Жүрегі мейірімге толы мейірбике
Мейірбике – емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Олар – мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар.Қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, медбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді. Оны күнделікті өмірде көріп-біліп, дертімізге шипа тауып келеміз.
Бұл жайлы неге айтып отырмыз? Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері дәл осы мамандық иесі турасында болмақ.
Бақытгүл Өмірзақова 1990 жылы 18 қазанда Арал қаласында дүниеге келген. Қаладағы №71 орта мектебін бітірген соң арман қуып Алматыға аттанады. Арман қуып деуімізге де себеп бар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ақ халат киюді мақсат еткен ол бала кезден дәрігер болып ойнап, "мен өскенде бәрін емдеймін" деп қылығымен отбасындағыларды қуантып жүретін. Алла тілеуіне берді. 2008 жылы мектептен түлеп ұшқан бойда армандар қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне түсіп, 2012 жылы маман иесі атанып шықты.
Арманының алғашқы баспалдағын қиындықсыз бағындырған Бақытгүл диплом алған бойда бірден қызметке араласты. Осылайша, бала қиялындағы ақ халат ақиқатқа айналып шыға келді. Қазіргі таңда Абай ауылдык емханасында аймақтық мейірбике болып жұмыс істейтін 14 жылдық тәжірибесі бар Бақытгүл Әділханқызы жоғарыда айтқанымыздай "бәріңді емдеймін" деген мақсатына жеткеніне өзінен бұрын халық қуанышты. Емханаға қарасты К.Өтенов көшесінің тұрғыны Маскура Нұрсейтова:
– Бақытгүл біздің қызымыздай болып кетті. Қашан барсақ та қарбалас жұмысқа қарамай, қабақ шытпай қарсы алады. Мерзімді дәрімізді уақытында хабарласып, беріп, уақытылы емімізді жасап, батамызды алып келеді. Қызметтік міндетті де шығар. Алайда ондай мейірім мейірбикенің бәрінде болуы керектегін көпке үлгі етіп жүрген жандар көп емес. Біздің күндіз-түні тілегіміз Бақытгүлдей жауапкершілікті жас мамандардың көп болуы. Үлкенді сыйлай білген қызымыз да үлкендікке жетсін деймін, – дейді.
Ал абзал жанның қалтқысыз қызметін көріп келе жатқан Жұлдыз Есқуатова:
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік" дегеніндей, бақытын адал еңбектен тапқан, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, еңбектің тайқазанында қайнаған Бақытгүл – өз ісінің білгірі. Оның басты міндеті – өзіне қарасты ана мен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Бұл істе қателікке жол бермеу керек екенін жақсы біледі. "Мемлекеттің басты капиталы – адам" деген ұстанымды ұран еткен Бақытгүл дәрігерге дейінгі кабинетте алғашқы медициналық тексерулер жүргізіп, жүк аналардың қан қысымын, жүрек соғысын, дене қызуын өлшеп, дәрігердің кеңесіне жолдама береді. Баламыздың дені сау, өзіміздің қауіпсіз босануымызға барынша жағдай жасап, адал еңбек етіп жүр. Осындай білімді мейірбикелердің арқасында әлем мейірімге бөленеді, – дейді.
Халықтың ризашылығы мен алғысынан артық еш нәрсе жоқ деп ұғынған қызметте абыройлы Бақытгүл отбасында аяулы жар, ардақты ана. 2014 жылы тұрмыс құрып, бүгінде 3 бала өсіріп отыр.
Таяуда ғана Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері мен аудандық денсаулық сақтау саласы кәсіподақ комитеті төрағасының Алғыс хатына ие болған кейіпкерімізге елдің алғысынан асқан марапат жоқтығын түсіндік. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамнан бастап, түрлі деңгейдегі науқастарды емдеу, ана мен баланы аман қауыштыру, олардың айналасындағы жандардың қуанышын көру расында, ең үлкен бақыт.
Оңталап ЖОЛДАСОВ








