Халық денсаулығының айнасы
Ауыл тұрғындарының денсаулығы әрқашан қоғамның басты құндылығы. Ал ауылдық медициналық мекемелер – тұрғындарға қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ететін негізгі күш. Өзінің жұмысын 1999 жылы «Жанұя амбулаториясы» ретінде бастап, сол жылы алғашқы басшы Гүлназ Қуанышбайқызы Айтуғанованың ұсынысымен ұлт ұстазы «А.Байтұрсынов атындағы ауылдық емхана» болып өзгертілді. Бастапқыда 14 мың тұрғынға қызмет көрсеткен мекеме бүгінгі таңда ауыл халқының денсаулығы үшін заманауи қызмет көрсетудің үлгісіне айналған.Уақыт өте келе емхананың тынысы кеңіп, қызметкерлер саны артып, медициналық көмек көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілді. 2015 жылға дейін емхананы Гүлназ Айтуғанова басқарды, ал 2024 жылға дейін Гүлжанат Төлепова меңгерушілік етті. Сол кезеңде аға мейіргер Күнзия Төлеуова, КүнқияшҚыздарбекова, МайраБоранбаева, АйзадаХаирова, БақытӨтешова АйнашМырзалиева үлкен жауапкершілік арқалап, қызмет етті. Қазіргі таңда мекемеге білікті басшы Ағила Мектепбаева жетекшілік жасап, барлық қызметті заман талабына сай үйлестіруде. Бүгінде емхана қызметкерлерінің саны 100-ден асып, әрқайсысы ауыл тұрғындарының саулығы үшін аянбай еңбек етуде.
– Емхананың басты мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету. Бұл міндет өз ішіне аурулардың алдын алу, ерте анықтау, созылмалы сырқаттарды бақылау, халықты скрининг және диспансерлеуден өткізу, иммундау жұмыстарын жүргізу, жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау, қарттар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету сияқты сан алуан бағыттарды қамтиды. Ауылдың демографиялық құрылымы, әлеуметтік жағдайы мұқият ескеріліп, әр учаскенің жүктемесі, жоспарлы шаралар мен алдын алу жұмыстары осы деректерге сай жүргізіледі. Балалар саны, жүкті әйелдер, қарттар мен созылмалы аурулары бар тұрғындардың саны анықталып, медициналық қызмет бағыттары нақты жүйеленеді. Эпидемиологиялық ахуал да назардан тыс қалмайды.
Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімді болуы емхананың басты назарында. Қазіргі уақытта кез келген адам DAMUMED мобильді қосымшасы немесе емхананың регистратурасы арқылы дәрігерге оңай жазыла алады. Электронды кезек жүйесі енгізіліп, ұзақ уақыт күту қажет емес. Жедел жағдайларда кезексіз қабылдану мүмкіндігі қарастырылған. Дәрігерлер таңғы 8:30-дан кешкі 19:00-ге дейін екі ауысыммен еңбек етеді. Үйге дәрігер шақыру да тиімді жолға қойылған. Дәрігер немесе мейірбике науқастың жағдайына қарай барып қызмет көрсетеді, бұл мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты немесе қарт жандар үшін ерекше көмек, – дейді мекеме меңгерушісі Ағила Мектепбаева.
DAMUMED қосымшасы тұрғындарға көптеген жеңілдік әкелді. Дәрігерге жазылу, үйге шақырту, анализ нәтижелерін қарау, электронды рецепттерді бақылау, вакцина паспортын көру – барлығы бір ғана смартфон арқылы қолжетімді. Жүктілікті бақылау, диспансерлік жоспар, созылмалы аурулардың динамикасын тіркеу де осы жүйеде жүргізіледі. Бұл жаңашылдық дәрігерлердің жүктемесін азайтып, пациент пен медициналық мекеме арасындағы байланысты жеңілдетті.
Медициналық кадр мәселесі ауылдық аймақтар үшін әрқашан өзекті болып келеді. А.Байтұрсынов атындағы емханада жалпы тәжірибелі дәрігерлер жеткілікті. 9 аймаққа 9 дәрігер толық қызмет атқарады. Маман тапшылығы сезілмейді. Жас мамандарды тарту, олардың жұмысқа бейімделуі, біліктілігін арттыру – әрдайым басшылық назарында. Оқыту курстары, кәсіби семинарлар, тәжірибелік тренингтер арқылы әр қызметкердің кәсіби деңгейі тұрақты түрде көтеріліп отыр.
Заманауи медициналық жабдықтарсыз сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Емхана бүгінде қажетті аппараттармен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта, нақтырақ айтқанда 2026 жылы, ғимарат капитальды жөндеуден өтіп, материалдық база одан әрі жаңартылады деп жоспарлануда.
