Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Футболдан еске алу турнирі өтті

Футболдан еске алу турнирі өтті

«Әке білек, саусағы балалары. Қан тамырмен жалғасқан аралары» — демекші, отбасының ақылшысы, тірегі, ұрпақтарының мақтанышы болған білім саласының ардақты қызметкері, аудандық білім бөлімінде ұзақ жылдар бойы бас есепші қызметін абыроймен атқарып, кәсібилігімен қатар адамгершілікті ту еткен әріптесіміз, марқұм Тәжімбетов Рүстембек Жұпанұлын еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнир өтті.     
Тағылымы мол шара Арал ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен, марқұмның отбасы мен жақындарының қолдауымен жүзеге асты. Доп додасына аудан мектептерінен 25 команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс алаңында тек шеберлік пен ептілік қана емес, ынтымақ пен ұйымшылдықтың да айқын көрінісі байқалды. Бұл турнир — тек бәсеке емес, саналы ғұмырын салаға арнаған азаматтың жарқын бейнесін ұлықтауға бағытталған игі бастама болды.
    Ала доп бәсекесінің ашылуында Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова және марқұмның жанұясы мен жақындары сөз сөйлеп, Рүстембек Жұпанұлының өнегелі өмір жолы мен әріптестері арасындағы сыйлы орнын ерекше ілтипатпен атап өтті. Оның еңбекқорлығы мен адалдығы кейінгі буынға үлгі екені айтылды.
   Үш күнге жалғасқан жарыс қорытындысы бойынша №220 орта мектептің командасы үздік ойын көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің командасы жүлделі екінші орынды иеленсе, №66 орта мектептің аяқ доп шеберлері үздік үштікті түйіндеді.
    Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Арал ауданы бойынша білім бөлімі, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы және марқұмның жақындарының демеушілігімен арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жарыс барысында дараланған үздік ойыншылар да арнайы аталымдар бойынша марапат мінберінен көрінді.
Мәні терең, мазмұны тағылымды бұл турнир — Рүстембек Жұпанұлының есімін ұлықтап қана қоймай, әріптестік бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға серпін берген маңызды шара ретінде есте қалды.
         Бұл турнир – тек жарыс емес, Рүстембек ағамыздың жарқын бейнесін, адамгершілік қасиеттерін ұлықтаудың белгісі. Іс пен сөзге адал, еңбегімен танылған азамат ел-жұртының жүрегінде мәңгі сақталады.
К. ЗДЕНОВА
          
24 сәуір 2026 ж. 35 0