Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ұлт мақтаныштары

Ұлт мақтаныштары

12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Тарих қойнауында қалған, осыдан 61 жыл бұрынғы, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырған еді. Ол кемеде әлем тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Алексеевич Гагариннің болғаны әрбір жанның жадында болар. Осы айтулы сапары үшін ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағына ие болды. Сөйтіп адамзат баласының сан мыңдаған жылдар бойы армандаған арман-тілегі орындалды.
 Бүгін осы ғарыш айлағынан көкке самғаған  ұлт мақтанышына айналған үш ғарышкеріміз туралы  айтпақпыз.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Ол Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген.
 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылдың 2 сәуірінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Ғарышта ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал көк аспанда қыран құсша самғап, талай келелі іске бастамашы болып, жаңа үлгідегі ұшақтарды сынақтан өткізіп, ұшудың жарқын үлгісін көрсете білген Тоқтар Әубәкіровтің әуедегі істерінен бөлек, елімізге сіңірген еңбектері мен атқарған қызметтері орасан зор. Өлшеусіз еңбектері де елеусіз қалмай, тіпті әуе кеңістігіндегі ерлігі үшін Гиннесс рекордтар кітабына да енген қазақ ғарышкері Қазақстанның «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағымен және «Отан» орденімен, «Кеңес одағының Батыры» атағымен, «Алтын Жұлдыз» медалімен, «Құрмет белгісі», «Ленин», «КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы ұшқыш», «КСРО ғарышкер-ұшқышы», «Қазан төңкерісі» ордендерімен, Австрия Республикасының «Алтын Крест» орденімен марапатталған.
Ал қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасы Талғат Мұсабаевтың жер планетасы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі бағаланып, ол сансыз марапатқа ие болған.
Талғат Мұсабаев «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлеміне сапар шеккен. Үшінші сапарында батыр жерлесіміз америкалық миллионер Денис Титоны да экипаж құрамымен бірге алып ұшып, әлемде тұңғыш рет космосқа кәдімгі саяхат жолын ашқан. Ол – ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақстандық ғарышкер. Талғат Мұсабаев Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында 1951 жылы 7 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Амангелді – журналист, анасы Салиха дәрігер болған. Өзі «жұлдызды жолды әке-шешем, ата бабаларым салды», – дейді екен.
Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында осы саланың майталман маманы атанып, ғарышқа ұшқан қазақтың үшінші азаматы – Айдын Айымбетов. Ол Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтенай ауылында 1972 жылы 27 шілдеде туған. Мектепті алтын медальмен тәмамдап, 1993 жылы Ресейдің Краснодар аймағындағы Армавир қаласында жоғарғы әскери авиациялық училищені ұшқыш-сынақшы мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алайда Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшуы оңай бола қойған жоқ. Айдынның ғарышқа ұшқан екі ағасынан бір ерекшелігі – ол айға Қазақстан азаматы ретінде ұшты.  Осылайша, 2015 жылдың 2 қыркүйегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан  аспанға аттанды. Орбитада отандасымыз Айдын Ақанұлы қазақстандық ғылым үшін бірқатар сынақ жүргізіп, соның ішінде радиацияның миға әсерін зерттегенін айтып өткен орынды.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Әскери-әуе қызметінің полковнигі, Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетов ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағымен, «Алтын Жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісімен, «Отан» орденімен марапатталған болатын.
...Жер бетіндегі 6 миллиардтан астам адамның қазір 300-ден астамы ғана ғарышкер атанған екен. Көк туымызда бейнеленген күн астында самғаған қырандай болып қалықтаған үш азаматтың есімі  тарих қатпарында алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
К. МАХСҰТ 
---
12 сәуір 2022 ж. 801 0