Ет бағасы өсті: Себеп пен салдар
«…Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар».Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан»
газетіне берген сұхбатынан
Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал етін экспорттауға шектеу қойып, өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап Қазақстан аумағынан әкетуге квота енгізді. Шектеу осы жылдың 30 маусымына дейін қолданылмақ. Аталған ведомство мұның себебін «Жаңа квота тетігі делдалдарды айналып өтіп, нақты өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді» деп түсіндіріп отыр. Министрліктің дерегінше, бұған дейін кейбір компаниялар мен шағын мал сою пункттері малды бордақыламай-ақ қайта сатып, экспортқа шығарып келген. Мұнан соң салада алыпсатарлық пен делдал көбейіп, артынша ішкі нарықта ет бағасы жылдам өскен.
Расымен кейінгі уақытта ет бағасы бірден көтерілді. Әсіресе, сиыр еті қымбаттады. Бұрын құны жоғары болған жылқы мен қой еті бағасымен бірдей, тіпті асып түскен.
Баға өсуінің басқа да себебі бар
Алдымен «Сиыр еті неге қымбаттады?» дегенді анықтап алайық. Арадағы делдалдықтан бөлек, басқа да себеп бар шығар. Осының өзін қарапайым тұтынушыдан емес, төрт түлікті бағып отырған мамандардан сұрадық. Жаңақорған ауданының тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Зұлпыхар Сыздықовтың сөзінше, ірі қара етінің бағасы тұрақты. Егер оның шығынын есептесек, қымбат емес.
– Өйткені, бір ірі қара мал қорада тұрып бордақыланса, 24-25 келі шөп жейді. Бұл – бір бума жоңышқа шөбі. Оның бағасы 1600-1800 теңге екені белгілі. Бір бас мал семіру үшін орташа есеппен 65 күн керек деп алайық. Есептесең, 100 мың теңге айналасында пұл керек. Басқа да мал азығын есептемегенде, кеткен шығын қалай жабылмақ? Шығын ұлғайған соң ет бағасы да бір орнында тұрмақ емес. Жалпы аналық малдың төлі бар, сүті бар дегенмен де қолда ұстау тым қиын бүгінде.Екіншіден, оңтүстік өңірлерде жайылым мәселесі өте өзекті. Ауа райы да жауын-шашынды емес. Мал аузын толтырып жайылатын от аз.Үшіншіден, малшы жоқ. Табу қиын. Тапқанның өзінде жыл бойы жоғары жалақы төлесең келіседі, ол да мал иесінің қалтасына салмақ. Жалпы мемлекет тарапынан фермерлерге жағдай жасалмаса, атакәсіптен алшақтайтын шығармыз, – дейді ол.
Көп уақыттан бері «Заман ата» шаруа қожалығының төрағасы болып келген Зұлпыхар ақсақал ірі қара ұстау жыл өткен сайын қиындап бара жатқанын айтады.
– Ілгері уақытта далалықтың барлығында қолдан қазылған бұлақтар мен артезиандар болды. Егер бұрынғы ізбен өзіміздің Қызылқұм арасына әр 8-10 шақырымнан бұлақ көзін қазып, онда сиыр табынын не жылқы үйірін ұстап отырса, мал басы өсері анық. Әрине, мемлекеттің қолдауынсыз болмайды. Бүгінгі ауыл маңынан ұзамайтын түліктің жағдайы белгілі ғой. Жазда дария бойын, күзде орылған күріштің орнын талғажау қылады. Шыны керек, ауылдағылардың сүтін ішіп отырған бір-екі сиырына жайылым табу қиын. Ал ірі қараны көптеп бағатын қожалықтар қайда барады? Ақыр соңы олар да ауыл айналасынан шықпайды, мұнан соң жер айтақырға айналады, көбі тозып та кетті, – дейді ардагер.
Ақсақалдың сөзін өзгелер де қуаттайды. Арал ауданының тұрғыны Мұхтар Қалилаевтың сөзінше, қазір бір бума қара шөп 850-900, ал жоңышқа бағасы 1600 теңгеден асады. Бір қап кебек жемің 2 мың теңгенің айналасында. Сонда бір ірі қараның күндік азығы (бордақылаған жағдайда) 3 мың теңгеден астам пұлды құрайды. Ет бағасының өсу себебін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
– Ауылдағы басты тіршілік – мал шаруашылығы. Осындағы ағайын алдындағы азын-аулақ түлігін өсіріп, қажетіне жаратады, – дейді Құмбазар ауылының тұрғыны. – Кейінгі жылдары Сырдария суы азайған соң ауыл маңындағы көлдер құрғады. Көл құрғаған соң ондағы шабындық пен жайылым жағдайы мәз емес. Біздің елдегілер қыста мал алдына салар шөпті де осындай көл-арықтың жиегінен орып алатын. Қазір шөпті де, басқа мал азығын да сырттан сатып алып жатыр.
