Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл әкімдері диалог платформасы және технологиялық жаңғыру – ел дамуының негізгі драйвері

Ауыл әкімдері диалог платформасы және технологиялық жаңғыру – ел дамуының негізгі драйвері

Ауыл әкімдері диалог платформасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәлімдемелерін тыңдау мен үшін үлкен әсер қалдырды. Елдің технологиялық жаңғыру мен цифрландыру бағытында нақты қадамдар жасауы қажет екені айқын көрінді. Мен үшін ең маңыздысы – Президенттің бұл мәселені стратегиялық тұрғыдан қарап, нақты іс-қимыл жоспарын ұсынуы болды. Президент АҚШ тәжірибесін мысалға келтіріп, жасанды интеллект саласындағы бірыңғай платформаның маңыздылығын атап өтті. Мұндай жүйе ғылыми зертханалар, дата орталықтар, цифрлық модельдер және суперкомпьютерлер желісін біріктіріп, жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеуге тың серпін береді. Бұл Қазақстан үшін де өз цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды сабақ бола алады. Әлбетте, біз жаһандық көшбасшы болуға ұмтылмасақ та, өркениет көшінен қалмау және технологиялық жаңғыруды жеделдету – ел дамуының басты басымдықтарының бірі. Сонымен қатар, Президент ауылдық округтер мен елді мекендерді цифрландырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Цифрлық Қазақстан» жобасын ауылдарсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Ауыл әкімдері ақпараттық платформаларды тиімді пайдаланып, жергілікті тұрғындардың мәселесін уақытында анықтап, шешім қабылдауға атсалысуы тиіс. Бұл әрекет тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, жергілікті басқарудың тиімділігін арттыруға нақты ықпал етеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осыған тікелей қатысты. Ауыл әкімдері мен жергілікті билік азаматтардың өтініштеріне нақты жауап беріп, олардың сенімін арттыруы қажет. Өтініштердің басым бөлігі жол, аула, балалар алаңы сияқты инфрақұрылымдық мәселелерге байланысты. Сол себепті әр әкім өз өкілеттілігін толық пайдаланып, тұрғындарға нақты нәтиже көрсетуі маңызды. Жеке пікірім бойынша, технологиялық жаңғыру мен цифрландыру – ел дамуының басты драйвері. Ауыл әкімдері мен орталық биліктің өзара тиімді байланысы, ақпарат алмасу және цифрлық жүйелерді тиімді қолдануы арқылы Қазақстан ауыл мен қаланы теңестіреді, жергілікті басқарудың сапасын арттырады және азаматтардың сенімін нығайтады. Мұндай жүйелі жұмыс – еліміздің дамуы мен халықаралық аренадағы орнының нығаюына тікелей ықпал ететін нақты қадам.

Н.Жандаулетов,
Аққұм ауылдық округінің әкімі
02 желтоқсан 2025 ж. 202 0