Айбыны асқақ, тұғыры биік

Аудан көлемінде 2 спорт мектебі және 1 спорт клубы жергілікті халықты бұқаралық спортқа тарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Арал ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын тұрғындар 32 113 адамға жетіп отыр. Бұл аудан тұрғындарының 40,5 пайызын құрайды.
Аудан бойынша 228 спорт объектісі тіркелген. Олардың төртеуі спорттық кешен, біреуі стадион, жетпіс спорт залы халыққа спортпен шұғылдану үшін қызмет көрсетіп келеді.
Арал ауданы бойынша Олимпиада ойындары бағдарламасына кірген 12 спорт түрінен спорт үйірмелері жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, баскетбол, бокс, волейбол, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, жеңіл атлетика, қол добы, таеквондо, үстел теннисі, футбол, әйелдер күресі сынды спорт түрлерінен жастардың шұғылдануына мол мүмкіндік беріліп отыр.
– Олимпиада ойындары бағдарламасына кірмеген гір спорты, каратэ-до, қол күресі, панкратион, әмбебап жекпе-жегі, дойбы, шахмат, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ және теңге ілу сынды 12 ұлттық спорт түрлері бар. Сондай-ақ, аудандағы мүгедектерді қолдау мақсатында Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Мүгедектерге арналған спорт клубы» КММ-сі жұмыс істеп тұр. Аталған мекеме тоғызқұмалақ спорт түрімен 12 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қамтып отыр. Біз спортқа құмар тұрғындардың толық қамтылуы үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз, – дейді Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов.
Сонымен қоса ауданда велосипед спортымен шұғылдануына да жағдай жасалып отыр. Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубы» КММ-сінде 26 балаға велосипед спортымен айналысуда.
Үстіміздегі жылдың 9 айдын қорытындысымен аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 57 спорттық жарыс өтті. Оның 5-уі республикалық, 5-і облыстық, 47 аудандық іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткізілген додалардың 21 спорттық жарысы жастар және ересектер арасында, 36 спорттық жарыс балалар және жасөспірімдер арасында болды. Бұл іс шараларға 4 200-ге жуық спортшылар қатысқан.
Тоғыз айда спортшыларымыз толымды жетістіктерге жетіп үлгерді. Аудан спортшылары ҚР-ның ресми чемпионаттарында және Азия чемпионаттарында 34 медальға ие болды. Оның ішінде 11-і алтын, 11-ы күміс, 12-ы қола медаль бар. Атап айтар болсақ, Қайрат Разақов, Мұрат Махамбетов гір тасын көтеруден Азия чемпиондары, Алпамыс Болатұлы грек рим күресінен Қазақстан чемпионы, Дана Оразбекқызы жасөспірім қыздар арасында бокстан Қазақстан чемпионы атанды.
«Спорт – денсауылық кепілі». Жастардың жан саулығына көңіл бөліп, спортпен шығылдануына жағдай жасаған ел ұтары анық. Өйткені, ұрпағы сау ұлттың ғұмыры да ұзақ болатыны сөзсіз. Бұл тұста ауданда атқарылып жатқан жұмыстар көңілге қуаныш ұялатады. Спорт шыңын бағындырып жүрген жерлестеріміздің жетістікке жетуінде олардың қалауын қанағаттандыра білген саланың рөлі маңызды.
Н.МАРАТ