Топ-баннер
Топ-баннер2
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел сенімін арқалаған әкім қыз

Ел сенімін арқалаған әкім қыз

«Елге қызмет ету – ердің ісі» дейді дана халқымыз. Десе де заты нәзік болса ермен иық тересіп, сенімнің үдерісінен шыға білген әйелдер де бар арамызда.  Халықтың жауапкершілігін абыроймен арқалап, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген  нәзік жандылар қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Азат Балмырзаева. Екі жылдан астам уақыт Қамыстыбас ауылдық округі әкімі қызметін атқарып келе жатқан ол Арал ауданындағы  жалғыз нәзік жанды әкім.
1984 жылдың 18 желтоқсанында Қамыстыбас елді мекенінде дүниеге келген Азат Төлебайқызы туған топырақтың қадірін жастайынан жүрегіне түйіп өсті. «Туған жерге туыңды тік» деген тәмсіл оның өмірлік ұстанымына айналғандай. Бүгінде сол қасиетті мекеннің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.
– Әкем Төлебай мен анам Анаргүлдің мен тұңғыш перзентімін. Менен кейін  7 бауырым өмірге келді. Ата-анамыз жастайымыздан бізді адалдыққа баурады. Отбасында алған тәлім-тәрбие адам баласының өмірлік азығы екен. Аллаға шүкір, ата-анамыздың әлі күнге дейін бағыт-бағдар беріп қарашаңырақтың  асыл қазынасы болып отыр, – деп Азат Төлебайқызы отбасы туралы айтып берді.
Білімге құштар жас 2002-2007 жылдар арағығында заң саласында терең білім алды. Заңды білу – әділдікке бастар жол. Бұл қағида оның кейінгі қызметінде де берік ұстаным болды.
Еңбек жолын 2008 жылы Қызылорда облыстық ғылыми-өндірістік Сот сараптамасы мекемесінде маман болып бастап, 2012 жылға дейін жауапты қызмет атқарды. Іскерлік пен тиянақтылықты талап ететін бұл салада жинақтаған тәжірибе оның ұйымдастырушылық қабілетін шыңдай түсті.
2012 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, еңбек пен табандылықтың үлгісін көрсетті. «Медет и К» ЖШС директоры ретінде Аманөткел, Қосжар, Ақбай, Бөген елді мекендерін қатты отынмен қамтып, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына өз үлесін қосты. Кварц құмын қазып Өзбекстанға экспорттады. Азат Төлебайқызы «Кәсіп – нәсіп» деген сөздің мәнін іспен дәлелдеген жанның бірі деуге толық негіз бар.
Азат Төлебайқызының қамқорлығын халық әкім болмай тұрып та сезіне бастады. Қамыстыбас ауылынан 130 орындық балабақшаны жеке қаражатына салып беріп, бүлдіршіндерді бақытқа бөлеген еді. 5 айда құрылысын бітіріп, кілтін табыстаған Азат Төлебайқызының ерен еңбегін ескерген аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы ашылу салтанатында алғысын білдірді.
Бүгінде ауыл әкімі ретінде халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Ел ішіндегі өзекті мәселелерге бей-жай қарамай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруге күш салуда. «Басшы болу – бақ емес, сын» екенін терең түсінетін ол, жауапкершілікті бірінші орынға қояды.
– Кез келген қызметтің өз қиындығы болады. Дегенмен, адам бойында төзімділік, жауапкершілік, жұмысына деген сүйіспеншілік және ұйымдастырушылық қабілет болса, алынбайтын асу жоқ. Әкім болу – қиын қызмет емес, жауапты қызмет. Әкімдік міндет әйел не ер деп жынысқа бөлінбейді. Ең бастысы – сенім мен табандылық.
Егер халықтың көңілінен шығып, сеніміне ие болсаң, бұл – үлкен жетістік. Менің бір ұраным бар: «Сіз десіп, біз десіп, барлығымыз бірлесіп ауылды көркейтейік». Өйткені ауызбіршілік бар жерде алынбайтын қамал жоқ, - дейді ол.
Отбасында отағасы Бауыржанның аяулы жар, екі баланың ардақты анасы. Қоғамдық қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру – үлкен парасат пен сабырды талап етеді. «Ана көрген тон пішер» дегендей, оның өнегелі жолы ұрпағына үлгі.
Қай істе де табандылық пен адалдықты ту еткен Азат Төлебайқызы – туған жерінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген қайраткер ару. Осындай елжанды Отан мен отбасының ұйытқысы бола білген аналарымыз барда сенім жүгін арқалатқан ауылдың да, «әкім қызым» деп ардақтаған елдің де еңсесі биік, мерейі үстем болмақ.
Н.БАҚЫРАН
10 наурыз 2026 ж. 54 0