Азаматтық қоғам қоғамды түзейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап өткені баршаға мәлім. Ал осы азаматтық қоғам түсінігін халық қалай қабылдайды, оның мемлекет дамуына қандай ықпалы бар? Соны сараптап өтейік.Жалпы азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан Президентінің Ел халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғышарты екенін ескерсек, оны мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін уақыт келген сияқты.
Президенттің ішкі саясат және коммуникация мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың айтуынша: «Қазір Қазақстанда 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Шын мәнінде, сіздер еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене атсалысып келеді. Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Бес жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы екі есеге жуық өсті. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатыр. Ортақ мүдде жолындағы осындай өзара тиімді ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасын табады» деп атап өтті.
Яғни үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналған.
Жоғарыда байқағанымыздай, Қазақстанда азаматтық қоғамның құрылуы үшін керекті институттық негіз жасалған. Осының нәтижесінде құқықтық негізде көптеген ерікті ассоциациялар және ІІІ сектор ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ азаматтық қоғамның нәтижелі жұмыс істеуі үшін алдын ала институциялық жағдайлар жасау жеткіліксіз болып отыр. Оған бір дәлел мынау.
Қазіргі кезеңде елімізде үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің қолдауынсыз өмір сүруі өте қиын. Үкіметтік емес ұйымдардың көш басшыларының арасында сұрау салу барысында 24 %-ы грант берушілерсіз ұйымдардың өмір сүре алмайтындығын айтса, 40 %-ы грантсыз өмір сүру олардың ұйымдары үшін қиынға соғатындығын мойындаған.
Десе де мұндай қиындыққа қарап бар жұмысты жоққа шығару қате болар.
Әлем әлпеті
Жалпы азаматтық қоғам бір мезетте өздігінен қалыптасатын қоғам емес. Батыс елдерінің тарихына үңілер болсақ, азаматтық қоғам екі жолмен қалыптасқан: мемлекеттің қатысуымен және қатысуынсыз. Мемлекеттің қатысуымен заңдар жарияланып, демократиялық жүйе дамиды. Мемлекеттің қатысуынсыз қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғам қалыптастыру ісіне жұмыла кіріседі. Азаматтық қоғамда жеке тұлғалар өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің пропорционалды түрде даму үрдісін жылдамдата түседі. Мұндай үрдіс елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың әл-ауқатының, мәдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге орнайтын құбылыс.
Ғалымдардың бірінші тобы бір мемлекет азаматтарының жиынтығын «ұлт» деп атайды. Мұндай көзқарасқа негізделген саяси бағыт «мемлекеттік немесе азаматтық ұлтжандылық» деп аталады. Ғалымдардың екінші тобы болса, «ұлт» ұғымын шығу-тегі, мекенжайы, діні, шекарасы мен құндылықтары ортақ адамдардың саяси және мәдени қауымдастығы ретінде қарастырады. Тарихта мұндай саяси идеология «этникалық немесе этностық ұлтшылдық» деп аталады.
Қазақстандағы кезеңдер
1990 жылдары азаматтық қоғам қалыптасу кезеңінен өтті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда демократияландыру процесі біртіндеп басталды. 1995 жылы құқықтық мемлекеттің қағидаларын бекіткен Конституция қабылданды. Елімізде де жаһандағыдай алғашқы үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар және тәуелсіз БАҚ пайда болып, қоғамдық бірлестіктер қызметінің заңнамалық негізі қалыптаса бастады. Алайда бұл кезеңде азаматтық қоғам баяу қарқында дамыды. Себебі халықтың тәжірибесі төмен, ал мемлекеттің ықпалы мықты болды.
Келесі кезең 2000 жылдары азаматтық қоғамның институты қалыптаса бастады. ҮЕҰ қызметін реттейтін заңдар енгізіліп, азаматтық бастамаларды қолдау үшін мемлекеттік бағдарламалар жасалды. Адам құқықтарын қорғау, экология, гендерлік теңдік салаларында құқық қорғау ұйымдары дами бастады.
