Жаңа Салық кодексі: Кәсіпкерлерді 2026 жылы қандай өзгерістер күтіп тұр
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап Қазақстанда үш арнаулы салық режимі (АСР) қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтарына арналған режим. Кәсіпкерлер енді жаңа декларация нысандарын тапсырады, жалдамалы қызметкерлер үшін есептерді береді, сондай-ақ шекті кіріс мөлшері мен салықтық шегерімдерге қатысты жаңа ережелерді сақтауы тиіс.BAQ.KZ тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдап, 2026 жылдан бастап бизнес үшін не өзгеретінін білді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап Қазақстанда арнаулы салық режимдері (АСР) бойынша кейбір ережелер өзгереді. Салық кодексінің 715-бабының 1-тармағына сәйкес үш АСР қарастырылған:
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР;
Оңайлатылған декларация негізінде АСР;
Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР.
Жаңа жылдан бастап оңайлатылған декларация бойынша салық төлеушілер №695 бұйрықтың 27-қосымшасына сәйкес 910.00 нысанындағы декларацияны ұсынады. Ал шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР қолданатындар 28-қосымшасына сәйкес 920.00 нысанды тапсырады. Сонымен бірге, АСР бойынша кәсіпкерлер жалдамалы қызметкерлер үшін төлемдерді (жеке табыс салығы, әлеуметтік төлемдер, бірыңғай төлем) №695 бұйрықтың 8-қосымшасына сәйкес 200.00 нысанында есепке алуы тиіс.
Жеке тұлғалар үшін де декларация тапсыру ережелері бекітілген. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00 нысан) шетелде мүлік, банктік шоттардағы үлкен қаражат, инвестициялық алтын, шетелдік заңды тұлғалардағы үлестер, зияткерлік меншік объектілері бар азаматтарға міндетті, - деп жауап берді комитет өкілдері.
Кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 нысан) коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары емес, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен құрылтайшыларына, сондай-ақ шетелде едәуір мөлшерде мүлік немесе ақша қаражатқа ие азаматтарға, белгілі деңгейден асатын кіріс алған жеке тұлғаларға арналған.
Жеке тұлғалар өздерінің салықтық шегерімдерін қолдану құқығына ие. Бұл әлеуметтік төлемдерге, базалық және әлеуметтік салықтық шегерімдерге қатысты. Егер салық агентінде қолданылмаса, жеке тұлға шегерімдерді өзі қолдана алады.
Арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлер үшін шекті кіріс мөлшері күнтізбелік жылдағы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген сомасынан аспауы тиіс.
Мемлекеттік кірістер комитеті сонымен қатар салық төлеушілерге әкімшілік актілерге қатысты шешімдерге шағымдануға құқық беретінін ескертті.
“Упрощенка” жүйесі бұрынғыдай болмайды
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов жаңа жылдан бастап кәсіпкерлер үшін көптеген өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Оның айтуынша, ең бастысы – жаңа Салық кодексі. Қосымша құн салығы (ҚҚС) он екі пайыздан он алты пайызға дейін ұлғаймақ. Сонымен қатар, бұрын ҚҚС салынбаған салаларға, мысалы, медицина мен білім беру салаларына қосымша құн салығы енгізіледі.
Депутат қазіргі уақытта жеңілдетілген “упрощенка” жүйесі бұрынғыдай болмайтынын атап өтті. Жаңа жүйеде шегерім көлемі 2,5 миллиард теңгеге дейін, төленетін пайызы 4% құрайды. Алайда, бұл жүйе тек жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге ғана қолжетімді болады, яғни бизнеске қызмет көрсетуге шектеу қойылған. Айтуар Қошмамбетов бұл мәселені шешуге тырысатынын, ал Президенттің бұл жағдайдан хабардар екенін айтты.
Сонымен қатар, бұрын “упрощенка” бойынша кәсіпкерлер бірнеше жеке кәсіпорын ашып, әртүрлі саламен айналыса алатын болса, енді тек бір ғана компанияға рұқсат бар. Қалған барлық кәсіпорындар жалпы салық режиміне өтуі тиіс.
Салық кодексіне байланысты басқа да жаңалықтар бар. Мысалы, сатумен және өндіріс саласымен айналысатын кәсіпкерлерге арналған “Ұлттық тауарлар каталогы” енгізілмек. Қазақстанда өндірілген немесе әкелінген барлық тауар осы каталогке тіркеліп, паспорт алуы қажет. Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, каталог енгізу кезінде кейбір қиыншылықтар туындап жатыр, портал толық жұмыс істемей тұр. Депутат көтерген мәселе бойынша кәсіпкерлерге бір жыл бойы ешқандай айыппұл немесе шектеу қойылмай, қызметін жалғастыру мүмкіндігі беріледі, - деді депутат.
Тағы бір маңызды жаңалық – “Қазақстандық өндірушілер реестрі” енгізілуі. Бұл жаңа портал тек қазақстандық өндірушілерге арналған. Мысалы, жиһаз, азық-түлік, тігін саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер, жеңілдетілген несие немесе мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысқысы келетіндер, сондай-ақ экспортпен айналысатын кәсіпкерлер міндетті түрде осы реестрге кіруі керек. Депутат порталдың толық жұмыс істемей тұрғанын, осы мәселені премьер-министрдің бірінші орынбасары Скляр мырзаға ресми түрде жеткізгенін атап өтті.
Айтуар Қошмамбетов кәсіпкерлерге жаңа жылда табыс тілеп, оңай болмайтынын ескертті. Депутат шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін әрі қарай көтеріп, арнайы заңдық бағдарламалар әзірлеуге ниет білдірді. Оның айтуынша, кейбір жеңілдіктер де қарастырылуы мүмкін.
Фото: Н. Нұржаубай










