Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Аралдағы Дубай» немесе ауылдың құмын кәсіп көзіне айналдырған

«Аралдағы Дубай» немесе ауылдың құмын кәсіп көзіне айналдырған

Мемлекет басшысы әр Жолдауында туризмді дамытуға басымдық береді. Бұл жолы да туризмді еліміздің танымалдығын арттыратын ғана емес, экономикалық өсуін қамтамасыз ететін бағыттардың бірі ретінде айқындады. Өңірімізде де осы салада ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл аймақтың, жалпы еліміздің мәдениетін, тарихы мен табиғатын әлемге таныстыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Сыр өңірі туралы айтқанда ойы­мызға алдымен Аралдағы Қамбаш көлі, Қармақшыдағы «Қорқыт ата» мемориалды кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы келеді. Бұл қатарға биыл «Аралдағы Дубай» делініп жүрген Арал ауданының Шижаға елді мекені қосылды. Аудан орталығынан алыстау орналасқан Аққұм ауылдық округіне қарасты ауылдың құмын табыс көзіне айналдыра білген – жергілікті кәсіпкер Алтынгүл Жазықбаева.
Кейіпкеріміз бұл кәсібін биыл мамыр айында өзінің қаражаты есебінен бастады. Аралдың құмды ауылында тыңға алғаш болып түрен салған да – өзі. Әйтпесе, ауданда құмның ортасында отырған 7-8 ауыл бар. Арада көп уақыт өтпесе де, жазушы Бауыржан Омаров суреттегендей, су жаңа киіміңмен қанша аунасаң да, үстіңе ештеңе жұқпайтын бұл жердің шеге құмынан қуат алуға келетіндер көбейген.
– Адамдар көбіне Дубайға Сахара шөлін көру үшін барады ғой. Ауылымыздың құмды екенін ескеріп, мен де келушілерге арнап араб үлгісіндегі киімдер мен квадроциклдерді жалға беруді дұрыс көрдім. Одан бөлек, жылқымен, түйемен серуендеуге болады. Ақшаңқан киіз үйлер орнатылған. Мұнда қазақтың ұлттық киімімен де фотосессия жасап, саяхаттағы әрбір сәтті естелікке айналдыруға мүмкіндік бар. Бізге облыстың, еліміздің әр түкпірінен ғана емес, шетелдерден де қонақтар жиі келеді.
Соларға ұлттық ерекшеліктерімізді көрсету үшін далада пешке қозықуырдақ, қазанға қазанжаппай пісіріп, дәм тартамыз. Осылайша ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарымызды ұлықтап жүрміз, – дейді Алтынгүл Жазықбаева.
Ол 14 жыл бойы аспаз болып еңбек еткен. Қазақтың қолөнерінен де бір кісідей хабары бар. Қолдан келетін дүние болғасын киіз үйлерді де ешкімге салмақ сал­май өзі безендіріп алды. Одан бөлек есік алдына сәкі, алтыбақан және балаларға арнап тегін батут орнат­қан. Өз қаражаты есебінен жарық бағандарын қойған, бүгінде айналасы самаладай жарқырап тұр. Кәсіпкер қайырымдылық істерінен де шет қалған емес. Шижағадағы мұқтаж от­ба­сы­ларға көмектесіп, сауабын алды.
Елді мекенге сапарлап барған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов ерекше әсерін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөліс­кен еді. Ол шетел асып шығындалмай-ақ өз жерімізде жауһар әлемге көз тойдырып, ерекше сезімге бөленуге болатынын жеткізді.
– Шижағаның шеруен тартқан шеге құмы – құйма алтындай қымбат қазына. Қадірін білгенге Арал эмира­тының екінші Дубайы дерсіз. Ысыл­даған сұлу сафари, құм беткейін қуалап соққан самал, еркіндіктің дәмін сезіндіріп, адам жанын сергітеді. Көзіміз көргендей, бұл жерде квадроцикл де, ат та, маңғаз түйе де бар. Тізгіндеп көрдік, серуендедік, сұлулықты сезіндік. Құмдағы күн шуағы мен тыныштық жүрекке жылу сыйлады. Көзбен көрем, табаныңызды ыстық топыраққа тигізем десеңіз, жолдың жайы да жаман емес, – деп жазды депутат.
Халық қалаулысы атап өткендей, халық­аралық автодәліз іргеде. Межелі орынға дейін асфальт тегіс, қолайлы. Инфрақұрылым қалыптасқан, дем­алыс пен инвестицияға мүмкіндік зор. Кәсіпкер алдағы уақытта туризм үшін ауылдың әлеуетін барынша пайдалануға мүдделі.
– Жазда келушілер саны өте көп болды. Тіпті шетелдіктердің арасында қайтадан келгендер бар. Күннің суы­ғанына байланысты қыркүйек айының ортасына таман жабыламыз. Келесі жылы заманауи түрде кеңейтуді қалап отырмын, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
16 қыркүйек 2025 ж. 216 0