14 келілік аяқ киім
Әлемде талай қызық бар... Ал сол қызық өзіміздің табанымыздың астында екеніне кейде мән бере бермейміз. Айналамыздан түрлі бағалы заттарды байқап, ескі үйлерден құнды жәдігерлерді тауып алуға болады. Тіпті құлағалы тұрған қос ішінде балықшылардың қолданыстағы бұйымы көнеден сыр шертіп, тарихтан тін тартады.Жақында музейге бардым! Шет елдегі емес... Өзіміздің Арал балықшылар музейі. Балық аулау кәсібінің жүз жылдан астам тарихын түгендеген мекемеде үнсіз тіл қатып тұрған талай жәдігер бар. Әрбір мәдени мұраға арнайы мақала арнауға болады. Соның ішінде менің көзім темір аяқ киімге түсті. Балықшы темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанша еңбек ететін маман емес пе... Ал темір аяқ киім киіп, кәсіп қылғаны, оны қалай көтеріп жүргені таң қалдырды. Бір сыңарының өзі 7 келі. Сонда бір балықшы 14 келілік аяқ киімді киіп жүріп, жұмыс атқарғанын ойлай беріңіз.
Музей мамандарының айтуынша темір аяқ киім қажеттілігі су астына түскенде керек болған. Ал кеменің түбіне су толып қалса, балықшылар су астына тез батып, тесілген жерді бітеу үшін темір етікпен су кешкен. Бұзылған кемені су астында да жанып тұратын шамшырақпен жөндейтін болған екен.
Арал теңізінде алғаш рет сауда жасайтын кемелер тасқыны 1905 жылдан басталған еді. Өйткені дәл осы жылы «Орынбор – Ташкент» теміржолы Аралдың тұсынан өтіп, қозғалыстың көбейген кезі болатын. 240 тонна жүк көтеретін үш мачталық «Могрит» шхунасы теңізде жүзді. 1908 жылы балық кәсіпшілігімен айналысатын ағайынды Макеевтер бумен жүретін винтті «Энергичный» деп аталатын желкенді кеме құрастырды. 1909 жылы ағайынды Лапшиндер қазіргі кеме жөндеу зауытының орнында механикалық шеберхана ұйымдастырды. Мұны кеме жөндеу және жасау зауытының бастамасы немесе негізінің қалануы деуге болады. Міне осы уақыттарда өзі балықшы һәм кеме жөндеушілердің киімі әралуандығымен ел есінде қалған.
Сол шеберханада арматуралық типтегі екі токарьлық және бұрғылау станогы болды. Станоктар көп пайдаланылғандықтан ескі болатын әрі фундаментсіз орнатылған. 50-ге жуық жұмысшы қызмет етті.
1930 жылдан бастап кеме жөндеу шеберханасы (зауыты) уақыт талабына сәйкес өз мүмкіндіктерін жетілдіріп, кеме, баржа жасауға бағыт түзеді. Ең алдымен ағаштан буксир, катер жасады. Өз тәжірибелерін тереңдетіп, кәсіби шеберлігін шыңдай түскен аралдық кеме жөндеушілер 1932 жылы қуаттылығы 300 аттың күші бар «Ким» пароходын жасады. Бұл пароход кейін Кеңес Одағының батыры, даңқты қазақстандық генерал Панфиловтың құрметіне «Панфиловқа ескерткіш» деп аталды. Біз тапқан темір аяқ киім сол дәуірді көрген көне жәдігер.
Арал – тылсымы тұнған тарих, мыңдаған жылдардың керуен көшінен тәбәрік дүние ұсынған сыры мен сыны телегей қасиетті өлке. Бұл – өлкенің алыс-жақынға даңқын асырған Азияның жақұты, Қазақстанның інжу-маржаны саналған, шөл белдеміндегі бірден бір су айдыны толқындары толассыз жағаға ұрып жататын керемет құбылыс еді. Суы азайғанымен су асты мен жағалаудан табылып жатқан тарихи мұралар музалар мекені болған музейлердің құндылығын асырып тұр.
Айдар САЙЛАУОВ









