Аралдың "Тамашасы" үздіктер тұғырында
Әлемді әзілге, көңілді күлкіге қарық қылатын 1 сәуір – Халықаралық күлкі күні екені баршаға белгілі. Әлемнің әр елінде түрлі шараға ұласатын бұл атаулы күн қазақ халқы үшін сатираның ерекше салтанат құратын мерекесі. Осы бір кереметі таусылмайтын күннің тағы бір көңілді шарасы Шиелі ауданында өтті.Талай кинофильмдерде ойнап, театрларда әртістігімен танылған, әсіресе бар қазақтың жүзіне күлкі сыйлаған "Тамаша" әзіл-сықақ театрындағы түрлі образдарымен әлі күнге дейін ұмытылмай келе жатқан Мейірман Нүрекеевтің туған жерінде мұндай шараның өтуі заңдылық. Белгілі сатириктің 80 жылдығына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты республикалық әзіл-сықақ отауларының байқауы барша жиналғандарды күлкіге қарық қылды.
Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ашқан шарада Мейірманның замандасы, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов сөз сөйлеп, марқұмның өмір жолы мен еңбегі туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, оның өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.
Иә, мақсаты мен міндеті айқын байқау көпшілік күткен деңгейден де жоғары өтті. Шымкент қаласының «Әзіл-сықақ және сатира», Түркістан облысы, Келес ауданының «Күлкі терапиясы», Алматы облысының «Күлкістан» театрлары мен Шиелі ауданының «Қытық» халықтық отауы, Арал ауданынан «Тамаша» халықтық әзіл-сықақ театры, Жалағаш ауданынан «Әзілизация» және Жаңақорған ауданынан «Күлеміз бе, қайтеміз!» әзіл-сықақ отауы қатысқан бәйгеде жеңімпазды анықтау оңайға соқпады. Сахна төріне көтерілген өнерпаздар көрермендерге әзіл-қалжың, ақтай күлкі ғана сыйлап қоймай, тағылымға толы әсерлі қойылымдар ұсынды.
Бізді қуантқаны талай бәсекеде топ жарып жүрген театрлар арасында Аралдың да абыройы асқақ шықты. Нақтырақ айтар болсақ Арал ауданынан қатысқан «Тамаша» отауы жүлделі ІІІ орынды еншілеп қайтты.
Аталған байқау жайлы "Тамаша" халықтық әзіл-сықақ отауының режисері Нұртаза Ордағұлов:
– Аралдың "Тамашасы" осыған дейін де өзінің мықтылығын дәлелдеп келе жатқан ұжым. Түрлі деңгейдегі шараларда бой көрсетіп, әртістері шеберліктерімен көрініп жүр. Ал бүгінгі жетістікің орны тіпті ерекше. Себебі бар қазаққа қазақы әзілімен, тапқыр сөзбен, орынды қалжыңмен танылып жүрген іргелі өнер ордалары қатысты. Солардың қатарынан таңдаулылар арасында болу үлкен абырой. Алдағы уақытта да осы деңгейден төмендемей, биіктерден көрінуді мақсат етіп отырмыз, – дейді.
Иә, Мейірманмен бір сахнада барша қазақтың көңілінен шыққан Құдайберген Сұлтанбаевтың жерлестері әлі талай жеңіспен қуантарына біз де сенімдіміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









