Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ ТАҚЫРЫБЫ – АРҚА ТӨСІНДЕ

АУЫЛ ТАҚЫРЫБЫ – АРҚА ТӨСІНДЕ

 Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. «Бірігіп пішкен тон келте болмасын» ұғындырған жиында елдің жайы, ауылдың болашағы жан-жақты қаузалды. Көп нәрсе тақырыпқы арқау етілген басқосуда алдағы міндеттер кеңінен пысықталды. Президенттің оң саясатының нәтижесінде мемлекетімізде түрлі деңгейдегі әкімдер сайлауы қолға алынып, бүгінде аталмыш саяси бастама тиімділігі жағынан мойындалғаны көпке мәлім. Ауданымызда да бірқатар алтын бесікке баланған ауылда әкімдер сайланып, лайықты жандарға қазақылықтың бастауы саналған ауылды көркейтуге, дамытуға мүмкіншілік берілді. 
Алқалы басқосуда Мемлекет Басшысының әр сөзінен қуат алған әкімдер жеке секторға жол ашып, өндірісті өркендетуді міндеттеріне алып, жергілікті жердегі кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге жарқын жобаларды ұйымдастырды. Осынау диалог-платформа аясында кәсіби шеберлік сараланған жиын мемлекеттік басқарудың сапасын да зерделеп, уақытпен үндесудің тәсілдерін талқыға салды. 
Президент Жолдауында көрсетілгендей негізгі міндеттер екшелеген кең көлемдегі кездесуде қандай деңгейдегі әкім болсын халықпен арада мызғымас алтын көпір орнатып, мемлекеттік бағдарламаларды шебер үйлестіріп, әлеуметтің әлуетін арттыруға қолданкелгенше үлес қосу қажеттігі айтылды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілді тағы бір мәрте еске түсірген жиында нәтижелі жұмыс, ілкімді іс талап етілді. 
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ауылды өркендетумен ауыл әкімдерінің институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін саралады. Сондай-ақ, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелерін тілге тиек етіп, ауыл әкімдерінің басым көпшілігі яғни, 80 пайызы осында екенін алға тартып, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырғанын жеткізді. 
Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Осыны ортаға салған Президент: –Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі, халқымыздың тамыры ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, елімізде берекелі болмақ. Сондықтан, ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше, – деді. 
Бұдан бөлек, Мемлекет Басшысы Үкіметке экономиканың тұрақты әрі сапалы өсімін қамтамасыз етуді, инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсартуды тапсырды. 
Диалог-платформа аясында «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсіби ашықтық» айрықша айтылды. Іскерлігімен көпке танылған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жергілікті деңгейдегі көшбасшылық: ауыл әкімі – өзгерітердің агенті» тақырыбында баяндама жасады. Нұрлыбек Мәшбекұлы өз баяндамасында Мемлекет Басшысының тапсырмасымен атқарылған ауылдық аумақтарды дамыту бағыты туралы сөз қозғады. 
– Президентіміздің бастамасымен енгізілген саяси реформаның бірі – қала, аудан, ауыл әкімдерін тікелей сайлау. Әкімдер халық таңдауымен сайланып, қызметке келуде. Бұл бастама халықтың саяси белсенділігін арттырып, тұрғындардың жергілікті өз-өзін басқару ісіне тартуға мол мүмкіндік берді. Бүгінде өңірдің 447 мың тұрғыны яғни, халықтың 53 пайызы ауылда тұрады. 146 кент пен ауылдық округ бар. Жаңа сайлау жүйесі енгізілгеннен бері 2005 әкім сайлауы өткізілді. Барлық елді мекен әкімдері 100 пайыз жаңадан сайланды. 2023 жылы пилоттық жоба аясында Шиелі және Сырдария аудандарының әкімдері сайланса, үстіміздегі жылы Қазалы ауданының әкімі халық таңдауы арқылы қызметке келді, – деп сөзін сабақтады. 
