Қазақтың үш қыраны
Адамзат ғарышты бағындырған 1961 жылдың 12 сәуірінен бері қаншама ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми-зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те бар. Олардың есімдері ел тарихына алтын әріптермен жазылды.
Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-ғарышкері болса, Талғат Мұсабаев – 309-ғарышкері, Айдын Айымбетов 545-ғарышкері. Тоқтар Әубәкіров ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут, Талғат Мұсабаев 341 күн 9 сағат 48 минут, ал Айдын Айымбетов 9 күн 20 сағат 13 минут болған. Үш қыранға да кеңістікті игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілген.
Тоқтар Әубәкіров
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы «Бірінші Май» ауылында дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры.
1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа екі рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. Осы кезде авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. 1989 жылы ол бірінші болып, «МИГ-29К» дыбыстан жылдам ұшағын «Тбилиси» авиакрейсеріне шеберлікпен дәл қондырып, қайтадан сол кемеден трамплиннен ұшып шығады. Бұлайша көкке көтерілу әлемде тұңғыш рет тіркеліп, Тоқтар Әубәкіровтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылады. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында дайындыққа кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ұшты. Кеме жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.
Халық қаһарманының ұшқыш болатыны әу бастан болжанған. Түсінде анасына әлдеқайдан шыққан бір дауыс «ұста қолыңа мынаны» дептi. Қолын ашып қараса, аппақ, әдемi көбелек отыр екен. Сондықтан анасы баласын «әппақ көбелегiм» деп еркелетiп кетіпті. Өзі де бұл сөздерді жиі естіген соң ұшуды армандапты. Кішкентайынан бос уақытында аэроклуб үйірмесіне қатысып, парашюттен секіруге әуестенеді.
Кейін орта мектепті бітірген соң, Армавирдегі ұшқыштар училищесіне оқуға түседі. Бастапқыда анасы мұны білмейді. Жалғыз ұлының қасында болмайтынына қатты қамықса да, батасын берген. «Сен туғанда-ақ ұшқыш болатыныңды сезген ем. Қайтейiн, қимасам да бетiңнен қақпаймын. Дегенiңе жет, балам!» деген екен анасы.
Ғарыштан оралған соң еліміздегі зерттеулер негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға, саяси және қоғамдық қызметтерге белсене араласты.
Талғат Мұсабаев
Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында туған. Қазақтың екінші ғарышкері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты. 1991 жылдан бастап ұшуға даярланып, қосалқы ғарышкер есебінде екінші экипаждардың мүшелігінде болған.
Ғарышқа 3 рет ұшқан. 1994 жылы бірінші рет ұшқанда 126 күнді, 1998 жылы екінші рет ұшқанда 208 күнді сонда өткізді. Гиннес кітабына бір айдың ішінде 5 рет, 30 сағат 8 минут ұзақтықпен ашық ғарышқа шыққаны жазылған. 2001 жылы үшінші рет ұшқанда 8 күн болған. Ол ғарышкерлер арасында алғашқы хирург атанған.
Ата-анасы Талғат Бигелдинов ағасындай батыр болсын деп, атын ырымдап қойған екен. Бала Талғат та ағасы сияқты батыр, одан кейін Юрий Гагарин сияқты ғарышкер болуды армандап өседі. Сол арманына 43 жасында қол жеткізеді. Бұл туралы былай деп еске алады: «1961 жылдың 12 сәуірі басқалар үшін тарихи дата шығар. Ал мен үшін өмірімді өзгерткен күн деп есептеймін. Сол күні Алматы қаласындағы №58 мектептің линейкасында ғарышқа тұңғыш рет адам ұшқаны және ол КСРО азаматы Юрий Гагарин екені хабарланды. Линейка бірден бұзылып сала берді. Барлығы шаттанып, айқайлап, жүгіріп, секіріп жүр. Сол кезде мен кенеттен «Талғат Мұсабаев ғарышта!» деп айқайлап жібердім. Неліктен екенін білмеймін, сол уақыттан бастап мен космостан басқа ештеңені армандаған емеспін».
Т.Мұсабаев кейінгі жылдары Ұлттық ғарыш агенттігін, Аэроғарыш комитетін басқарды. Бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
Айдын Айымбетов
Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтеней ауылында дүниеге келген. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры.
1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. 2012 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді. 2015 жылы 2 қыркүйекте екінші бортинженер ретінде «Союз ТМА-18М» кемесімен Байқоңырдан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді. Оның орбитадағы тәжірибелерінің бірі – «Дастархан-6». Ғарышкерлерге құрт, тіпті бие сүтін берген. Дәрумендерге бай тағамдар әріптестерінің көңілінен шығыпты. Халықаралық ғарыш станциясынан оралған Айымбетовті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды.
Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бүгінгі таңда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті. Жалпы алғанда, Айдынның қызмет жолы тұтастай тек әуе және ғарыш қызметімен байланысты, яғни ол осы салаға кездейсоқ келген адам емес, өз ісінің маманы.
Зерттеушілер Т.Әубәкіров пен А.Айымбетовке қатысты қызықты сәйкестіктер бар екенін алға тартады. Олай болса қос қаһарман арасындағы 5 ғажайып сәйкестікті ұсынамыз.
Біріншіден, екеуі де бір айда, бір күнде дүниеге келген. Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы дүниеге келсе, Айдын Айымбетов 1972 жылы туған. Жұлдызнама белгілері – арыстан. Астрология ғылымында бір күні дүниеге келген адамдарды «жұлдызды егіздер» деп атайды. Ғалымдардың айтуынша, олардың өмірі мен мінездерінің ұқсастығы аз емес.
Екіншіден, Тоқтар Оңғарбайұлы да, Айдын Ақанұлы да бір оқу орнын бітірген. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері. Т.Әубәкіров 1969 жылы, ал, А.Айымбетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы – 24 жыл. Үшіншіден, бірі ғарышқа 1991 жылы ұшса, екіншісі 2015 жылы көк жүзіне көтерілді. Арасы тағы да 24 жыл.
Төртіншіден, Әубәкіров 2 қазан, ал, Айымбетов 2 қыркүйек күні ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз, екеуі де аптаның сәтті сәрсенбісіне тура келеді.
Соңғы және ең қызықты сәйкестік, Тоқтар Оңғарбайұлының ғарышқа ұшқандағы командирі Александр Волков болды. Ал, Айдын Ақанұлының командирі – Александр Волковтың ұлы Сергей Волков.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ
syrboyi.kz