Салықтық аудит енді электронды форматта өтеді

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық аудит басқармасының бас сарапшысы Нұрлан Қожагелдиевтің қатысуымен «Салықтық тексерулер барысында стандартты тексеру файлын қолдану» тақырыбында тікелей эфир өтті.
Спикердің айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық кодексіндегі бірқатар өзгерту күшіне енеді. Солардың бірі салықтық тексерулерге арналған стандартты тексеру файлының енгізілуі. Бұл талап Салық кодексінің 161-бабында көзделген және осы норма аясында жеті стандарт бойынша әкімшілік-құқықтық акт қабылданған.
Нұрлан Қожагелдиевтің түсіндіруінше, стандартты тексеру файлы бұл бухгалтерлік деректерді электрондық форматта ұсынуға мүмкіндік беретін құрал.
– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – XML немесе Excel форматындағы электрондық файл, онда тек бухгалтерлік мәліметтер, яғни кірістер, шығыстар, салықтар және активтер туралы ақпарат жинақталады. Мұндай файл бухгалтерлік есеп жүргізуге арналған ақпараттық жүйеден 1C, SAP, немесе Oracle экспортталып, кейін салықтық талдау жүйесіне жүктеледі. Жүйе өз кезегінде деректерді автоматты түрде оқып, сәйкессіздіктер мен қателіктерді анықтайды, – деді ол.
Сонымен қатар ол өз сөзінде стандартты тексеру файлы жеті бағыт бойынша қалыптастырылатынын атап өтті.
– Атап айтқанда, стандартты файл келесі бағыттар бойынша қалыптастырылады: салықтар мен бюджетке төлемдердің есебі және төленуі; негізгі құралдар мен амортизацияның есепке алынуы; ҚҚС бойынша операциялар есебі; резидент еместермен өзара есеп айырысулар; 100 және 300 нысандары арасындағы кіріс деректерін салыстыру; бухгалтерлік есептегі шығындарды сәйкестендіру; сондай-ақ тауарлар мен қызметтер бойынша шығындар есебі – мысалы, жарнама, маркетинг, инженерлік және басқа да қызмет түрлері, – деп түсіндірді маман.
Сонымен қатар жаңа файлда бұрын болмаған маңызды деректер де қамтылады. Мәселен, электронды шот-фактуралар, бухгалтерлік есептегі шығын баптары және олардың декларациядағы нақты жолдармен сәйкестігі.
– Бұл жаңашылдық салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы өзара әрекетті жеңілдетеді. Құжаттарды қағаз түрінде сұрату азаяды, адами фактордың әсері төмендейді. Салық төлеуші өз деректерін алдын ала тексеріп, сәйкестігін бағалай алады. 1С жүйесінде мұндай функциялар кеңейтіледі, – деп атап өтті сарапшы.
Нұрлан Қожагелдиевтің айтуынша, стандартты тексеру файлы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексімен қатар қолданысқа енгізіледі. Қазіргі таңда тиісті нормативтік-құқықтық акт ресми түрде бекітіліп, уәкілетті органда тіркелген.
Бұған дейін 2026 жылдан бастап салық төлемеген шетелдік платформалар бұғатталуы мүмкін екенін жазғанбыз.
syrboyi.kz