Мал шаруашылығын дамыту – маңызды іс
Kyzylorda-news.kz Биыл шетелге жөнелтілетін еттің көлемі артқаны сол еді, базарда еттің бағасы қымбаттады. Әлемдегі тауар тұрақсыздығынан еттің балансы бұзылғандай. Мәселенің күрмеуін шешіп, халыққа да, өзіне де тиімді іспен шұғылданып, мал бордақылауға бет бұрғандар да бар. Соның қатарында Дәулет Тұрсынбаев өзге мал сатушыларға қарағанда арзан бағада қозы, бағлан және қазақы қойды нарыққа шығаруда.– Сауда сөрелеріндегі ет көлемі қысқарып, халықтың ет өнімдеріне зәрулігі артқанын көріп, «неге өз ауданымызда қой өсіріп, оны бордақылап сатпасқа?» деген ниетпен қаражатыма келгенінше қозы сатып алып, осы кәсіпті бастап кеттім, – дейді кәсіпкер.
Дәулет Тұрсынбаев сауданы әлеуметтік желі арқылы жарнамалауда. Күн сайын қоңырау шалып, қысқы соғымға мал саудалаушылардың қарасы көп. Бір апта ішінде 30 бас қой сатып, орнына қайтадан қозы алып, қорасын кеңейте түсіпті. Дәулет Тұрсынбаев алдағы уақытта кент тұрғындарын етпен қамтамасыз ету үшін кәсібін кеңейтуге ниетті.
– Алдағы жылы мемлекеттен қолдау көретін болсам, арнайы мал сою пунктін іске қосамын. Бұл бір жағынан кент тұрғындарын етпен қамтамасыз ететін болса, екінші жағынан бірнеше адамға жұмыс көзі болар еді, – деді ол.
Айта кетерлігі, кәсіпкер қолындағы малын өзгелерден төмен бағада ұсынып келеді. Басқаларда 35000 теңгенің үстінде саудаланып жатқан марқа қозыны 10 мың теңгеге төмен ұсынуда. Арасында емдік мақсатта бағлан етін іздегендерге арзан беріп, кеңпейілділік танытуын адамгершілікке баладық. Бір жаздың өзінде 50-ге тарта уақ малды қоңдандырып, халыққа қолайлы бағада ұсынып, істің көзін тапқан оған көпшілік риза.
«Оның facebook-тегі аккаунтынан хабарландыруды оқып, мекенжайына бардым. Марқа қозының саудасы 25 мың теңгені дөңгелетіп, таза еті 18 келі шықты», – деді кент тұрғыны Фатима Айымбетова.
Жаңақорған ауданы мал шаруашылығы, оның ішінде, қой өсіру бойынша облыста көш бастайды. Дегенмен уақ мал бағып, оның өнімін өңдеп, ұқсату ісі жөнге қойылған деуге әлі ертерек. Жергілікті жердегі мал бағасы Түркістанның мал нарығына тәуелді екені тағы бар. Яғни, Яссыдағы мал базарындағы саудаға қарай біздің аудан кәсіпкерлері ет бағасы құбылатынын ел жақсы біледі.
Атакәсіптен несібесін тапқан Дәулет тұтынушыларына қолжетімді бағада қызмет етіп, кәсібін кеңейтуді ойластырып отыр. Аяқтан нық тұрған азаматты жергілікті билік қайтарымсыз грантпен қолдап, несие алуына қол ұшын берсе, ет өнімдерін өндеуге жол ашылар ма еді?
«Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген сөздің тәлімін ұғынсақ, қой шаруашылығы – табысты бизнес түрі. Бізде қойдың етін бөлшектеп, келілеп сату жағы әлі кемшін. Істі кеңейтіп, қойдың етін бөлшектеп сататын цех ашуды ойлап жүрмін. Біле-білгенге қойдың жүні мен етінен бөлек, тұяғынан да өнім өндіруге болады, – дейді кейіпкеріміз. Біз не дейміз? Әрине, мұратына жетуге тілектеспіз.
Мақпал МАРҚАБАЙ
Фото: Нұрболат Нұржаубай










