Еңбек адамымен кездесу өткізілді
Еңбек адамына құрмет – қоғамның өркениеттілігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі. Осы ұстанымды негізге ала отырып, аудан көлемінде еңбек адамдарының өмір жолын үлгі етуге бағытталған тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Шара аясында Балықшылар қауымынан шыққан, маңдай терімен ел құрметіне бөленген балықшы, еңбек ардагері Әбенов Мұратпен кездесу өтті.Кездесу барысында Мұрат Әбенов өзінің еңбек жолы, балықшылық кәсіптің қыр-сыры, теңіз маңындағы тынымсыз тіршілік пен адал еңбектің берер берекесі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, балықшылықтың тек кәсіп қана емес, төзім мен жауапкершілікті талап ететін үлкен өмір мектебі екенін атап өтті.
Шараға қатысқан жастар мен еңбек ұжымдарының өкілдері еңбек адамының қарапайым да мағыналы өмірінен үлкен тәрбие алғандарын жеткізді. Кездесу барысында адал еңбек, кәсібіне деген сүйіспеншілік, табандылық пен елге қызмет ету сияқты құндылықтар кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды еңбекке баулу мәселелері де сөз болды.












