
Адалдық – жүректің тазалығы, ардың айнасы. Адам арын сатса – бәрін сатады. Ал ардың жолы тек шындық пен әділетке апарады. Содан да болар, дана халқымыз «Адалдық – ардың ісі» деп бір-ақ ауызсөзге тұтас өмірдің философиясын сыйғызған.Адам баласының алдынан ақ пен қара қатар кездеседі. Бірі – маңдай термен, әділ еңбекпен келетін таза табыс жолы болса, екіншісі – біреудің несібесін қия кетіп, жемқорлықтың құрсауына шырмалған лас жол. Өкінішке қарай кейбіреулер екінші жолды оңай олжа деп ойлап, арын саудаға салып жатады. Бірақ олар арсыз өмір – баянсыз өмір екенін ұмытады. Жемқорлық – адамды іштен шірітетін, қоғамды ірітетін көрінбейтін дерт.Ол ұлттың тамырына түскен құрт секілді. Бастапқыда байқалмайды, бірақ уақыт өте келе бүкіл қоғамды жайлап, мемлекеттің негізін шайқалтады. Бір ғана адамның емес, бүтін елдің болашағына жасалған опасыздық. Жемқорлық жүрген жерде әділет жоғалады, адал еңбек бағаланбайды, ар мен заң аяққа тапталады. Талант – тасада, білім – бұйырмаған, ал айла мен алдаудың жолы ашық. Мұндай қоғамда ар-ұят – ертегі, арсыздық – ереже болып кетуі мүмкін. Жемқорлық тек ақша ұрлау емес. Ол – үміт ұрлығы. Біреудің арманына тосқауыл, бір отбасының нанына ортақтасу, бір ұрпақтың болашағына балта шабу. Адам парамен алған орнын парамен ғана ұстап қалады. Ондай қызметтің артында адал еңбек емес, жасырын сату-сатып алу жатыр. Ал мұндай жүйеде нағыз маман емес, таныс пен туыс төрге озатыны жасырын емес.
Жемқорлықпен күресу – тек мемлекеттік міндет емес, бұл – әр азаматтың ар алдындағы парызы. Әр адам өз ісіне адал болса, ел де түзіледі. Адал ұлттың болашағы жарқын. Ал жемқорлық жайлаған елдің келешегі күңгірт. Сондықтан біз ар жолынан айнымай, адалдық туын биік көтеруіміз керек.
Адал ұрпақ тәрбиелеу – әр отбасының қасиетті борышы. Мектеп қабырғасынан бастап әр балаға адалдықтың дәнін сеуіп өсіре алсақ, ертеңгі ел тізгінін ұстаған азамат та ар-ожданнан аттамайды.
Ұлы Абай: «Пайда ойлама, ар ойла» деді емеспе?! Ендеше, пайда қуған пенделік жолдан ар биігінекөтерілу – нағыз адам болмысының көрінісі. Адалдық – арзан дүние емес. Ол сатылмайды, қолдан жасалмайды. Жүректен шығатын шын қасиет.Адалдық – таңдау. Ал ол таңдауды әр күн сайын, әр сәт сайын жасауға тура келеді. Себебі адалдықтың жолы – тар, бірақ сол жолдың соңы – жарық. Ал жемқорлықтың жолы кең болғанмен, түбі – тұйық. Сол себепті әр азамат, әр жүрек, әр отбасы осы қос жолдың бірімен бетпе-бет келеді. Таңдау – бізде. Ал таңдауды армен жасау – ардақты істің ең үлкені.
М.МАРАТ,Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы