Авиация саласындағы айтулы асулар

Тәуелсіздік жылдарында тарихымыз жаңа ғарышкердің есімімен толықты. Ол – Айдын Айымбетов. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тарихтағы үшінші қазақ Алаштың жүгін арқалап, аспанға аттанды. Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағымен, «Алтын Жұлдыз» белгісімен, «Отан» орденімен марапатталды.
...Жер бетіндегі 6 миллиардтан астам адамның қазір 300-ден астамы ғана ғарышкер атанған екен. Көк туымызда бейнеленген күн астында самғаған қырандай болып көк аспанда қалықтаған қазақтың үш қыранының есімі тарихта алтын әріппен жазылды.
Қазіргі таңда Алаш арманын асқақтатқан үш батырдың ізбасарлары да өсіп келеді. Сондай жастардың бірі, Сексеуіл кентінің тумасы, жас маман Нұрғиса Жарқынбаевты әңгімеге тартқан едік:
‒ Мен де ғарышкер ағаларым тәрізді тәуелсіз Қазақстанның авиация саласында қызмет етуді армандадым. Сөйтіп, мектеп бітірер тұста авиация саласын таңдадым. Мақсат жолында 2012 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. Бұл білім ордасын тәмамдаған соң, "Казаэронавигация" бойынша білім жетілдіру курсынан өттім. Қазір Ақтөбе қаласындағы «Қазаэронавигация» РМК-да әуе кеңістігінде әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету саласында еңбек етіп келемін. Біздің кәсіпорынның мақсаты – ҚР әуе кеңістігін пайдаланушылардың аэронавигациялық ақпаратқа деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету және авиациялық персоналды даярлауға, медициналық қамтамасыз етуге деген азаматтық авиация саласының қажеттіліктерін қанағаттандыру.
Азаматтық авиация академиясы ‒ Қазақстандағы әуе саласын оқытатын бір ғана оқу орны. Оқу процесі аясында әуе компанияларында тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу үшін еуропалық және бүкіләлемдік ережелерге сәйкес маман арнайы сынақ емтиханынан өтеді. Сонымен қатар авиацияда жұмыстың бәрі орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Сондықтан қызметкерлер үшін тіл білу де өте маңызды.
Ең алдымен, авиацияға бүкіл ғылым салалары керек екені мені таңғалдырды. Әсіресе, биология, химия, физика пәндерін білу аса қажет. Сондықтан аталған саланы меңгеру үшін білімің жетік болуы тиіс. Әуе жолында кәдімгі көлік жүретін көшелер тәрізді ұшақтың да өзіндік жолы болады...
Қызмет бабында «Егер әуеде тосын жағдай туындаса, мен не істеймін?» деген сұрақтың шешімін біліп тұруымыз керек. Авиация саласының беймәлім тұстары, ішкі қызмет жүйесі құпия түрде болу керектігін назарда ұстаймыз. Бұл сала жауапкершілікпен қатар жоғары білімді талап етеді. Жалпы, әуе жолында қызмет етуді армандаған әрбір жас білімпаз, әуесқой, таңдауына сенімді болуы қажет, – деді ол.
Елімізде ғарыш саласының орны айрықша. Әсіресе Сыр өңірі халқы үшін. Өйткені адамзатты аспан әлемімен байланыстыратын алғашқы қадам біздің өңірден – Байқоңырдан бастау алғаны белгілі. Осыдан 60 жыл бұрын Жер мен Аспан әлемін байланыстырған ізді жүріп өтуді армандамай өскен бала жоқ шығар. Әрине олардың бәрі бірдей ұшқыш болып кеткен жоқ. Десе де ғылым мен техникада жаңалықтар ашылғаны жасырын емес. Осындай жаңалыққа құштар жастарымыздың аға буынның жолын жалғастыруға деген талпынысы, ынтасы көңіл қуантады, болашаққа сенім ұялатады.
К. МАХСҰТ