Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда спорт саласы біршама дамып келеді

Аралда спорт саласы біршама дамып келеді

Білікті, білімді және дені сау ұрпақ еліміздің келешегі екені анық. Сол үшін жастар білім алуымен қатар, өнер мен спорт секілді дүниелермен шұғылдануына, яғни жан-жақты дамуына мемлекеттен көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесі жайына аса назар аударған болатын.
– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Арал ауданында да спорт біршама деңгейде дамыған. Аудан көлемінде 2 спорт мектебі (№19 АОРМБЖМ, №20 БЖСМ) және 1 спорт клубы (Арал спорт клубы) жергілікті халықты бұқаралық спортқа тарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Арал ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 31 208 адам шұғылданады. Бұл аудан тұрғындарының 39 пайызын құрайды екен.
– Жалпы аудан бойынша 246 спорт объектісі тіркелген. Оның 4-уі спорттық кешен болса, 1-уі стадион, 55-і спорт залдар, 14-і бейімделінген спорт бөлмелері, 4-уі спорттық ату тирлері, сонымен бірге 168-і жазықтағы спорт алаңдары халыққа спортпен шұғылдану үшін қызмет көрсетіп келеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 75 спорттық жарыс, оның 2-уі республикалық, 3-уі облыстық, 70-і аудандық іс-шаралар өткізілді,– деді Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Эльмира Алтынбекқызы.
Жалғыз теңізді өлкені емес, елімізді дүйім дүниеге танытып жүрген спортшыларымыз да жетерлік. Олардың жеңісіне барша ел болып қуанып жатамыз. Бүгінгі күні аудан спортшылары түрлі жарыстарда 38 медальға ие болды. Оның ішінде 15-і алтын, 10-і күміс, 13-і қола. Өткен 2023 жылдың 3-10 қараша күндері Алматы қаласында өткен шахматтан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ҚР кубогінің жүлдегері Асылжан Мейірханұлы. Сонымен қатар Әлем чемпионатына жолдама ұтып алса, ағымдағы жылдың 26-30 маусым күндері Астана қаласында әмбебап жеке-жек спорт түрінен жерлесіміз Нұртуған Әлібеков жеңімпаз атанып, қараша айында Италия елінде өтетін Әлем біріншілігіне жолдама ұтып алды. Сондай-ақ ауданымыздың спортшысы Алпамыс Болатұлы ағымдағы жылдың шілде айында Иордания елінде өткен жастар арасында грек-рим күресінен Азия біріншілігіне қатысса, үстіміздегі жылдың 16 шілде күні Тайланд елінде өткен Азия біріншілігінде грек-рим күресінен жерлесіміз №61 орта мектеп оқушысы Махамбет Мирас жүлделі 3 орын жеңіп алып, аудан абыройын бір мәрте асқақтатты. Сонымен қатар, жоғарыда аталған Азия біріншілігінде әйелдер күресінен №13 орта мектеп оқушысы Жамсапқызы Раяна Азия біріншілігінде ел намысын қорғады.
Тағы айта кетерлігі, ауданда АРТ-спорт (Даму бала) бойынша екі кәсіпкер жұмыс жасауда. Бір кәсіпкер осы Аралдың тұрғыны болса, Исмаилов Мади Асылбекович ИП «Dostar Aral» - үстел теннисі секциясы, 67 бала, екінші кәсіпкер Қызылорда қаласының тұрғыны Байтубетов Абай Аскербекович «ИП Айымжан» - таэквондо секциясы, 102 бала.
Иә, ауданда спортты дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп жатса, оны әрі қарай дамыту үшін де жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл аудан жастарының жарқын болашағы үшін екені сөзсіз.
– Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылы «Арал спорт клубы» КММ-не үрлемелі модулді нысан 24 553 571 теңгеге алынды. Алдағы уақытта Спорт күні мерекесі қарсаңында, аталған залды еркін күрес және үстел теннисі бөлімшелеріне пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл Жақсықылыш кентіндегі спорт кешенін пайдалануға беру жұмыстары толық аяқталмақ. Аққұм ауылдық округі, Шижаға елді мекенінен 1 спорт кешенінің құрылысының мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, «Болашақ» ЖШС-мен (мердігер) 418,39 мың теңгеге келісім-шарт жасалып қаражаты бөлуге жұмыстар жүргізілу жоспарлануда. Сонымен бірге Арал қаласынан жаңадан салынуға жоспарланған үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмыстарын жүргізу үшін әзірленген жоба сметалық құжаттарының мерзімінің өтіп кетуіне орай тоқтап қалған болатын. Осыған сәйкес, Арал қаласынан екі спорт кешен құрлысын салуға жаңадан жоба-сметалық құжаттамалары мен мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаражат бөлуге жұмыстар жүргізілуде,–деді Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Эльмира Алтынбекқызы.
Сонымен бірге ағымдағы жылдың қыркүйек айында жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан Республикасы чемпионатын аудан көлемінде жоғары дәрежеде ұйымдастырып өткізу межесі тұр екен. Және де Сырдария ауданында облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін ауыл спортшыларының ХХХVII-ші дәстүрлі «Алтын күз - 2024» облыстық спартакиадаға толық құрамда аудан спортшыларын қатыстыртып, жоғары деңгейде өнер көрсету жоспарланған. Жыл соңына дейін Әлем біріншілігінде ауданның бір спортшысын жеңімпаз немесе жүлдегер атану межесі тұр екен.
Иә, жастардың дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Онымен күн сайын тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты болмақ. Сол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызды бірінші қазынамыз ретінде қолға алғанымыз жөн. Денсаулығымыз болмаса, біз де ешбір дүниеге жарамай қалатынымыз белгілі. Сондықтан да денсаулығымыз болашағымызға байланысты екенін ескере отырып, күнделікті қозғалыс үстінде, дене жаттығуларын жасап жүрейік.
Айсауле НҰРЛАНОВА
23 шілде 2024 ж. 106 0