Аудан тұрғындарына профилактикалық тексерулер мен ұлттық скрининг бағдарламалары жүйелі түрде жүргізіледі. Жыл басында нақты жоспар құрылып, әр учаске тұрғындарының тізімі жасалады. Қан қысымы, қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары, онкологиялық патологиялар бойынша тексерулер, флюорография, ЭКГ, УЗИ, маммография – бәрі белгіленген мерзіммен өткізіледі. Мейірбикелер тұрғындарды телефон арқылы немесе үй аралау арқылы шақырып, қамтылу деңгейін арттырады. Скринингтің негізгі мақсаты – ауруларды ерте анықтау, асқынудың алдын алу, өмір сапасын жақсарту.
– Диспансерлік есепте тұрған науқастармен жұмыс – емхананың ең маңызды міндеттерінің бірі. Қан қысымы жоғары адамдардың қысымы ай сайын өлшеніп, жылына бір рет ЭКГ, холестерин, көз түбі тексеріледі. Қант диабеті бар тұрғындардың қанына қант, HbA1c, бүйрек көрсеткіштері, аяқ пен көз жағдайы тұрақты бақыланады. Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар адамдарға тиісті ем жүргізіледі, онкологиялық науқастар онкодиспансер мамандарымен бірлесе отырып қадағаланады. Тегін дәрілік қамтамасыз ету тізіміне сәйкес рецепттер электронды түрде жазылып, науқастардың жағдайы үнемі бақылауда болады.
Ана мен бала денсаулығы – емхананың басты бағыттарының бірі. Жүкті әйелдер 10 аптаға дейін тіркеліп, жеке бақылау картасы ашылады. Қажетті қан және зәр анализдері, үш кезеңдік УЗИ, ЭКГ, инфекциялық тексерулер толық жүргізіледі. Жүкті әйелдер мектебі арқылы олар босануға дайындалады. Жаңа туған сәбилерге патронаж жұмыстары жүргізіліп, олардың өсуі, дамуы, тамақтануы бақыланады. Жоспарлы педиатриялық тексерістер жас ерекшелігіне сай жүргізіледі. Вакцинация толық қамтылып, барлық екпелер ата-ананың келісімімен, ұлттық күнтізбеге сәйкес орындалады. Вакцинация эпидемиологиялық қауіпсіздіктің негізгі кепілі болып табылады.
Цифрлық қызметтер ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Электронды кезек жүйесі, онлайн кеңес беру, телемедицина қолжетімділікті арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қозғалуы қиын науқастар үшін үйде кеңес беру, бейне қоңырау арқылы байланысу үлкен көмегін тигізеді.
Емхана ішіндегі санитарлық талаптар да қатаң бақылауда. Бөлмелер күн сайын дезинфекцияланады, құралдар стерилизациядан өтеді, қалдықтар арнайы контейнерлерге жиналып, қауіпсіз жойылады. Инфекциялық бақылау комиссиясы жыл сайын қызметкерлерді нұсқаулықтар бойынша оқытып отырады, – дейді А.Өмірзаққызы.
Ал тұрғындардан келетін ұсыныстар мен шағымдар ішкі аудит бөлімі арқылы қабылданып, арнайы эксперт мамандар тарапынан қаралып жатады. Әрбір пікір қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Емхана мүгедектігі бар азаматтарға, қарттарға, көпбалалы аналарға және әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөледі. Үйге барып қызмет көрсету, арнайы консультациялар, тегін дәрілер, психологиялық көмек, әлеуметтік қызметкерлермен бірлесе атқарылатын жұмыстар – бәрі осы топтардың денсаулығын қорғау үшін жолға қойылып отыр.
Жедел жағдайларда емхана мен жедел жәрдем қызметі тығыз байланыста әрекет етеді. Тез ақпарат алмасу, науқасты қабылдауға дайындау, қажет болса стационарға жолдау секілді үйлесімді жұмыстың арқасында тұрғындарға қауіпсіз әрі уақытылы көмек көрсетіліп келеді.
А.Байтұрсынов атындағы емхана – ауылдың денсаулық айнасы. Оның әрбір қызметкері халықтың сенімін арқалаған жан. Күн сайын есігін ашып кірген әр тұрғын өзінің денсаулығын сеніп тапсырып, алғыс айтып шығады. Емхананың жылдар бойғы еңбегі – халықтың тыныштығы мен амандығы. Ақ халаттылардың еңбегі – үлкен адамгершілік миссиясына айналған.










