Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында тұрғындардың жеке мәселелері қаралды

Арал ауданында тұрғындардың жеке мәселелері қаралды

Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге Арал ауданындағы «Руханият орталығында» тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кейінгі жылдары дәстүрге айналған жеке қабылдаулар азаматтарды толғандырған мәселелер талқыға түсетін, шешімі табылатын маңызды алаңға айналды. Онда келушілердің сан түрлі сауалдары назарға алынып, нақты шаралар қабылданады, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қабылдаудың өтетін орны мен уақыты күнібұрын хабарланатындықтан, тұрғындар мұндай кездесулерге алдын ала жазылып, өз өтініштері мен ұсыныстарын жедел әрі тиімді қарастыруға мүмкіндік алады. Бүгін қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелер - емхана салу, орталық алаңды заманауи үлгіге сәйкестендіру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, су ұңғымасын қазу, т.б.

Мәселен, Шижаға елді мекенінің тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысуға жеңілдетілген несие мәселесін қозғады. Кәсіпкер бизнес жобасын мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыруды сұрады.

Арал қаласының тұрғыны №1 мөлтек ауданға асфальт жол салу мәселесін көтерді. Аймақ басшысы жоба әзірлеп, тұрғындардын өтініші бойынша жол салу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Аймақ басшысы бүгінгі қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтсақ, кәсіпкерлік жобаны қаржыландыруды мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қарастыруды, жол құрылысына қатысты құжаттамаларды заңнама талаптарына сәйкес уақытылы әзірлеуді тапсырды.

Тұрғындарға көтерілген мәселелердің барлығы заң аясында қарастырылатыны түсіндіріліп, жауапты құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Бұл тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің тікелей бақылауында болатыны айтылды.

Қабылдауда жалпы саны 45-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Сонымен қатар облыс әкіміне 25-тен астам тұрғын өз сұрақтарын қойды.
Қабылдаудан кейін облыс әкімі аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірде атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
24 желтоқсан 2025 ж. 75 0