Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОС ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

ҚОС ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Қара сөздің қаймағын сүзген екеудің де мүйізі қарағайдай жазушылар қатарына осы биыл қосылғанын патша көңілді оқырман жақсы біледі. Кеше ғана күллі қазақ елі айрықша қастерлеп, барынша ұлықтаған тілдер мерекесі қарсаңында Ақирек тауының етегінде орналасқан Ақбай ауылында тағылымды шара өтті. Жергілікті клуб пен кітапханаұйымдастырған мазмұнды басқосуда үстіміздегі жылы мерейлі 80 жасқа толғаны аталып өткенҚазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, облыстық «Тұран» сыйлығының иегері Жұмабай Жақыптың өмір жолына қанық жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. 
Биязы мінезімен ерекшеленген қаламгер сахна төрінен табылып, өзінің кешегісі мен бүгінін үлкен-кішіге ақжарыла ақтарды. Қалам мен домбыраны қатар ұстаған сегіз қырлы, бір сырлы жан ғибратты ғұмырының қайталанбас сәттерін тебірене әңгімелеп, бейнетке толы тіршілік баспалдақтарындағы шығармашылық кәсіпті тағдыры қалай байланыстырғанын асқан байыппен баяндады. Сосын көптің сұрауы бойынша қара домбыраны қолға алып, қос ішектен күй күмбірлетті. Тағылымды шарада Ақирек ауылдық округінің әкімі Қайрат Аманжолов, замандасыАйтмағамбет Жалғасбаев сөз сөйлеп, құрмет биігіндегі қаламгермен мақтанатындарын айтты. Содан соң әріптесі, Жазушылар одағының мүшесі Ерғали Абдулла Жұмабайдың шығармашылығына жан-жақты тоқталып, өміршең өлеңдері де, көңілге қанат бітірген күйлері де , қоғамға ой салған мақалалары да жетіп артылатын жан жайында сөз сабақтады. 
Өз кезегінде шығармашылық кештің иесі ауыл клубының меңгерушісі Нартай Махановқа және барша Ақбайлықтарға риясыз пейілмен алғыс білдірді. 
Бұдан кейін ана тілімізді ардақтаған шара кітапханашы Айжан Жұмамұратованың бастамасымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арал әлемі газетінің редакторы Ерғали Абдулланың кітаптарының таныстырылымымен жалғасты. Онда руханият саласының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар қауым автордың өлеңдерін оқып, жазбаларына қанықты. Әсіресе, №63 орта мектебінің мұғалімдері мазмұнды кездесудің ажарын ашты. 
Тіл – қымбат қазына. Осынау тәмсілді санаға сіңірмеген қазақ кемде-кем. Біз тілге тиек еткен қос қаламгерге жасалған құрмет соның бір айғағы. Баспасөз саласының көрнекті өкілдері қасиетті Арыстан баб бабамен ерекшеленген округ халқының құндылықтарды білуге деген құлшынысына риза болысып, алғыстарын жаудырды. 
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Езге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» деп өміршең өлеңмен ой қалдырған Қадырдай ақын айтқандай, ананың ақ сүтімен бойға дарыған қастерлі тілімізді ұлықтаудан еш танбасақ біз бағындырмаған биік, біз аспаған асу болмасы анық. 

А.ЖАЙШЫЛЫҚ
13 қыркүйек 2025 ж. 14 0