Парақорлар әулеті

Ақын-жазушы Ерғали Абдулла әдебиеттің бірнеше жанрындағы кітапдың авторы, ауданның біртуар азаматы, республикалық, аймақтық бірнеше әдеби байқаулардың, мүшәйралардың жеңімпазы, Қазақстанның белгілі сазгерлері жазған 60-тан астам ән мәтіндерінің авторы, Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Арал өңірінде жарық көрген «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Айару», «Құрылтай» газеттерінің бас редакторы қызметін атқарған, қазіргі таңда «Арал әлемі» газетінің бас редакторы.
– Алматының «Арна» баспасынан шыққан кітабымыз әзіл-сықақ әңгімелер мен интермедиялар жинағы. Айналамыздағы, қоғамдағы жағымсыз тірлік, кемшіл жайларды күлкіге көмкеріп берсек деген ойдан туған дүниелер. «Парақорлар әулетін» осыған дейін оқырманға ұсынған кітаптарымның заңды жалғасы болды деп есептеймін, – деді жазушы.
Бұл кітапта да сатирик әзіл түбі зіл екенін танытады. Бірінші «Әзілде кек жоқ» бөліміндегі әңгімелер сатирамен үлкен мәселелерді қаузаса, «Күлкіде шек жоқ» деп аталатын екінші бөлімнің сахнаға лайықтап жазылған интермедиялары күлкі шақырар кейіпкерлермен бетпе-бет кезіктіреді.
Оның ішінде кітап атына негіз болған «Парақорлар әулеті» әңгімесі құрдастарының арасында «Мырза қатын» атанған Қонақгүлдің жолдасы Арпабайдың парақор екенін білгенінен бастау алады. Жұмыстасы Үрбибінің «Парақордың парықсыз қатыны» деген сай-сүйегін сыздатқан ол үйіне келіп күйеуінен мән-жайды сұрағанда, ол ғана емес үлкен аталарының да парақор болғанын естіп, тіптен ашуға булығады. Ақырында өзінің ата-анасын шақырып, күйеубалаларымен сөйлестірмек болғанда төркін жұртының да былығы бар екенін білген Қонақгүлді «Бұл әулеттің маңдайына пара алу, таңдайына соның дәмін тату жазылған екен ғой» деп ой түйіп, көңілін жайландырады.
Міне, осы секілді өміршең оқиғаны әзілмен тәттілеп, оқырманға ой түйгізер әңгімелерден құралған тілі уытты әрі жеңіл жинақ көпшілік көңілінен шығары сөзсіз.
Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