Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » А.Сермағамбетова: ел тыныштығын күзету – борышым

А.Сермағамбетова: ел тыныштығын күзету – борышым

Қоғамда қай қызметке болмасын құрмет болуы керек. Өйткені өркениетті алға жетелеп, экономиканы еселеп арттыруда әр саланың айрықша қолтаңбасы бар. Ал сол саланың жаны мен қаны еңбек адамдары. Сондықтан әрбір еңбек адамына құрмет көрсету еліміздің басты ұстанымына айналып келеді. Біз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қоғамға қызмет етіп жүрген нәзік жанды жайында айқтымыз келді.
Погонды ару. Әдетте бұл сөз құлаққа шалынса нәзік жандылар үшін полиция болу қаншалықты дұрыс және мұндай салада әйелдер жұмыс жасай алама деген заңды сауал туындайды. Десе де мұндай қызметте талмай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар жетерлік. Бүгінгі тақырып иесі қайсар мінезді, погонды ару Арал ауданының Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Сермағамбетова Алма Аманкелдіқызы.Осы салада 10 жылдай уақыттан бері еңбек етіп, құқық қорғау органдарындағы міндетін абыроймен атқарып келе жатқан АлмаСермағамбетова бүгінде бала кездегі арманын ақиқатқа айналдырған жан.
Полиция майоры Алма Аманкелдіқызы Ішкі істер органдарындағы қызметін 2013 жылдан кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторынан бастап, 2014 жылы әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік практика тобының инспекторы, ал 2021 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметін абыройлы атқаруда. Елдің тыныштығы мен жүйенің қалыпты жұмыс істеуі жолында табанды еңбек етіп келе жатқан погонды арудың бұл саладағы жұмысы одан әрі де жалғаса бермек. Себебі ол өз қызметін жақсы көреді және жоғары бағалайды. Бала кезден басталған арман бүгінде Алманың жан қалауы деуге болады.
– Бала кезімнен бастап полицияда қызмет етуді армандадым, осы қызметке келген соң маған қанат бітірген әкем Сағитжанның әрдайым айтып отыратын жылы сөзі мен сенім артқан үміті болатын. Мен әрқашан әкемді мақтан тұтамын, қызмет таңдау бойынша еш өкінбеймін, қазірде жақындарым қасымнан табылып, қызметіме қолдау көрсетуден еш аянбайды.Осы қызметке келіп, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы қызметіме, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосқаным үшін олар тілектес, – деп жылылықпен сөз етеді қайсар мінезді погонды қыз Алма.
Қызмет ауыртпашылығын көтере білетін, ер азаматтармен қатар қызмет атқарып жүрген Алма өзін үлгілі қызметкер, білікті маман ретінде таныта білетін қызметкерлердің қатарында.
А. ҚАРАСАЙ
08 наурыз 2023 ж. 331 0