Ал үшінші онжылдық, нақтырақ 2010 жылдары азаматтық қоғам белсендірек бола түсті. Волонтерлік қозғалыстар мен әлеуметтік жобалар дамып, мемлекеттік органдар жанынан қоғамдық кеңестер құрыла бастады. Әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша акциялар мен наразылықтар өткізіліп, азаматтардың өзін-өзі ұйымдастыруына арналған цифрлық платформалар пайда болды.
Азаматтық қоғамның қарқыны артты
2019 жылы билік ауысты. Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқаруға кіріскен кезеңінен бастап елімізде саяси реформалар жүргізіліп, азаматтық қоғам қарқынды дами бастады.
2022 жылғы қаңтар оқиғасы орын алды. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы оқиғадан кейін көптеген саяси өзгерістер орын ала бастады. Бұл кезең азаматтық белсенділіктің артқанын және қоғам мен мемлекет арасындағы проблемаларды ашық көрсетті. Президент мемлекеттік саясатты қайта қарастыру және азаматтық қоғамды реформалау қажеттігін сол кезде басып айтқан.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының kaz.caravan.kz сайтында жарияланған сұқбатында: «Президенттің билікке келгеніне 6 жыл болса, саяси реформалардың жүзеге асып жатқанына үш жыл болды. Дәл осы сәттен бастап қоғамда нақты өзгерістер айқын көрініс тапты. Соның ішінде президенттік билікті бір реттік және жеті жылдық етіп бекітті. Сайлаудағы өзгерістер ол өте маңызды шешім. Мен қызмет жасап отырған парламентке бір мандатты округтан сайлануы. Аудан және ауыл әкімдерінің сайлау арқылы тағайындалуы. Бұның барлығы азаматтық қоғамның көрсеткіші» дегені айқын дәлел.
Біле жүрсек – артық етпейді
Иә, адамдар тарихтың объективті заңдарын жасап немесе бұза алмайды, бірақ сол заңдар алдында дәрменсіз емес. Тарихи даму заңдарын білу адамдардың ол заңдардын күшін қоғамды қайта құру үшін пайдалануына мүмкіндік береді. Оған ежелден көз жетті. Қоғамтанушы ғалымдар «азаматтық коғам» терминінің шығуын Көне Рим дәуіріне апарып тірейді. Өйткені, римдіктер әлемнің тең жартысын жаулап алып, өз азаматтарына жақсы өмір, қолайлы жағдай жасады. Алайда, Рим империясының құрамында халықтардың бәрі бірдей рим азаматтары болмады, қоғам патрицийлерге, плебейлерге және құлдарға бөлінді. Бірінші топтағылар азаматтық қоғамның жалпыға бірдей құқықтарын, еркіндігін, тәуелсіздігін, жеке меншік игіліктерін пайдаланса, плебейліктер мен құлдарға мұндай мүмкіндіктер берілмеген болатын.
Тегінде азаматтық қоғамның қалыптасуы және дамуы адамзаттың, мемлекеттің және құқық тарихының негізгі кезеңі болып есептеледі.
«Азаматтық қоғам» ұғымы қайдан пайда болған? деген сауалға жауап ісдеген диссертант әрбір тарихи дәуірдегі атақты ойшылдардың еңбектеріне шолу жасасақ, азаматтық қоғамның кейбір элементтері көне дәуірдің бірнеше елдерінде Греция, Рим, өзге де көне қалаларда кездесетіні, бұл мемлекеттерде колөнердің, сауданың дамуы, римнің жекеше құқығы сиякты институттары қолданылатыны, азаматтық қоғамның өзінің қалыптасу жолында ақшалай-заттай өндірісті дүниеге әкелгендігі, Еуропа мен Америка құрлығының бірқатар елдеріндегі азаматтық қоғамның қалыптасу үрдісі баяндалады.
Алайда, кейбір ойшыл-ғалымдардың пікірлері бойынша, ерте дүние ойшылдарының философиялық көзқарасы ретінде «азаматтық қоғам» Аристотель атымен байланыстырылатыны, атақты ойшыл мемлекетті айқындау алдында ең алдымен азамат туралы түсінікті ашатыны, өйткені мемлекет – азаматтардың, азаматтық ұйымның жиынтығы болып табылатыны аталады. Осыған орай Аристотельдің пайымдауынша «мемлекет» және «азаматтық қоғам» – синонимді ұқсас мағынага ие болатыны айтылады.
