Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізді өлкенің келешегі кемел

Теңізді өлкенің келешегі кемел

Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Кездесуде Аманжол Сақыпұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ алдағы міндеттер талқыланды.
Сөздің басын "Жылдың басы аймағымыз үшін жақсы бастамалармен басталды. Жақында өздеріңіз куә болғандай, аймақ төрінде Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп, оған Мемлекет басшысы арнайы қатысты. Ұлтымыздың ұлық жиынында Президент Сыр өңірінің қарқынды дамуы мен оған күш салып жатқан аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының еңбегін жоғары бағалады. Арал тағдыры ел Президентінің тікелей назарында екендігіне тағы да көзімізді жеткізді. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Кіші Аралдың қалпына келе бастағанын және Көкарал бөгетін биіктету шаралары осы жылдың соңында басталатындығын атап өтті" деп бастаған аудан әкімі "Мұнан бөлек, алдағы сәуір айында Арал мәселесіне қатысты Халықаралық экологиялық саммит өтеді. Бұл бастама барша аралдықтар үшін үлкен қолдау екенін айтуға болады" деп баспасөз өкілдері қауымына жағымды жаңалықты жеткізді.
Шын мәнінде соңғы жылдары өңірде көптеген жұмыстар атқарылды. 2025 жылдың өзінде Арал ауданында бірсыпыра ауқымды істер қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізілді. Ел өміріндегі өзгерістерді, нәтижеге бастаған жақсы жаңалықтарды бұған дейін де естіп, біліп отырмыз. Өткен жылы ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар.
Инвестиция игілігі
2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 53,1 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,3 пайызға артық орындалды. Сонымен қатар барлық салық пен басқа да түсім түрлерінің болжамының орындалуы 8,2 млрд теңгені құрады.
Оның ішінде, аудандық бюджетке түсім 4,9 млрд теңгені құрап 105,9 пайызға орындалды.
Тағы бір айта кетерлігі өнеркәсіп өндірісінің алға басуы. 2025 жылдың қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемі 37,5 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 108,6 пайызды құраған. 2025 жылы аудан көлемінде жалпы құны 9 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланса, құны 3,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Ase Invest» ЖШС-нің «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасы, Сексеуіл жолындағы «Sinooil» ЖШС-нің жанар-жағармай құю бекеті, «Қарашалаң балық» зауыты және «Petro Retail RFS» ЖШС-нің «Жол бойы қызмет көрсету орталығы осының айқын дәлелі.
Биыл құны 5,8 млрд болатын қалған 3 жобаны кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады. Жоба құны 3 млрд теңге болатын «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасы іске қосылса, 23 адам жұмыспен қамтылмақ.
Ал «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» жобасы аясында 20 адам, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасы іске қосылса, 15 адам жұмыспен қамтылады.
Ауыл шаруашылығындағы ауқымды жұмыстар
Айтылған салада да серпінді жұмыстар бар. Баспасөз брифингінде бұл жайында да айтылды.
– Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 11,9 млрд теңгені құрады. Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 50 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 77 мыңдай уақ мал, 65 мыңға жуық жылқы, 36 мыңның шамасында түйе малы тіркелді. 2024 жылдың қорытындысымен салыстырғанда барлық мал басы санында өсім бар. Арал ауданы территориясында балық шаруашылығы қамтитын Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл орналасқан. Қазіргі таңда кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 16 түрі ауланады. Жылдық қуаттылығы 30 000 тоннаға жуық 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Өткен жылы ауданда 6726 тонна балық өңделіп, оның 3475 тоннасы алыс-жақын шет елдерге экспортталды.
Екі кәсіпорында Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі бар. Одан бөлек ауданда 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс жасап келеді. Шет мемлекеттерге экспортталатын балық өнімі 2024 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 608 тоннаға артық экспортталып 121,2 пайызға ұлғайып отыр. Салада қолдан балық өсіру жұмыстары да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда тауарлы балық өсіру шаруашылығы, тоған шаруашылығы және тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсірумен 16 шаруашылық айналысуда – дейді А.Сақыпұлы.