Екіншіден, құрғақшылық. Қыстағы қалың қар жоқ бұрынғыдай. Ол болмаған соң жерде тоң жоқ. Ызасы аз, тоңы жоқ жердің құнары болушы ма еді? Тіпті біздің жақта мамыр айына дейін дала біткен қурап, тақырға айналып кетеді. Мұнан кейін мал қайдан күйлі бола қойсын?
Жаңақорған мен Арал арасындағы барлық шаруашылықтың жағдайы бірдей. Тағы қайталап айтсақ, жайылым өрісі тар не жоқтың қасы, шабындық жерлер қуаңшылық кесірінен азайған. Бұған қоса өзге де қажеттілік, мысалы, нарықта жанар-жағармай құнының өсуі жем-шөп бағасының шарықтауына бір себеп.
– Қалаға жұрт неге ағылып кетуде? Өйткені, атакәсіп, яғни мал ұстау қиындық тудырды. Нан табу үшін ауылдан кететіндер көбейгені рас. Бұлай кете берсе, елді мекен саны азаяды. Тағы бір мәселе – күріш егістігі. Мұның көлемін азайтып, орнына мал азықтық дақылдарын көбейтсе деген тілек бар. Олар суды аз қажет етеді. Енді Сырдария суын үнемдеп пайдалану қажеттігін түсінетін уақыт жетті. Президентіміз де осыны жиі көтеріп отыр емес пе? – деп сөзін қорытты Зұлпыхар ақсақал.
Экспортқа тыйым қажет емес
Сөз басында елімізде ірі қара малының етін экспорттауға шектеу енгенін айттық. Енді экспорттауға арналған квотаның жалпы көлемі 20 мың тонна деңгейінде белгіленді. Одан артық ет шетелге шығарылмайды. Бір тұлғаға (ет өңдеу кәсіпорнының иесі) берілетін квота мөлшері бордақылау алаңының қуатына байланысты өлшенген. Дұрысы, экспорттық квота өзінің бордақылау алаңы бар ет өңдеу кәсіпорындарына не қожалықтарға беріліп отыр. Квота көлемі де бордақылау алаңының қуатына байланысты. Айталық, 5 мың бас ірі қарасы бар кәсіпорын мың тонна ет экспорттай алады. 10 мың басқа 2, 15 мыңға 3, 20 мыңға 4, ал 50 мың бастан асатын малы бар серіктестіктер 10 мың тонна етті басқа мемлекетке шығара алады. Бұл талап толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды ынталандыруға бағытталған. Министрліктің айтуынша, квоталарды бөлу мен көлемін анықтау мемлекеттік органдардың құзырында. Нарықтағы жағдайға қарай ережелерге өзгеріс енгізілуі мүмкін.
«Өткен жылдың он айының өзінде 30 мың тонна ет шығарылған болатын. Не себепті бұл шаралар қабылданып жатқанын айтатын болсақ, бұл біріншіден, ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы сауда басқармасының басшысы Марлен Оспан.
Бүгінге дейін кейбір кәсіпорындар мен шағын мал сою цехтары мал бордақыламай, өз өндірістік базасын дамытпай, тек қайта сатумен айналысқан. Салдарынан делдалдық, алыпсатарлық белең алып, ішкі нарықтағы баға өсті. Енді жаңа тәртіп мұндай делдалдарды экспорт нарығынан ығыстырып, нақты мал өсіріп, өндіріске инвестиция салып, халықты жұмыспен қамтып отырған шаруаларды ғана қалдыруды көздейді.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың сөзінше, сиыр еті бағасының өсуі көп факторға байланысты. Оның бірсыпырасын жаздық та. Ал экспортқа келсек, бұл шектеу қажет емес.
– Қазір Қазақстан көршілес Өзбекстанға жіберетін етті шектеді. Квоталар бар, дегенмен бұл да баға ұстауға себеп болмайды. Әзірше Үкіметтің амалы дейік. Біздің ел нарықтық экономикаға бағытталғаннан кейін заңдылықты бұзып отырғандаймыз. Расын айтсақ, малдың бәрі жекеде, мемлекетте бір түйір мал жоқ. Ал олар келіп, шаруашылықтарға «былай ет» деуге бола ма? Өз басым «шектеу» деген механизмге қарсымын. Сұраныс бар ма, әрине, фермер етін сатады. Ал бағаның көтерілуі оларға, жалпы агробизнесте жүргендер үшін өте жақсы. Екіншіден, халық мүддесін есептеп, әсіресе, әлеуметтік осал топтардың жағдайын дұрыс сараптау керек. Арнайы азық-түліктік карточка негізінде тек сол азаматтар ғана төмендетілген бағадағы өнімдер алған дұрыс. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар саны 19-дан 31-ге көбейді. Әлі де көбеюі мүмкін. Ал енді Үкіметтің бұл тауарларды арнайы бекітілген бағадан асырмау туралы тапсырмасы сауда саласының кәсіпкерлеріне жеңіл тиіп жатқан жоқ. Олардың кірісі азайған, – дейді Анас Баққожаев.
