Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 75 жасқа толды

Бүгін қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 75 жасқа толды

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Биыл ғарышкер мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Ғарышкер жайлы бірер сөз
Тоқтар Әубәкіров Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. Осы кезде авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі.
Бұдан кейін 1989 жылы бірінші болып «МИГ-29К» дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын «Тбилиси» авиакрейсеріне қондырып, қайтадан сол кемеден трамплиннен ұшып шығады. Бұлайша көкке көтерілу әлемде тұңғыш рет тіркеліп, оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы 25 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшады.
Ғарышкер физикалық дайындықтан бұрын бұл сапарына ғылыми тұрғыда да дайындалады. 300-ден аса ғалым мен мамандар бас қосып, арнайы бағдарлама әзірлейді. Ол бойынша тартылған Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеу назарға алынады. Сөйтіп ғарыштан Арал аймағы фотоға түсіріліп, ондағы тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатыны анықталған.
Бұдан да басқа зерттеулер болған. Оның бәрі әлем назарына ілініп, соңғы 30 жыл ішінде мұндай жаңалықтарды осындай зерттеулері арқылы көрсеткен бірде-бір ғарышкердің болмағаны туралы жазылып, Тоқтар Әубәкіровтің еңбегі жоғары бағаланады.
Міне, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің есімі осылайша әлемдік тарихта қалды.

adyrna.kz
27 шілде 2021 ж. 702 0