ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕР ӘЛ БЕРЕДІ
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда халықтың тұрмыс деңгейін қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Соның ішінде әлеуметтік дүкендер жүйесінің дамуы тұрғындар үшін үлкен көмек болып отыр. Бұл дүкендер әлеуметтік осал топтарға қолжетімді бағада азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар ұсынуы арқылы қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.Әлеуметтік дүкендердің басты артықшылығы – негізгі азық-түлік өнімдерінің нарықтағы орташа бағасынан төмен сатылуы. Мұндай дүкендерде ұн, нан, сүт, май, қант, көкөністер секілді күнделікті қажет тауарлар арзанырақ. Бұл, бір жағынан, инфляцияның әсерін жұмсартуға, екінші жағынан, баға саясатын тұрақтандыруға көмектеседі. Көптеген өңірлерде әлеуметтік дүкендер әкімдік бекіткен шекті бағалармен жұмыс істейді, бұл халыққа нақты жеңілдік береді.Зейнеткерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әлеуметтік дүкен – айтарлықтай көмек көзі. Табысы төмен тұрғындар күнделікті қажеттіліктерін қымбаттатпай, үнемдеп қанағаттандыра алады. Кей қалаларда мұндай дүкендерде арнайы жеңілдіктер, әлеуметтік карталар, арзан өнім күндері секілді қосымша акциялар ұйымдастырылады.
Әлеуметтік дүкендер көбіне жергілікті фермерлер мен отандық өндірушілердің өнімдерін сатады. Бұл ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, кәсіпкерлерге қаржылық жағынан сенімділік береді. Отандық өнімнің қолжетімді бағамен сатылуы – экономиканың ішкі дамуына оң әсерін тигізеді.
Бағаның күрт өсуі тұрғындардың алаңдаушылығын тудыратыны белгілі. Ал әлеуметтік дүкендердің кеңеюі әлеуметтік теңсіздіктің алдын алуға септігін тигізеді. Тұрғындар қажетті азығын арзан бағамен ала алса, қоғамда тұрақтылық пен сенім артады. Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты әрі тиімді көрінісі.
Аудан көлемінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Жұмысшы топ сауда орындарын аралап, өнімдердің қазіргі бағасын саралап, шекті бағадан асып кетпеуін ұдайы бақылап отырады.
Осы бағытта аудандағы әлеуметтік дүкендерде мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, негізсіз баға өсіруге жол бермеу, белгіленген шекті бағаны сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, қуантатын жаңалықтың бірі азық-түлік бағасын төмендету және тұрақтандыру бағытында жергілікті әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылдану үстінде екен. Атап айтқанда, қыс мезгіліне арналған картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат сияқты көкөністердің бағасын тұрақты ұстап тұру бағытында аудан орталығындағы жұмысшы топпен рейд шаралар ұйымдастырылуда.
Бұл да бүгінгі нарық заманында халыққа дем беретін игі бастама.
Әлеуметтік дүкендер – халықтың тұрмысын жеңілдететін әлеуметтік маңызы зор жоба. Олар бағаны ұстап тұруға, осал топтарды қолдауға, отандық өндірушілерді дамытуға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан мұндай дүкендердің санын арттыру мен қызметін жетілдіру – бүгінгі күннің қажеттілігі.
Еліміздің әр өңірінде әлеуметтік дүкендердің жұмысы жолға қойылып, нағыз халықтық жобаға айналып келеді. Бұл бастама алдағы уақытта да ел экономикасына және тұрғындардың әл-ауқатына оң әсерін тигізе беретіні сөзсіз.
Н.МАРАТ