Экология және туризм
Экология мәселесі айтыла қалса, бірінші кезекте Арал теңізі мен мұндағы жұртшылықтың жағдайы еске түседі. Бүгінде бұл мәселеге шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назары ауып, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар ел Үкіметінің және аймақ басшысының тікелей назарында.
– Осы мәселелер бойынша ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегация өкілдері келді. Тіпті әлемдік, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері, елшілер келіп, экологиялық апат аймағына, теңізге деген жанашырлықтан туындаған әр бастамаға қаржылай қолдау беріп, жобаға жан бітіруге ынталы болғандығын айтуға тиіспіз. Сыр өңірінде туристік аймақ ретінде танылып келе жатқан аудандардың бірі Арал ауданы екенін де жақсы білесіздер!
Өздеріңіз хабардарсыздар, ауданда Орта Азияда алғаш болып «Geopark Aral» туристік орталығы ашылды. Аталған нысан – тек инфрақұрылымдық жоба емес. Бұл – Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық, мәдени және экологиялық бай мұрасын сақтау мен танытудың, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай туристік орталық болмақ, – деді аудан әкімі.
Айта өтейік, «GEOPARK ARAL» – ЮНЕСКО жаһандық геопарктерінің қатарына енуге ниетті Қазақстандағы бірден-бір бастама екенін осыған дейін де басылым бетінде жазып келдік. Бұл жоба экотуризмді дамыту, халықты экологиялық біліммен қамту, тұрақты табыс көзін қалыптастыру және Аралдың бай мұрасын келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Қасиетті топырақтың қойнауында сақталған сыр мен шежіре енді әлемге геотуризм арқылы таныстырылмақ.
Осы жоба арқылы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктерінің қатарына қосылсақ 5 туристік нысанды халықаралық деңгейде дамыту үшін халықаралық қорлардан қомақты қаржы тартуға мүмкіндік туады. Жалпы ішкі және сыртқы туризм бағытында келуші қонақтарға 40-қа жуық қоғамдық тамақтану нысандары қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы туризм бойынша 10 обьекті бегіленген. Олар Қамбаш жағажайы, Көкарал бөгеті, Ақеспедегі «Ыстық су» бұрқағы, Шижаға аққұмы, Көкарал су плотинасы, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы, Кердері 1-2 аймағы, Арыстанбаб кесенесі, Аралтұз зауыты, Бегім ана кесенесі туристік нысан болып белгіленген.
Жыл басынан бері ішкі туристер саны 14 мыңнан асса, өзге елден келген туристер 900-ден асып отыр. Бұл сала бойынша қолға алынуы тиіс жұмыстарды одан әрі жалғастырып, әлемге белгілі Аралды туристер тоқтайтын қолайлы айналдыру басты мақсат.

Құрылыс қарыны кенжелемеді
Ауданымыз қай кезде де құрылыстың негізгі алаңына айналып үлгерген. Бұл жұмыстар өткен жылы да өте жоғарғы қарқынмен жалғасты. Жыл көлемінде ауданда 32,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілгені соның анық дәлелі.
– 2025 жылы 39,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 57,5 пайызға артық орындалды.     Тіршілік нәріне айналған сапалы ауыз су тұтыну – халқымыздың салауатты өмір сүруінің кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекетіміз ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Осы жылға барлығы 12,8 млрд теңге қаржыға 4 жоба бойынша жалпы 318 шақырым ауыз су желілері тартылды. Қазіргі таңда Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Ендігі кезекте Абай елді мекеніне ауыз су жеткізуді мерзімінде аяқтауға күш салынуда.     Қазіргі таңда «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының» 200 шақырымнан астам бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Өткен жылы жоба құны 43,7 млрд болатын осы құбырдың екінші желісін тарту жұмыстары басталды.
Бүгінде тек ауданда емес, елімізде басты мәселеге айналған баспана төңірегіндегі сауал шешімін тауып келеді. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі саналатын тұрғынүй мәселесін шешу бойынша 2025 жылдың басында 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтерге тұрғындар қоныстанса, қазірде құны 990,2 млн теңге болатын 2 пәтерлі30тұрғын үй өз иелеріне табысталуда, – дейді А.Сақыпұлы.
Мұнан бөлек аймақ басшысының қолдауымен 1,7 млрд теңгеге «Руханият» орталығы салынып, өңірдегі құндылықтардың қара шаңырағына айналса, Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі темір жол вокзалының орнында жаңа ғимараттар бой көтеруде.

