Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспасөздің беделін айқындай түсті

Баспасөздің беделін айқындай түсті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде дәстүрлі баспасөзге айрықша мән беруі – уақыт талабынан туындаған маңызды ұстаным. Мемлекет басшысының газеттерді қоғамның айнасы, ұлттық ой мен сана қалыптастыратын рухани алаң ретінде бағалауы – отандық журналистикаға көрсетілген зор қолдау.
Қазіргі цифрландыру дәуірінде ақпараттың жылдам таралуы бірінші орынға шыққаны рас. Дегенмен Президент атап өткендей, газет-журналдар терең талдауға, байыпты ой қорытуға, жауапкершілікпен жазылған сараптамалық материалдарға жол ашады. Бұл – әлеуметтік желідегі үстірт пікірлерден айырмашылығы бар, кәсіби журналистиканың басты артықшылығы.

Сұхбатта баспасөздің ел бірлігін нығайтудағы, мемлекеттік саясатты халыққа түсіндірудегі, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлі нақты көрсетілді. Бұл өз кезегінде аймақтық газеттердің де жауапкершілігін арттыра түседі. Өйткені жергілікті басылымдар халықтың мұң-мұқтажын, өңірлік мәселелерді билікке жеткізетін маңызды көпір қызметін атқарады.

Президенттің баспасөзге қатысты айтқан ойлары журналистер қауымына үлкен серпін беріп, оқырман мен газет арасындағы сенімді одан әрі нығайта түсері анық. Дәстүрлі газеттер заман талабына сай жаңарып, мазмұн мен сапаға басымдық берген жағдайда, қоғамдағы өз орнын ешқашан жоғалтпайды.
Н. БАҚЫРАН

Фото: Нұрболат Нұржаубай
06 қаңтар 2026 ж. 90 0