Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау – қауіпті дерт

Тұмау – қауіпті дерт

Kyzylorda-news.kz Ауа райының құбылып, күннің күрт суытуы түрлі жұқпалы аурудың, әсіресе тұмаудың өршуіне себеп болатыны белгілі. Қазіргі таңда еліміз бойынша, оның ішінде Шиелі ауданында да вирусты инфекциялармен дәрігерге жүгінушілердің саны артқаны байқалады. Бұл – маусымдық тұмаудың белең алғанының белгісі.
Өткен жылы көпшілік тұмаудың соңы пневмонияға ұласып жатыр деп шағымданса, биылғы вирус қызудың тым жоғарылап, 5-7 күнге дейін түспеуімен ерекшеленіп тұрғандай.
Мамандар тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын вирустық ауру екенін айтады. Ол ауа арқылы тез таралып, әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар, иммунитеті әлсірегендер үшін аса қауіпті.
Дене қызуының көтерілуі, тамақтың жыбырлауы, жөтел, бұлшықет пен бас ауруы, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы – тұмаудың белгісі екенін бәріміз білеміз. Қорқыныштысы – асқынуы. Тұмау дер кезінде емделмесе, құлақ қабынуы – отит, өкпе қабынуы – пневмония, бронхит сияқты ауруларға ұласуы мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілері байқалған сәтте-ақ дәрігерге жүгіну маңызды.
Қызуы көтеріліп, жөтеліп, түшкіріп жүрсе де, салқын тиген деп дәрігерге қаралмай не дұрыс ем алмай жүре беру ¬ауруды асқындырып жібереді. Өкінішке қарай тұмауды жеңіл ауру санап, өз денсаулығына немқұрайлы қараумен шектелмей, өзгелерге де қауіп төндіретіндер аз емес.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекееваның айтуынша, дәл қазір тұрғындарға вирустық инфекциялардан барынша сақтану керек.
Ол үшін мүмкіндігінше науқас адаммен байланыс орнатпау, адам көп жиналатын қоғамдық орында, қоғамдық көлікте медициналық ¬маска кию, ересектер ауырып қалған жағдайда жұмысқа, балалар мектеп, балабақшаға бармауы қажет.
Бұл әрекет вирустың өзгелерге таралмауына көмектеседі. Сонымен қатар жеке гигиена ережелерін сақтаудың маңызы зор. Үй ішіндегі бөлмелерді, жұмыс орнын бірнеше мәрте желдету қажет. Тұмауға қарсы вакцина алудың пайдасы зор. Бұл ретте медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған науқастар, қарттар мен балалар бірінші кезекте вакцина салдыруы тиіс.
– Адам бойында түшкіру, жөтел сынды инфекциялық вирустардың бастапқы белгілері болған кезде бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Бұл жағдай індет түрін ерте анықтап, аурудың асқынуынан сақтайды. Адам медицина мамандарына бармай, өздігінен ем қабылдаған жағдайда тек симптомдармен ғана күреседі. Яғни, дене қызуын түсіріп, жөтелді басу үшін дәрі ішеді. Ал ағзадағы вирус өзінің әсерін жалғастыра береді. Салдарынан тұмау белгілері асқынып, түрлі созылмалы ауруға ұласады. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болғанда емханаға қаралу маңызды, – дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Маманның айтуынша, елімізде әр жыл сайын 1 қазан мен 30 сәуір аралығында жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмауға шалдыққандарға бақылау жүргізіледі. Яғни осы аралық тұмау маусымы, эпидемиологиялық кезең болып саналады. Бұл уақытта әр адамның тұмаудан сақтанып, аурудың алдын алуға барынша көңіл бөлгені жөн.
Екпе көмектесе ме?
Егу жұмыстары – тұмаудан қорғайтын жалғыз сенімді қорғаныс жолы. Тұмауға қарсы арнайы дәрілер аз.
Антибиотиктер вирусты жоюға қауқарсыз, ал кейбір дәрілерді қолдану тиімсіз.
