Масаң күйде көлік басқарған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Көлікті масаң күйде жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, ішімдік ішіп көлік жүргізу әрекеті тыйылмай келеді.Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қатарын, масаң күйде көлік тізгіндеген азаматтарға қатысты істер құрап отыр.
Мәселен, азамат Х. 2026 жылдың 4 қаңтар күні сағат 06:35 шамасында өз басқаруындағы «Ваз 2107» маркалы көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізуші орта дәрежелі алкогольдік масаң күйінде болған.
Сот отырысында оның құқық бұзушылық әрекеті, өзінің кінәсін мойындаған түсінігімен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен Х. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған.
Мас жүргізуші өз өміріне қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да, ішімдік ішіп көлік басқару орны толмас қайғыға себепші болатынын естен шығармайық.
Арал аудандық соты
Фото: Нұрболат Нұржаубай










