Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғарышкерлер – ел мақтанышы

Ғарышкерлер – ел мақтанышы

Дәл осы күні қазақ жерінен ғарышқа тұңғыш рет адам ұшырылғанына биыл – 62 жыл. Бұл күн ел жадында сақталары сөзсіз. Бұл атаулы күн адамзат баласы алғаш рет Жер орбитасын айналып өтіп, ғарышқа сапар шеккен болатын. Аталған күн – тек ғарышкерлер күні ғана емес, сонымен қатар ғылым қызметкерлері күні. Себебі ғылымның да жаңа деңгейге көтерілген күні 1961 жылдың 12 сәуірі еді.
Адамның ғарышқа алғаш ұшқан күні 12 сәуір бұрынғы Кеңес Одағында 1962 жылдан бастап «Ғарышкерлер» күні ретінде аталып өтетін. БҰҰ Бас ассамблеясының 2011 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына сәйкес 12 сәуір адамның ғарышқа ұшу күні Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні ретінде ресми түрде бекітілді.
Кеңес Одағының аға лейтенанты Юрий Гагарин 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш рет ғарышқа жол салған болатын. 108 минутқа созылған ғарыш сапары күллі әлемге әйгілі болды. Ал қазақтан тұңғыш ғарышқа отандасымыз, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 қазанында ұшқан еді. Ол өзінің ғарышқа сапарын «СоюзТМ-13» кемесі арқылы іске асырды. Ғарышкер аспан кеңістігінде жүріп, өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауқымды жұмыстар атқарды. Өлшеусіз еңбектері де елеусіз қалмай, тіпті әуе кеңістігіндегі ерлігі үшін Гиннесс рекордтар кітабына да енген қазақ ғарышкері Қазақстанның «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағымен және «Отан» орденімен «Кеңес одағының Батыры» атағымен, «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталған.
Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев аспан кеңістігіне үш рет ұшты. Алғаш ғарышқа 1994 жылы «Союз ТМ-19», екінші рет 1998 жылы «Союз ТМ-27» кемесімен ұшты. Ғарышкер кеме бортынан ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осылайша Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшып, ерен ерлік көрсетті. Талғат Мұсабаевтың жер планетасы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі бағаланып, ол сансыз марапатқа да ие болған.
2015 жылы 2 қыркүйекте үшінші ретқазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа Байқоңыр ғарыш айлағынан«Союз ТМА-16М» кемесімен сапар шекті. Айдын Айымбетов ғарышта ондаған ғылыми эксперимент жүргізді. Оның ішінде қазақтың ұлттық тағамдарын салмақсыз кеңістікте дегустациялау болды. Оған қоса ол Жер бетінің мониторингі және экологиялық апаттарды зерттеу бойынша эксперименттерді жүзеге асырды. Айдын Айымбетовтің ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағымен, «Алтын Жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісімен, «Отан» орденімен марапатталған болатын.
Сонау жылдардан бері «Байқоңыр» ғарыш айлағынан түрлі аппарат аспан кеңістігіне жіберілді. Адамзат игілігі үшін пайдасы тиетін талай ғылыми жаңалықтар ашылды. Әлемде 180-нен астам мемлекет болса, солардың қатарында ғарышқа өз перзентін ұшырған елдер саусақпен санарлықтай. Әлемде өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар. Соның ішінде қазақ ұлтының, қазақ мемлекетінің бәсі әрдайым жоғары.
К. МАХСҰТ 
11 сәуір 2023 ж. 1 712 0