Аралдықтарды басты қуанышы
Аралдықтардың, соның ішінде Сырдың бойын жағалай қоныстанған ауылдардың басты қуанышы жақында ғана ашылған  құны 5,2 млрд теңгені құрайтын Қамыстыбас елдімекеніндегі автоматты газ тарату станциясы. Барша дария жағасындағы жұртшылықтың көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қауқарлы станция шынымен барша елдің көптен күткен жаңалығы еді. Себебі алдағы уақытта кезең-кезеңімен 18 ауылдың тұрғындары көгілдір отын игілігін көретін болады.
Айта кетейік, қазірде аудан халқының 72 пайызы газбен қамтылған. Жыл басында Арал қаласындағы №4 мөлтек ауданы және Сексеуіл кентімен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылғы Жолдауында Аралға қатысты екі жағымды жаңалық жеткізді. Соның бірі – Кіші Арал теңізін сақтап қалу мәселесі болса, екіншісі«Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын бастауды жеделдету. Қазіргі таңда құны 800 млрд теңге болатын ауқымды жобаның техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. Соның аясында Сексеуіл кенті мен Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендеріне жол қатынасы жеңілдеп, тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтылуына және кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беретін болады.
Ұлттық құрылтайда Президентіміз көлік-логистика кешені төңірегінде атқарылуы тиіс жұмыстарды атады.
Яғни биылғы жылы «Қызылорда-Ақтөбе» арасында 4 жолақты жаңа күре жолдың және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы бастау алады.
2025 жылғы аудандағы инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар тек мұнымен 2025 жылы көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауданға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен барлығы 4,2 млрд. теңге бөлінді. Жоба құны 3,1 млрд теңгені қамтитын темір жол үстінен салынған көпір өткен жылдың мамыр айында халық игілігіне пайдалануға берілсе, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Моно және шағын қалаларды дамыту», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша да бірсыпыра жұмыстар жүзеге асырылды.

Білім берудегі басымдық
Білімге жасалған жағдай жыл сайын кезектен түспей, ел болашағының бақытты ғұмыр кешуіне жасалатын, кедергісіз білім алуына бағытталған жұмыстар тұрақты түрде істеліп келеді. Соның бірі –Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Осы жоба аясында Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салынып, балалардың игілігіне берілді. Аймақ басшысының тікелей қолдауы арқасында Ақшатау ауылында да 60 орындық мектеп ғимараты және демеушілік есебінен Тоқабайдағы№248 орта мектебі жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілді. Көптен бері көтеріліп келе жатқан Мергенсай ауылдық округіндегі мектеп мәселесі де шешімін тапты, құны 2,3 млрд теңгеге 150 орындық білім ордасының құрылысы да сәтті аяқталды. Биылғы жаңа жылды мергенсайлықтар осындай қуанышпен қарсы алып, оқушылар жайлы және жылы, білім алуға қолайлы мектепке енді.
Бұдан бөлек Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің көне ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына 427,3 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Аудандағы №263, №62 және №177 орта мектептері де 143 млн 813 мың теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті.

