Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көгілдір отын келген жыл

Көгілдір отын келген жыл

2015 жыл. Индустриялық-инновациялық даму ел экономикасының өсуіне, өндірістік кәсіпкерлікті дамытуға қолдау береді. Осы орайда, 2015 жылы ауданда бұрыннан қордаланған өзекті мәселелер шешімін таба бастады. Әсіресе, қаңтарылған жұмыс орындары іске қосыла бастады. Мәселен, көптен бері тоқтап тұрған бидай өңдеп, ұн шығаратын элеваторға инвестор келіп, шаруасы оңала бастады. Элеватордың қуаттылығы тәулігіне 180 тонна бидай тартып, онан 150 тонна ұн шығаруға есептелген. «Ранар» ЖШС «Аралым» ұнын және мал азығы жемін сатылымға шығарды.
2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялықинновациялық даму бағдарламасы аясында өңірлік Индустрияландыру картасына ауданнан 4 жоба кірді. Олар – «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу», «Аралым» ЖШС-ның «Диверсификацияланған көпсалалы ауыл шаруашылық кешені», «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның «Күйдірілген кірпіш өндірісі», «Жаңа Арал» ЖШС-ның «Жүн және теріні алғашқы өңдеу» жобасы бар.
Ауданға инвестиция тарту, тау-кен өндірісін дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылды. «Аралмұнайгаз» ЖШС Арал қаласының оңтүстік-шығыс беткейінде, Аманөткел мен Мергенсай ауылдық округтерінде мұнай барлау жұмыстарын жүргізді. Осы жылы аудандағы ең үлкен жаңалық аралдықтардың көгілдір отынға қол жеткізуі болды. 2015 жыл сол кездері облыс әкімі болған Қ.Көшербаев, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қ. Шәріпбаевтың қатысуымен Арал қаласы табиғи газға қосылды. Бұған қоса Сексеуіл кентінде емхана мен мәдениет үйлері ашылды.
Аудан бюджетінің толығуында қомақты үлес қосатын шағын кәсіпкерлік қарқынды дамыды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Сыйақы ставкасын субсидиялау» бағытымен 7 бизнес жоба субсидияланса, «Гранттық қаржыландыру» бағыты бойынша 1 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды.
Туризмді дамыту жолға қойыла бастады. «Қамбаш» селолық тұтынушылар кооперативіне берілген жер телімі 19 учаскеге бөлініп, Арал мен Қазалы ауданының кәсіпкерлері 80-ге жуық нысанның құрылысын жүргізді. Жазғы маусымда Қамбаш көлі жағасына келіп демалушылар саны 70 мыңнан асып жығылды.
2015 жылы балық шаруашылығы саласының да даму белесі айқын болды. Ауданда 7 балық өңдеумен айналысатын кәсіпорын жұмыс жасады. Көксеркенің жон еті Польшаға, қатырылған балық Грузияға жол тартты. Аталған жылы ауданда облыс балықшыларының слеті алғаш рет ұйымдастырылып, Қамбаш көлі жағасында балықшылар тойы жоғары дәрежеде тойланды.
Ауданды басқарған А.Мұхимов теңіз төскейіндегі халықтың әл-ауқатын көтеріп, ауданды дамыту жолында 2015 жылы көптеген шаруалар атқарды.
16 қараша 2021 ж. 451 0