Сәуірдің он екісі — қазақ үшін қарапайым күн емес
Дәл осы күні Байқоңыр даласынан адам баласы алғаш рет аспанға ұшты. Дәл осы күні — қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтпаев дүниеге келген. Екі ұлы оқиға, екі ұлы тұлға — және бір ғана күн. Мұны тағдыр деп атамасқа болмайды.Сәтпаев өз заманында ешкім сенбеген жерден мыс тапты. Карта жасады. Академия салды. «Болмайды» деген сөзді естімеді. Ол ғылымды мемлекет деңгейіне көтерген адам — тек кітап пен зертхана арқылы емес, ерік пен сенім арқылы.
Байқоңыр болса — сол еріктің жемісі. Жер бетінен ғарышқа шыққан алғашқы адам қазақ топырағынан аттанды. Кейін Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сол жолды жалғастырды. Жұлдызға жол — осы жерден басталды.
Бүгін сол жол тарылған жоқ, керісінше кеңейді. Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым бар. Олардың жартысы — жас, отты, ізденімпаз. Зертханаларда жаңа материалдар жасалуда, ауруларды ерте анықтайтын технологиялар сыналуда, топырақты тірілтетін тыңайтқыштар ойлап табылуда.

Ғарышқа шығу бір батылдықтан ғана туындамайды. Ол мыңдаған ғалымның, мыңдаған түннің, мыңдаған есептің жемісі. Әубәкіров, Мұсабаев, Айымбетов — үшеуі де сол білімнің қанатында ұшты.
12 сәуір- Халықаралық авиация және Ғарышкерлер күні құтты болсын!
Айжамал МАРАТОВА







