Қышыма ауруынан сақтанайық
Арал ауданы бойынша қышыма тері ауруы өткен жылмен салыстырғанда өте жоғары деңгейде өсіп отыр. 2024 жылы ауданда 13 қышыма ауруы тіркеліп, оның 14 жасқа дейінгі балалар арасында 12 ауру анықталса, 2025 жылы аудан бойынша 25 қышыма ауруы анықталып, ауру деңгейі 2 есеге өсіп отыр, оның 14 жасқа дейінгі балалар арасында 24 ауру анықталған. Қышыма тері ауруларының жұғу жолдарына эпидемиологиялық зерттеулер жүргізгенде аурулардың бір ошақта 2-3 жағдайдан тіркелуі отбасында алғашқы ауырған науқасты дер кезінде емдемегендіктен аурудың тұрмыстық қарым-қатынастық жолмен жұғуы белең алған. Ит- мысықтар, жеке қожалықтағы малдар қышыма тері ауруымен ауырған кезде уакытылы ветеринариялық дәрігерге емдетпеу салдарынан адамға ауру жұққан.
Қышыма - жұқпалы тері ауруы. Оны қышыма кенесі жұқтырады. Қышыма кенесінің өсу кезеңі 2-3 аптаға созылады, қышыма ауруы адаммен тікелей қарым-қатынас жасаған кезде, қол алысқанда немесе сырқат пайдаланған заттар: төсек, ішкі киім, ойыншықтар арқылы жұғады. Сонымен қатар ауру барлық үй малдарынан, иттен, мысықтан жұғуы мүмкін.
Қышыма ауруының негізгі белгісі-терінің қышуы, ол кешке, әсіресе түнде адамға ұйқы бермей мазалайды. Өйткені қышыма кенесі түнде қозғалғыш келеді. Ол терінің үстіңгі қабатымен қозғалып, теріні қышытады. Теріде біртіндеп майда түйін мен көпіршік тәрізді бөртпе пайда болады. Қышыма өзегі мен бөртпесі көбіне саусақтың арасында, білек буындарының ішкі жағында пайда болады. Одан кейін адамдардың башпайларының ішкі жағына, табанына, алақанына, бетіне шығады.
Қышымамен ауырған науқастар зақымданған жерін қасып, ол жерге ірің тудыратын микроорганизмдер ұялап қалады. Сондықтан қышыма асқынған кезде кейде іріңді бөртпелер пайда болады, негізгі белгілерін бүркемелеп тұрады. Асқынған жағдайда зәрде, қанда өзгерістер пайда болып, буындары қабынып, дене қызуы көтеріледі. Қышыманың алғашқы белгісі білінісімен жедел дәрігерге қаралған жөн.
Ауру үй жағдайында емделген кезде бөлек бөлмеде оқшаулануы керек. Науқас жатқан бөлменің еденін күнде жуып, жиһаздарды сабын- соданың 1-2 пайыздың ертіндісімен сүртіп отырған жөн. Қышыма ауруын жұқтырып алмас үшін қолды жиі-жиі сабындап жуып, апта сайын моншаға түсіп, дененің таза болуын қадағалау қажет.
Қышыма малдардан да жұқтыру мүмкін болғандықтан, үй мысықтары мен иттерде аурулардың белгілері байқалса дереу оларды мал дәрігеріне көрсету қажет. Малдарды бағып-күтім жасағанда арнайы жұмыс киім, қолғап кию керек, жұмыс аяқталған соң қолды екі мәрте иіс сабынмен жақсылап жуу қажет.
Қарапайым тазалық шараларын сақтап, қышыма ауруынан сақтанайық, ағайын!
А.Сатекеева,
Арал аудандық СЭБ басқармасының басшысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай










