Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіршілікті түлететін тамшылар

Тіршілікті түлететін тамшылар

«Сәуір болмай, тәуір болмас» дейді дана халқымыз. Бұл тәмсілдің астарында табиғаттың оянуы ғана емес, көктен түсетін ерекше несібе – сәуірдің сіркіреп жауған жаңбыры жатыр. Сәуір айында жер ана бусанып, бүршік жарған шақта аспаннан сауғалаған әрбір тамшыны бабаларымыз «нұр» деп қабылдаған. Бұл жаңбырдың қасиеті мен киесі туралы түсінік халқымыздың нанымында да, діни жоралғыларда да терең орын алған.
Қазақ ұғымында сәуірдің жаңбыры – берекенің бастауы. Көшпенді жұрт осы айдағы жауынға қарап, келер жылдың ырысын болжаған. «Сәуір жауынды болса, сауынды болады» деген сөз тегін айтылмаған. Жерге түскен әрбір тамшы шөптің шүйгін, малдың тоқ, ақтың мол болуының кепілі саналған. Сонымен қатар, халық арасында сәуірдің алғашқы жаңбырына бетті жуу, бойды сергіту – адамның жолын ашады, ісін алға бастырады деген бекем сенім бар. Бұл тек ырым емес, табиғатпен үндескен жанның рухани тазаруы іспеттес.
Ислам дүниетанымында да жаңбыр – ерекше мәнге ие. Ол – Жаратқанның рақымы, жер бетіндегі тіршілікті сақтап тұрған ұлы нығмет. Діни деректерде жауын жауған сәтте дұға тілегеннің қабыл болатыны айтылып, бұл уақыттың қасиеттілігі ерекше атап өтіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы жауған жаңбырды денесіне тигізіп, оны «Раббымнан келген жаңа нығмет» деп қабылдауы – табиғат пен адам арасындағы байланыстың тереңдігін аңғартады.
Сонымен қатар «Сәуір жаңбырында суланған киім шірімейді, шаштар төгілмейді, әсіресе оқылған сәуір жаңбыры Алланың рұқсатымен қояншық ауруына шипа болады, психологиялық ауруларға дауа, тән ауруларына қарсы көп пайдалы» деген бар. «Тіпті баласы болмай жүргендер ішсе, Алланың рұқсатымен балалы болады» деп айтылған. Хз. Әбус Суғуд (р.һ.) былай дейді: «Бұл суды ішкен кісінің барлық ауруларына пайдасы бар».
Мұны ғылыми тұрғыдан алсақ та, көктемгі ауаның тазалығы мен атмосферадағы озонның жаңбыр суымен қосылып, жер бетіне түсуі адам ағзасына жағымды әсер ететіні даусыз.
Әрине, бүгінгі рационалды заманда мұны біреулер аңыз, біреулер жай ғана табиғи құбылыс деп санауы мүмкін. Алайда, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық тәжірибе мен рухани сенімнің өтірік болуы мүмкін емес. Сәуір жаңбырының шипалығы – оның тазалығында, жаңару энергиясында және адамның сол жаңбыр арқылы жақсылықтан үміт үзбеуінде.
Дегенмен, бұл сенімдерге сенбеу – өткенді жоққа шығару емес. Әрбір ырымның түбінде белгілі бір өмірлік тәжірибе, табиғатпен үндестік жатыр. Қазақ жаңбырды қадірлеген, оны күткен, оны береке санаған. Себебі ол үшін жаңбыр – тіршіліктің көзі, еңбектің нәтижесі, малдың азығы, адамзаттың ырысы еді.
Бүгінгі қоғамда біз сол табиғи қарапайымдылықтан алыстап бара жатқандаймыз. Жаңбыр жауса, қолшатыр іздейміз, лайдан қашамыз, ал оның астарындағы мәнге үңілуді ұмытып барамыз. Сәуірдің жаңбыры бізге тек табиғаттың емес, өмірдің де заңдылығын еске салады: жаңару үшін алдымен жан да, табиғат та түлеуі керек. Сондықтан «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөз тағдырдың да формуласы.
Түйіндей айтсақ, сәуірде жауған жаңбыр – жердің де, жанның да емі. Ол – тамыздағы тоқшылықтың алғышарты. Ал сәуірдің жылы жаңбырының астында қалып, «нұр жауды» деп қуану – ата-бабамыздан қалған асыл мұра, табиғатпен етене жақындықтың белгісі.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
21 сәуір 2026 ж. 58 0