Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дертке шипа сепкендер

Дертке шипа сепкендер

Халқымыз «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің «екінші ұстазы» Әл- Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. «Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс» деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Шынымен де «адам жанының арашасы» болу кез келген адамның қолынан келе бермесі анық.
Осы орайда тарихы тереңнен бастау алатын Қызылжар ауылдық ауруханасы – ауыл тұрғындарының еміне шипа болып, кезінде балықшы ауылдың алғысына бөленген болатын.
Ауыл шетіндегі ақ кірпішпен қапталған ауласы кең үлкен үй жанынан өткен сайын көзімізге ыстық көрінеді. Бұл – кезінде «шықпас жанға себепші» болып, адамдарға өмір сыйлаған Қызылжар ауылдық ауруханасы. Өткен күніміз бүгінге тарих десек, осынау еңселі үйдің де халыққа қызмет еткен алғашқы күнінде қырық алты жылдай болыпты. Демек, сол аурухананың әйелдер босанатын бөлімінде дүниеге келген алғашқы сәбилер де ес тоқтататын есті жасқа келген екен. Бұл, әрине, аз уақыт емес.
Сонау жетпісінші жылдың соңғы жылында қолға алынған аурухананың құрылысын қаратереңдік Жұмахан Омаров бастаған құрыш қолды құрылысшылар істеген болатын. Бұл кісі әйгілі қызыл тілдің шебері Бауыржан Омаровтың әкесі. Бүгіндері қолынан қаламы түспейтін ғалым-журналист Бауыржан Омаровтың өзі де осы құрылысқа қолтаңбасын қалдырған. Ауылдың сол кездегі жастары О.Юсупов, А.Бисенбаева, Н.Пірзадаев, Н.Жамаловтарда аурухананың тез бітуіне өз үлестерін қосқан. Колхоз төрағасы Берекет Омаров құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етіп, үнемі басшылыққа аалып отырды. Соның арқасында үлкен еңбекпен салынған аурухана 1980 жылы ашылды. Бұрыннан тәжірибелері бар аурухананың алғашқы медицина қызметкерлері халық көңілінен шыға біледі. Сол себептен де шығар ана шеті Жаңақұрылыс, Шөмішкөл, Ақшатау болса, дарияның арғы бетіндегі Қосжар, Райым, Ескіұра елді мекендерінен жанына шипа іздеген тұрғындар 25 орындық аурухананың орын санын толтырып тұрды
Аурухананың бас дәрігері Мамай Өтемісов, акушерке Сара Бекмағанбетова, аға аяжан Торша Сағатова, аяжан З.Таңатова, О.Әбілдаева, фельдшер Жақсыбай Әбдікеров, аспазшы Н.Сейтенов, шаруашылық меңгерушісі Б.Сүлейменов, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Ш.Ансатов, тазалықшылар Ұ.Ысқақова, А.Арғынбаева, Ж.Едігеевтер емделушілерді жылы шыраймен қарсы алып, қалтқысыз қызмет ете білді.
Сексен екіде ауруханаға бас дәрігер болып Ералы Маханов келді. Тазалықты жаны сүйетін ол кісі өзінің мәдениетті жүріс-тұрысымен-ақ ауылға үлгі бола білді. Ералы ағамыздың тағы бір ерекшелігі қандай жедел шақыртулар болсын уақытпен санаспай шай-тамағын тастап жүре беретін. Дәрігердің халыққа қалай қызмет ететінін қарамағындағыларға іспен көрсете білді. Сол күндерді еске алған аурухана ардагерлері Ералы Махановтың қызметін жоғары бағалайды екен. Өйткені оның қағазға ұқыптылығы аудан дәрігерлерін де таңқалдырыпты. Аурухана ауласын жасыл желекке бөлеп, ішкі-сыртқы көркемдік жұмыстарынада аса мән беріп, әдемі айшықтағанын көзімізде көрген. Ауруханаға бас дәрігерден басқа жоғарғы білімді Сәбит, Мақсұт, Бақытгүл Кемалашова, Д.Ізбасханов сияқты дәрігерлер де келіп, қызмет жасады. Сонымен бірге Г.Ібірашова, М.Әбдікова, Ж.Жаймағанбетова, Р,Есенова, Қ.Сердалиева, Л.Сүлейменова, Г.Әбдікерова, Ж.Әбдікеров сияқты кіші медицина қызметкерлері келіп, аурухана штатын толықтырды.
Көпшілік көңілінен шыққан осынау тарихи орын барлық ауылдық ауруханалар сияқты жабылып, емханаға айналды. Жаңа талапқа сай түтінін сөндірмеген емхана тәжірибелі медицицна қызметкерлерінің арқасында халық игілігіне жарай білді.
Халықтың өмір сапасын арттыру жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі – қолжетімді әрі сапалы медициналық қызметекені баршамызға аян. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар бүгінде нақты нәтиже берді. Үкіметтің «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы Бөген және Қызылжар ауылдарында заманауи талаптарға сай дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.
Типтік жобада салынған Қызылжардағы емханаға 400 миллионға жуық қаржы жұмсалған. Халық қуанышына бөленген бұл емханалардың ашылу салтанатына облыс әкімі Н.Нәлібаевтің өзі келіп қатысуы ауыл тұрғындарының ризашылығын білдіргендей.
Қазір мұнда емхана меңгерушісі Ақжол Дөңесовтің басшылығымен 13 медициналық, 7 техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Сонымен бірге амбулаторияға көрші Шөмішкөл, Райым, Ескіұра елді мекендеріндегі медициналық пункттер қарайды. Бұл жерлерде 3 медициналық, 6 техникалық қызметкер халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетуде.
Жаңа үлгідегі емханада егу, балалр бөлмесі, сараптама, күндізгі егу бөлмелері, 7 орындық күндізгі бөлім палаталары орналасқан.
Сонымен бірге компрессорный ингалятор, аспиратор, автоматтандырылған гематологиялық анализатор, биохимиялық анализатор, ЭКГ аппараттары, жасанды өкпе вентиляторы, акушерлік кабинеттер компьютерлермен жабдықталған.
Ауыл тұрғындарына жасалған мұндай қамқорлықтардың өзі халық денсаулығына мол септігін тигізуде. Мемлекеттен жасалып жатқан мұндай қолдаулар ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартып, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуге бағытталған бастамалардың нақты жемісі.
Жақсыбай МУСАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі 
29 сәуір 2026 ж. 48 0