ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ - БАРШАҒА ОРТАҚ ІС
Бүгін “AMANAT” партиясының консультанты Сабырбай Ержан Әділжанұлы және Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мамбетов Бекбол және жастар орталығының мамандары қала аумағындағы маңдайша жазулары мен сыртқы көрнекі жарнамалардың заң талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабында көрсетілген нормалар аясында ұйымдастырылды.Зерделеу барысында деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндері (маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар) заң талаптарына сәйкес келмейтін нысандар анықталды. Аталған нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, маңдайша мәтіндерін дұрыс рәсімдеу және орналастыру тәртібін көрсететін схема-үлгілер мен әдістемелік жадынамалар таратылды.
Айта кету керек, деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтіні келесі тәртіппен орналастырылуы тиіс: мемлекеттік тілдегі мәтін – сол жақта немесе жоғарғы бөлікте, орыс тіліндегі мәтін – оң жақта немесе төменгі бөлікте беріледі. Екі тілдегі жазулар бірдей өлшемдегі әріптермен рәсімделуі шарт. Қажеттілігіне қарай қосымша басқа тілдерге аударуға болады, алайда олардың қаріп өлшемі нормативтік актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс.
Сонымен қатар, барлық мәтіндер орфографиялық нормаларға сай, мазмұнның теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылуы қажет.