Депутаттың сөзінше, әр өңірдегі тұрақтандыру қорлары жұмысы дұрыс үйлестірілмеген. Қойылған баға бір бөлек, ал сатуға қойғанда басқа баға тұрады. Сондай-ақ тауарлардың сапасы жөнінде шағым көп. Сосын мұнда мұқтажы да, мұқтаж емесі де келіп сауда жасайды. Дұрысы, әлеуметтік маңызы бар арзандатылған тауарды бай да, кедей де сатып алып жатыр. Арнайы ереже қарастырылмағанын байқайсыз.
– Былтыр ауыл шаруашылығына 1 трлн теңгедей жеңілдетілген несие қаржысы бөлінді. Бұл жаман емес. Бірақ кейбір ірі шаруашылықтар мұндай қолдау қаражатын өз бизнесін дамытуға, техника алуға, мал басын асылдандыруға жұмсамай жатады. Мемлекет берген қаражатты басқа бизнеске пайдалану дерегі көбейгені жасырын емес. Президент те осы мәселені жақында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында ашық айтып кетті. Қазір ауылда мал бағам деп отырған ағайын көп. Осындай қолдауларды шағын және орта деңгейдегі қожалықтарға берсек, ұтылмаймыз. Ең бастысы – тауар арзан болу үшін мұндай өндірістерді көбейткен жөн. Әсіресе, Мемлекет басшысы айтқан кооперативтерді құрып, шаруалар бірлестігін жандандыруды қайта қолға алған дұрыс, – дейді депутат.
Бордақылау қымбат, баға арзан
Сала кәсіпкерлерінің сөзінше, біздің облыстағы ет бағасы тұрақты. Қазір жылқы мен сиыр еті шамалас, сауда орындарында 2900 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ өзге өңірлерден ет тасымалданып жатқан жоқ.
– Біздегі шаруашылықтардың барлығы малды бордақылауға бейімделген. Ал экспорт мәселесіне келсек, мұны ашқан дұрыс. Әрине, аналық сиырды қоспасын делік, бірақ екі жарым жастан асқан аталық малды экспорттан шектеудің қажеті жоқ. Шыны керек, облыстағы бордақыланған малдың өтуі тежелгендей. Айталық, біздегі орташа жалақы 300 мың теңге делік. Көрші Өзбекстанда да солай. Бірақ біздегі келісі 3 мың теңгенің еті онда 6 мың теңгеден саудаланады. Баға жоғары, сұраныс бар әрі бұдан біздің шаруашылықтардың да жұмысы алға басары анық. Бордақылау ісі де дамиды. Бізде тері, жүн өңдеу кәсібі дамымай тұрғанын ескерсек, ең құрығанда, шаруалардың ет экспорты жағынан ұтылмау жағын қарастырған жөн, – дейді кәсіпкер Өмірсерік Құрасбаев.
Кәсіпкер өңірдегі малды бордақылау қымбат, ал бағаның арзан екенін айтады. Субсидия берілсе, жүздеген тоннаға дейін ет өңдеп, сатылымға шығаруға болады.
– Қай мемлекет жоғары баға ұсынады, соған еліміздің фермерлері ет экспортағаны дұрыс. Қазір барлық жағынан қарасақ та қымбатшылық бар. Қожалықтар шығындарын осылай жаппаса, бұл қиындық әкеледі. Менің ойымша, Қазақстанның «қызыл алтынмен», яғни мал етімен әлемге шығуына мүмкіндік мол. Тек мемлекет қолдауын аямаса екен, – дейді ол.
Мақала желісінде айтылғандай, осындай қиындықтардың көбі мал басын өсіретін шаруашылықтар санын азайтқан. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рахымбековтің сөзінше, 2024 жылдың басында олардың саны 270, өткен жылдың 1 желтоқсанына қарай 245,8 мың болыпты. Дұрысы, кейінгі екі жылда 24 мыңнан аса шаруашылық жұмысын тоқтатқан.
– Қазақстан егемендік алғалы 35 жыл уақытта алғаш рет шаруа қожалық санының азайғанын көріп отырмын. Айтпақшы, жеке қосалқы шаруашылықтардың саны да азайып келеді. Олар 2024 жылдың 1 қаңтарына 1 млн 631 мың, 2025 жылдың 1 қаңтарына 1 млн 605 мың болды, – дейді Төлеутай Рахымбеков.
Сарапшы шаруашылықтардың қысқаруы ішкі нарықта өнім көлемін азайтатынын, ал өнім азайса, баға да бір орнында тұрмайтынын, яғни қымбаттайтынын ашық айтып отыр.
Қазір біздің облыста 410 басқа жуық ірі қара бар. 747,5 мың қой мен ешкі, 263 мыңнан астам жылқы, 65,5 мың бас түйе тіркелген. Ең бастысы – аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын 835 қожалық бар болса, оның 550-і сиыр түлігін бағумен айналысады. Сондай-ақ 9 ірі бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»









