тез меңгеруі және технологияны еркін қолдануы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Халық қауіпсіздігін ойлаған жас

Төтенше жағдайлар қызметі – халықтың өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудағы негізгі қызметтердің бірі. Ол табиғи апаттар, техногендік авариялар, өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және өзге де төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, зардаптарды азайтуға, адам өмірін құтқару үшін қызмет етеді. Ауданда да өз қызметін абыроймен атқарып, халық қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жүрген жастар жетерлік.
Дінисламбек Әбдірасулаев Арал ауданы, Шижаға елді мекенінде 2002 жылдың 23 наурызында дүниеге келген. 2008-2019 жылдары Шижаға елді мекеніндегі Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектебінде білім алған. Кейін 2019 жылы Көкшетау қаласында орналасқан М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға қабылданып, 2023 жылы леитенант шенімен бітіріп шығады. Алғащ еңбек жолын Арал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері лауазымынан бастайды. Осы 2025 жылдан бастап бүгінге дейін осы бөлімнің аға инженері лауазымында қызмет етіп келеді.
Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген Дінисламбек Алмасбекұлы кәсіби маман болып шығарына сенім мол. Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда бұл қызметтің орны ерекше, ал халықтың қолдауы мен түсіністігі олардың жұмысына күш берері сөзсіз.

Болашақтың дәрігерлері – бүгінгі жастар

Денсаулық сақтау – қоғамның тұрақты дамуы мен өмір сүру сапасының негізгі кепілі. Бұл салада жас мамандардың орны ерекше, себебі олар заманауи біліммен қаруланған, жаңа технологияларды меңгерген және халық саулығына қызмет етуге дайын буын. Жастардың медициналық қызметке келуі – салаға жаңа серпін, тың көзқарас әкеледі.
Қуаныш Әбдішов 1992 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Ол 2017-2019 жылдары Шижаға дәрігерлік амбулаториясында жалпы практика дәрігері қызметін атқарған. Кейін 2019-2024 жылдар аралығында Байтұрсынов емханасында жалпы практика дәрігері қызметінде болған. Ал 2024 жылдан бастап бүгінге дейін Байтұрсынов емханасының емхана меңгерушісі қызметінде еңбек етіп келеді. Ол бұл сала бойынша біршама қызмет етіп, халық саулығын басты назарда ұстайды.
Денсаулық сақтау саласындағы жастар – халықтың денсаулығын қорғаудың болашақ кепілі. Оларды кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан қолдау, үздіксіз оқыту және тәжірибе жинауға мүмкіндік беру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бүгінгі жас дәрігер – ертеңгі дені сау ұлттың негізін қалайды.
Мәдениет саласындағы жас толқын

Мәдениет – халықтың тарихы мен рухани болмысының айнасы. Ал жастар – сол мәдениетті сақтап ғана қоймай, оны жаңа заманға сай дамытатын басты күш. Ауданда да мәдениет саласының қозғаущы күштері баршылық. Олар өз таланттарының арқасында аудан абыройын асқақтатып, елді таңдандырып келеді.
Айгүл Күзенова 1992 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң елді мекенінде дүниеге келген. Бүгінде ол Қаратерең елді мекеніне тұрмысқа шығып, 3 ұл,1 қыздың анасы атанып отыр.
Жалпы мәдениет саласындағы еңбек жолын 2014 жылы бастаған. Бұл салаға келуіне ақындық жолы көмек болған. Негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Қазіргі кезде мәдениет саласында 11 жылға жуық еңбек етіп келеді.
Айгүл Жаңабергенқызы мектеп қабырғасында жүрген кезінде түрлі тақырыпта мақала жазып, өлең шығарған. Қожабек ағайы оны көптеген жарыстарға апарып, алға қарай ұмтылдырады. Алғашқы жеңісі "Ұлан" газетінен "Алтын қалам" атты байқаудан 2-ші орын алған. Одан кейін де көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Мәдениет саласының қозғаушы күші Айгүл Күзенова өткеннің асыл мұрасын сақтап ғана қоймай, болашақ ұрпаққа жаңа, заманауи қырынан жеткізіп жүр. Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі – мәдениетіміздің дамуы мен өркендеуінің кепілі.


А. НҰРЛАНОВА
12 тамыз 2025 ж. 72 0