И.Канттың «Мәңгілік өмірге жол» «Путь к вечному миру» или «К вечному миру» атты еңбегін оқу барысында азаматтық қоғам және демократиялық құқықтық мемлекет ұғымдарымен кездесесің және сол кездегі әлемдегі болып жаткан тарихи кезендерге көз жүгіртесің. И.Канттың тұжырымдамаларына сүйенетін болсақ сол кезде аңсаған құқықтық мемлекетті қалыптастыруға болатын жолдарын көз алдыңа елестете аласың. И.Кант «мәңгілік өмірге» жету үшін кажетті жолдар жобасы бойынша, алыс-жақын болашақта тек кана құқықтық негізде дербес, тәуелсіз федеративті нысанда қалыптасқан республикалық типте дамыған мемлекеттер жете алады деп жазған.
И.Кант құқықтық мемлекеттің философиялық негізін ғылыми тұрғыдан зерттеді. Мемлекеттік жұмыстың өзекті мәселесі жеке адамның қадір-қасиетін, ар-намысын, бостандығын, теңдігін қорғау, адамның қоғамдағы үстемдігін қалыптастыру деп түсіндірді.
Ұлы Георг Вильгельм Фридрих Гегельде жаңа кезеңде қоғам ұғымына көп көңіл бөлген. Соның бірінде «Азаматтық қоғам» ұғымы Гегельдің «Құқық философиясы» атты еңбегінде мынадай анықтама берілген: «Азаматтық қоғам тек қазіргі кезде қалыптасқан, және оның бастапкы идеясы болып олардың құқықтары болып табылады». Гегельдің ойынша азаматтық қоғам жеке мемлекеттің, діннің, отбасының, моральдық, өзге де талаптырын іске асырудың жүйесі. «Азаматтық қоғамда әр адам өз мүддесін көздейді, басқаларды көрмейді… Басқаларсыз ол өз мүддесін іске асыра алмайды», — деген Гегель. К. Маркстің пікірі — бір саяси жүйені алып мазмұнына карасаң, ол азаматтық қоғамның сан қырлы көрінісінің бір нысаны болып шығады.
Шынында да азаматтық қоғамның бастапқы қаруы болып адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалынуы болып табылады. Екінші орында ғана мемлекет тарапына жасалынатын әрекеттер жатқызылады. Бірақта мемлекет те, қоғам да бір-бірінен алшақ болмауы тиіс деп айтамыз. Әйтпесе анархиялық құлдыраушылық сипаттағы мемлекетке жетіп қалуымыз ықтимал. Сол себепті мемелекеттің механизмін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар азаматтық қоғамды коғам ретінде көркемдеуі үшін нормативтік-құқықтық актілер базасымен толыққанды түрде қамтамасыз ету керек, ал ол үшін халықтың әлеуметтік, экономикалық, саяси және басқа да қажеттіліктерін ескеру міндетті.
Азаматтық қоғамды жеке тұлғалардың экономикалық, құқықтық және басқа да қарым қатынастар арқылы байланысу жүйесі ретінде түсіну бірталай ойшылдардың, солардың ішінде Маркс пен Энгельстің еңбектерінде жарық көрді. Олардың шығармаларында меншік түрлерінің өзгеруі мен еңбектің бөлінуіне негізделген мемлекет пен қоғамның ара қатынасының динамикасы көрсетілген.
P.S. Азаматтық қоғам — мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Осы катынасқа қатысушылардың табиғи және азаматтық құқықтарын, бостандығы мен міндеттерін автономиялы даму жолы қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғамда үзіліссіз болмайды, уақыты шектелмейді, аумақтық — аймаққа бөлінбейді, мемлекеттің барлық аумағын, халқын біріктіреді.
Республика Конституциясы Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму сатыларын мемлекетке бағындырмастан әлеуметтік бағдарлы нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалайтын нормативтік-құқықтық акт болып табылады. Оған дәлел ата заңымызда көрсетіліп жазылған баптар құқықтық негізді құрайды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