Аралдықтар ауырмайтын жол іздейді
Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттің басты капиталы екенін анық. Олардың өмір сүру сапасынан бөлек денінің саулығы да қашанда мемлекеттің басты назарында. Бұл бағытта аудан көлемінде де ауқымды, ауыз толтырып айтатын жұмыстар істелді. Бір жылдың көлемінде жүзеге асқан шараларға тоқтала кетейік.
Сүйіншілеп, мақтанышпен айтатын жаңалықтың бірі орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай құрылысы десек болады. Тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің де жаңа ғимаратының құрылысыаяқталды.
Оған қоса, Арал қаласының Шанхай, Жаңауыл мөлтек аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған жоба құны 6,6 млрд теңгені құрайтын емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда бұл жобаны қаржыландыру бойынша тиісті салалық министрліктермен жұмыс жасалуда.
Мұнан бөлек аймақтағы медициналық қызмет көрсету көрсеткіші бойынша Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бағытында бағалаудың жасыл деңгейіне қол жеткізіп, қолайлы аймақ атанды. Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасы Ұлттық аккредиттеудің 2025-2028 жылдарға арналған аккредитация кезеңінде «Жоғарғы санат» дәрежесін иеленді.
Мұнан бөлек 2025 жылдың басында Сексеуіл кентіндегі 25 төсектік аурухана ел игілігіне табысталды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тоқабай ауылынан соңғы үлгідегі дәрігерлік амбулатория салынды.
Одан басқа Арал қаласында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Бұл орталық Арал, Қазалы аудандарының мүмкіндігі шектеулі 900-ге жуық 2 мен 17 жас аралығындағы ерекше балаларымызға медициналық көмек көрсететін бірден-бір ұйым.
Осының бәрі аудан медицинасы тарихында қол жеткізіліп отырған ең жоғарғы жеткістіктер.

Салауаттылық пен мәдениеттілік – ұлттың айнасы
Аудан әкімі А.Оңғарбаев:
– Мәдениет пен спорт саласында да 2025 жыл сәтті қорытындыланды. Өткен жылы Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға берілсе, дәл осындай спорт кешені Шижаға ауылында салынып жатыр. Жыл көлемінде өткен түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, аудан мерейін үстем етіп келе жатқан мақтаныштарымыздың есімі мен жеңісі бүгінде өтіп бара жатқан ескі жылдың еншісіне алтын әріптермен жазылды.
Мәдениет саласында айта кетерлік жәйт Арал қаласында толық мәнінде 10 күндік «Наурызнама» мерекесі атап өтілді. Аманөткел ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып жатыр, – деді.

Алдағы міндеттер ауқымды
Журналистер қауымымен кездесу барысында өткен жылдың жетістіктерін жіктеп берген А.Сақыпұлы:
– Өткен жылды жақсы түйіндедік деп тоқмейілсуден аулақпыз. Келер жылы алға қойған міндеттер бұдан да ауқымды. Бар жұмыс қаржыға келіп тірелетіндіктен аудан бюджетінің жоспарлы орындалуы басты міндеттердің бірі екені белгілі. Осы жылдың ауқымды жобаларының бірі Сексеуіл кентінен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының демеушілігімен құны 1 млрд теңге болатын 150 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспары бар. Бұл да оң шешімін тапқан мәселе. Қазіргі уақытта құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Біз басқа да қаржы көздерін тарту арқылы аудан көлемінде атқарылуы тиіс өзге де жұмыстарды жандандыруға бар үлесімізді саламыз.
Өткен жыл – біз үшін тек уақыттың өлшемі емес, маңдай тер мен адал еңбектің, сабыр мен сенімнің сыналған кезеңі болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жұдырықтай жұмылып атқарған жұмыстарымыздың нәтижесін көрдік. Әрбір жетістік – елдің тілегімен, халықтың қолдауымен келген олжа. Ал кездескен қиындықтар бізді қайрай түсті, бірлігімізді бекемдей түсті. Бізге артылған сенім – аманат. Төрімізге озғанжылқы жылына жоспарымыз айқын, мақсатымыз нық. Осы жылда елдің әл-ауқатын арттыру, жастарға жол ашу, ауыл-аймақтың тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Ел сенімін ақтау жолында әлі де аянбай еңбек етуге пейілміз.         
Осы жылы іске асырылуы жоспарланған құны 16,4 млрд теңге болатын 8 жобабар. Бұл жобалар іске қосылғанда 139 адам жұмыспен қамтылады. Олардың қатарында: «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасы, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасы, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» жобасы, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Арал қаласында мотоцикл құрастыру зауыты» жобасы бар.
Онымен қоса 2026 жылы жалпы құны 150 млрд. 500 млн теңгені құрайтын кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы басталатын болады, – деді.
Мұнан бөлек БАҚ өкілдерінің сұрақтарына ұтымды жауап беріп, алдағы жоспарларды айтып өтті.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
02 ақпан 2026 ж. 50 0