– Халықты профилактикалық иммундау яғни вакцинация – тұмаудың ең тиімді профилактикасы болып табылады. Өз кезегінде, вакцинациядан бас тартудың негізгі қаупі – ауру адаммен байланыс арқылы тұмауды жұқтыру мүмкін. Биыл бюджет қаржысы есебінен ауданға 8900 доза тұмауға қарсы вакцина бөлінді. Оның 3909-ы ересектерге салынса, 3444 доза балаларға егілді. 50 балаға қайта салынады. Сондай-ақ 1200 медицина қызметкері мен 300-ге жуық жүкті әйел вакцина салдырды, – дейді Г.Әйтекеева.
Өткен жылдың алғашқы 10 айында ауданда ЖРВИ белгілерімен шағымданған 1424 адам, оның ішінде 1123 бала тіркелсе, биыл дәл осы кезеңде науқастар саны 1553-ке жетіп отыр. Оның 951-і 14 жасқа толмаған балалар.Мен де төрт жасар ұлымның қызуы көтеріліп, ішінің қатты ауырсыну белгілерімен аурухананың қабылдау бөліміне бардым. Дәрігер тыныс жолдарын тексеріп, шағымымызды тыңдаған соң, қызу түсіретін дәрі мен қосымша препараттар тағайындап, үйімізге қайтарды. Байқағаным, біз секілді шағыммен келгендердің қарасы көп. Дәлізге дейін лық толы науқас, медбикелер біріне термометр қойып, екіншісіне дәрі егіп жүгіріп жүр.
Осы ретте вирустың қаупі, алдын алу шаралары мен тиімді емдеу тәсілдері, өңірдегі ахуал жөнінде аудандық емхананың инфекционист дәрігері Айжан Изтлеуовамен ретін тауып сұхбаттастық.
– Жыл сайын тұмау белгілері өзгеріп отырады деп жатады. Мәселен, былтыр пневмонияға ұласып кеткен жағдай көп болған екен. Биылғы маусымдық аурудың бағыты қандай?
– Иә, тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырап, белгілері өзгеріп отырады. Биылғы маусымда аурудың тыныс алу жолдарын зақымдайтын түрі жиі кездесіп жатыр. Көп жағдайда жоғары температура, құрғақ жөтел, тамақтың қышуы және әлсіздік сияқты белгілер байқалады. Уақытылы емделмесе, бронхитке немесе пневмонияға ұласуы мүмкін.
– Тұмаудан сақтану үшін қандай дәрумендер пайдалы?
– С, D дәрумендері мен иммунитетті көтеретін тағамдар: бал, лимон, сарымсақ. 
– Қазір ауруханада қанша науқас ем алып жатыр? Жас ерекшеліктеріне тоқталсаңыз. 
– Қазіргі таңда ауруханада шамамен 83 адам ем қабылдауда. Олардың басым бөлігі – балалар мен мектеп оқушылары және жүкті әйелдер. Бұл топтың иммундық жүйесі әлсіздеу болғандықтан, тұмау ауыр өтуде. 
– Вирустың алғашқы белгілері пайда болса, не істеу керек? 
– Дереу дәрігерге қаралу, сұйықтық көп ішу және өзін оқшаулау керек.
– Асқынғандағы белгілері қандай? 
– Жоғары қызба, тыныстың тарылуы, жөтелдің күшеюі, әлсіздік.
– Көп ана баласының қызуы көтерілсе оспамокс, амоксиклав секілді антибиотикті рецептсіз алып беретінін байқаймыз. Антибиотикті өз бетінше қолдану қаншалықты қауіпсіз?
– Өте зиян, себебі антибиотик вирусқа әсер етпейді және ағзаның қорғаныс жүйесін әлсіретеді. Иә, тұмауға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Өз уақытында дәрігерге қаралып, аурудың алдын алсаңыз тұмаудан болатын асқынулар төмендеп, денсаулығыңызды қорғайтын боласыз.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
Фото: freepik.com
18 желтоқсан 2025 ж. 101 0