Баянды бастама, жақсы үрдіс қашан да ертеңімізді еңселі ететіні айтпасада түсінікті. Ашықтықты ұстанып, Жаңа Қазақстан құру жолындағы табысты тірлік елді дамуға бастайтыны ақиқат. Бұл өзгерістер демократиялық процестердің көрінісі. Билік органдарының ашықтығы мен есептілігін арттырған қадам әкімдердің жауапкершілігін күшейтері мәлім. Ақ Орда төрінде өткен алқалы жиынға Арал ауданынан да бірқатар ауыл әкімдері барып қайтты. Бұл жиын аралдық ауыл әкімдерін шабыттандыра түскендей. 
Ауыл тұрғындарының тіршілігі – бір қарағанда қарапайым, бірақ егжей-тегжейіне үңілсек, өзіндік күрделі құрылымы бар өмір. Қыста жолдың тазалануы, жазда су тапшылығы, егіс алқабының жағдайы, мал азығының бағасы, мектептің жылуы, баланың интернетке қолжетімділігі – мұның барлығы ауыл әкімінің күнделікті бақылауы қажет мәселелер.  Сондықтан Мемлекет басшысының ауыл әкімдеріне нақты міндет жүктеуі кездейсоқ емес. Халықпен тікелей жұмыс істейтін буынның жауапкершілік деңгейін күшейту – ауылдардың болашағын айқындайтын негізгі қадамдардың бірі.
Жиында көтерілген мәселелердің нақты іске айналуы – ауылдардың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Ауылдың қуаты артса, елдің еңсесі де биіктейді. Бұл – экономика заңдылығы ғана емес, ұлттық болмыстың да бір бөлігі.
Ауыл әкімдерінің міндеті бұрынғыдан да салмақты болмақ. Халық олардан нақты іс, нақты шешім, нақты көмек күтеді. Ал мемлекеттік деңгейде жасалған бастамалардың ауылдағы өмірге тигізер әсері тұрғындар тарапынан күнделікті сезіліп отырады. Сондықтан ауылға қатысты әр бастама, әр шешім, әр ұсыныс – тек қағазда қалмай, нақты әрекетке айналуы тиіс. Тек сонда ғана ауылдың әлеуеті артып, елдің дамуына қосатын үлесі де ұлғая түспек, – дейді Құланды ауылдық округінің әкімі Сұлтанбек Ғабиболатов.
Ал Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Азат Балмырзаева ауыл әкімдерінің республикалық жиыны елдік саясаттың өзегін жақыннан сезінген ерекше күн болды дейді.
– Парламент жүйесін жетілдіру бағытында да маңызды ұсыныстар айтылды: кәсіби деңгейі жоғары заң шығару органын қалыптастыру, жаңа комитеттер құру, цифрландыру мен аймақтық дамуды жеке бағыт ретінде қарастыру – саяси жүйенің жаңаруына жол ашады. Жиынның түйіні – бірлік, тәртіп және елге адал қызмет ету.
Президент сөзінен ел алдында үлкен міндеттер тұрғаны, ал оны орындау – әр деңгейдегі басшының да, әр азаматтың да ортақ жауапкершілігі екені анық сезілді.
Мен бұл жиыннан елдің болашағына деген сеніммен шықтым. Бүгін айтылған бастамалар – экономикадан бастап мемлекеттік басқаруға дейінгі кең ауқымды жаңғырудың нақты қадамдары, – дейді ол. 
Орталық пен өңірлер, оның ішінде ауылдық жерлер үйлесімді әрі жүйелі жұмыс жүргізсе Президент берген пәрмен көздеген мақсаттарға сапалы іске асырылары мәлім. Ең басты мақсат – экономиканы алға бастырып, азаматтардың өмір сүру деңгейін мейлінше жақсарту екендігі қаузалған жиыннан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының жүзеге аса бастағандығын байқадық.

Абай ЕЛЕШ
02 желтоқсан 2025 ж. 104 0